Былтыр ғана аудан орталығында 46 пәтер салынған. Биыл Обаған, Большой Чураков және Силантьев ауылдарын қоса есептегенде 32 үй немесе 64 пәтер бой көтеріп жатыр.
Мәселен, бүгінде Обаған ауылында сегіз үйдің іргесі қаланып бітті. Олар осы айдың аяғында толық аяқталмақ. Бұйырса, бұл баспаналарда әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын тұрғындар қоныс тойын тойлайды.
«Жаңа тұрғын үйлер өз қаржымызға салынып жатыр. Ауылда тыңнан бір көшені түзген баспаналар жоғары сапалы. Болашақ тұрғындарына әрленген түрінде табыс етіледі. Айталық, тұсқағаз, соңғы үлгідегі ішкі төбе, ламинат – бәрі-бәрі бар. Нысандар кыркүйек айынан кешікпей қолданысқа дайын болады», – деп уәде етті «Ибрайгалиев С.» ЖК басшысы Сапар Оңдасынұлы.
Аудан әкімі Арнұр Сартов та үйлер сапасы жөнінен ешқандай мәселе жоғын алға тартты. Себебі осы ауылда былтыр дәл осындай төрт үй салынған. Тұрғындар жаңа қоныстарының жылуы мен жайлылығына тәнті болып отырған көрінеді. Баспаналардың жай-күйімен танысқан облыс басшысы осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беруді тапсырды.
«Екі жыл ішінде аудан аумағында жүз үйдің салынуы тамаша көрсеткіш. Көп жыл баспана құрылысы қозғалмай қалғаны бәрімізге мәлім ғой. Үлкен бағдарлама аясындағы үлгілі бастама. Тұрғындарды, оның ішінде жұмыс күшін ауылда қалдыру үшін әуелі тұрғын үй мәселесі шешілуге тиіс. Сондықтан келесі жылы тағы да біраз үй салуға тырысыңдар. Қаражат болады», – деді Құмар Ақсақалов.
Бұл ауылда газ, су бар, жылу тартылған. Баспана мәселесі шешімін таба бастады. Өңір басшысы жүктеп отырған ендігі міндет – жұмыс орындарын көбірек ашу. Әсіресе, АӨК саласында соны жобалар көбейе түсуге тиіс. Бұл – еңбекқор азаматтардың ауылдан нәсіп теріп, кәсіп жүргізуіне мүмкіндік.
«Мемлекет үлкен бағдарламалар бекітті. Мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге жол ашық. Алты пайызбен несие ала алады. Бұрын өз қалтаңыздан он пайыз төлеу міндет болатын. Қазір оны да алып тастады. 15% кепіл мүлкіңді көрсетіп, қажет ақшаңды ал да ісіңді баста. Қалғанын үкімет жауып тастайды. Ферма салам деген адамға да 2,5 пайызбен несие береді. Алғашқы екі жылы бос. Мұндай қолайлы жағдай қай мемлекетте бар? Сондықтан үйлер ауылда тұрамын, ата кәсіппен айналысамын деген жастар үшін де салынып жатқанын айта кетейік», – деді облыс әкімі.
Қазір ауданда тұрғын үй кезегінде 260 адам тұр. Олардың жүзден астамы халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына жататын тұрғындар. Кейінгі үш жылда алтынсариндіктер үшін 38 әлеуметтік пәтер сатып әперілген. Ал биыл жалпы облыста 1218 пәтер сатып алынып, үй кезегін күткен тұрмысы төмен отбасыларға берілмек. Бұл мақсатқа 24 млрд теңге бөлініп отыр.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
