Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтілетін Отбасы күніне орай Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы мен Қосымша білім беру орталығының бірлесуімен «Жарасымды жұп – тәрбиелі ұрпақ» атты тағылымды сырласу алаңы ұйымдастырылды.
Кештің қадірлі қонағы – отбасылық құндылықтарды қастерлеп, өнегелі өмір жолымен көпке үлгі болып жүрген, «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің бас жүлде иегері Биекиндер отбасы болды.
Шынайы сұхбатқа құрылған кездесуде Биекиндер отбасы берік шаңырақтың негізі, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен түсіністік туралы өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Жастарға отбасының қадірін бағалау, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу жөнінде тағылымды ақыл-кеңестерін жеткізді.
Кештің көркін ата-ананың қадірін арқау еткен жүрекжарды жырлар мен домбыраның қоңыр үніне үндескен әуезді әндер аша түсті.
«Тәрбиелі ұрпақтың бастауы – жарасымды отбасы, ал берік отбасының негізі – сыйластық пен сүйіспеншілік. Бүгінгі сырласу алаңымызда соның бәрі айқын бір үйлесімділігін тапты. Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі. Шаңырағы берік, бірлігі бекем отбасылар көбейген сайын елдің де іргесі нығая бермек»,-дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметов.
Тағылым мен тәрбиені тоғыстырған кездесу отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған тренингпен қорытындыланды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
