Мен үшін Қостанай жеріне алғаш аяқ басу – ерекше әсерге толы сәт болды. Қостанай қасиетті мекен, жақсы мен жайсаңдардың ізі қалған, тарих пен тағылымға бай өңір.
Осыдан жүз жыл бұрын айтылған «Әрбір шөкім жүн шапан болсын, шөкім темір түйме болып қадалсын» деген сөздер бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Қазіргі заманда біз өткенмен ғана өмір сүрмей, технологиялық дамуға белсенді түрде үлес қосуымыз қажет. Осыдан он шақты жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық идея кілті болды. Содан қазақ елі рухани жаңғырып кетті ме?! Содан не есте қалды?
Бүгінде жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Оның негізі – білім мен ілім. Алайда көпшілігіміз шетелдік жүйелерді қолданғанымызбен, отандық жасанды интеллектіні дамытуға жеткілікті көңіл бөлмей отырмыз. Мұның бір себебі – насихаттың аздығы мен зиялы қауымның белсенділігінің төмендігі. Егер өзіміз мұқият түрде ден қойып, қазақ тілін ғылым тілінде дамытуды қолға алсақ, жасанды интеллектті қазақша жасасақ, өзге тілдің бәрі қалады. GhatGPT-дің деңгейі 6-сыныптыкіндей ғана. Ал KazLLM еңбектеп жүрген баланың деңгейіне жеткен жоқ. Мені ойландыратын мәселе осы. Мұны жөндесек, қалғаны өз орнына келеді.
Шын мәнінде, ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, өзіміздің жасанды интеллект жүйесін қалыптастыру – уақыт талабы. Ол үшін ауқымды тілдік база қажет. GhatGPT – АҚШ жасап берген ағылшын тіліндегі жасанды интеллекті. Біз қазір тегіннен-тегін соны байытып жатырмыз. Оның орнына қазақ тілін байыту керек. Өйткені бізде деректер базасы жоқ. Оған бүкіл халық атсалысуы қажет. Ең қиын нәрсе – деректер базасын жасау. Оны жасайтын бағдарламаның ең нашар түріне, яғни, компьютердің «миына» 8 млрд сөзді енгізу керек. Бұл жерде басты істету қажет, екіншіден, жауапкершілікпен қарау абзал. Бұл – тек технология емес, адам еңбегінің жемісі. Себебі компьютерде өздігінен ақыл болмайды, оны қалыптастыратын – адам.
Сондықтан алдымен ортақ бағыт пен нақты ережелерді айқындап, зиялы қауым өкілдері бірігуі қажет. Бүгінде жастардың басым бөлігі түрлі цифрлық платформаларды қолдануда. Ендеше, сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қазақ тілін жаңа технологияларға бейімдеу – басты міндеттердің бірі.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, мысалы, Қытай иероглифтер санын жүйелеп, оңтайландыру арқылы тілін технологияға икемдеді. Бізге де осындай нақты қадамдар қажет. Меніңше, ұлттық идея дегеніміз жасанды интеллект. Кім жасанды интеллектті енгізіп, өз тіліне қарай бейімдейді күні ертең сол ұтады.
Қостанай өңірі даму үстінде. Өңірдегі индустриалдық аймақтың жұмыс істеп тұрғаны да, бүгінгі өтіп жатқан іс-шара да соның айқын дәлелі. Ендігі кезекте жастарға айтарым, білімге, кітап оқуға, өзін-өзі дамытуға деген ынтасын арттыру маңызды. Себебі болашақ – жаңашыл, ізденімпаз ұрпақтың қолында.
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, ғалым-математик, академик
