«Жайлау» кешенінің жаңа тынысы

«Жайлау» кешенінің жаңа тынысы

Алтынсарин ауданы көрікті демалыс орындарымен көпке танымал. Солардың бірі – самырсынды сыңсыған орман ортасынан орын тепкен «Жайлау» сауықтыру-ойын-сауық кешені. Ол алыс-жақыннан жанына сая, деніне шипа іздеп келген қонақтарына он тоғыз жыл қалтқысыз қызмет етіп келеді. Санаторий уақыт талабына сай жетіліп, жаңғырып отырудан жаңылып көрген емес. Биыл да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында инфрақұрылымы жаңарып, демалушыларға жасалатын жағдай әлде де жайлы бола түскен. Ол үшін меншік иесі өз қаражатын жұмсапты. Құйылған инвестиция көлемі – 156 млн теңге.

            «Санаторийде №1 корпустың кіреберіс тобына қатардағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ спорт залы жаңартылып, жаңа тренажерлер сатып алынды. №1 екі қабатты корпус жаңғыртудан өтіп, 1 және 2-қабаттардағы бөлмелер айнадай жарқырады. Жаңа есіктер орнатылып, жиһаздар, техника және сантехника ауыстырылды», – дейді нысан басшысы Нұрлан Бултаев.

blankblankblankblankblankblankОның айтуынша, бұл нысан клиент қабылдарда «Aleumet» порталы арқылы жұмыс істейді. Онда тіркеуде тұрған мүмкіндігі шектеулі жандар жолдама алып, белгілі бір дата бекіген соң 14 күннен келіп демалады. Адам басына – 316 мың теңге. Бірақ, бір кемшіні,  «Жайлаудың» клиентке толып, үзіліссіз жұмыс істейтін мерзімі – көктем-күз айлары аралығы. Қыста жүгінетіндер некен-саяқ. Көбі жаз мезгілін таңдайды. Осы тұрғыда өңір басшысы мен кешен директоры арасында диалог өрбіді.blank

– Мысалы, қасыңыздағы «Сосновый бор» санаторийі қысы-жазы адамға толы болады. Оны өзім ара-тұра қарап отырамын. Сіздердің де солай жұмыс істеулеріңізге не кедергі, не керек? – деген сұрақ қойды облыс әкімі.

            – Арнаулы менеджерлеріміз облыс көлемінде жатпай-тұрмай жарнама ісімен айналысып келеді. Көрсетілетін қызмет, ерекшелік, артықшылық насихатталады дегендей… Ал шынында банкрот алдында қалған ғимаратты жандандыруға кіріскенімізге екі жылдың жүзі ғана. Алғашқы жыл күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Клиент қатары біртіндеп бұрынғыдан көбейіп келеді…

            – Бес ай жұмыс істеп, қыс бойы бос тұру үлкен шығын ғой, солай емес пе? База бар, орналасқан жері, табиғаты қандай тамаша. Мұндай орындарға адамдар міндетті түрде келуге тиісті. Жыл бойы жұмыс істеуге не керек деп жатқаным сол. Бәлкім, қандай да көмек қажет шығар? Есеп-жоспар құрып алып, мемлекеттен не жәрдем керек екенін айтыңыздар – қарастырайық.

            – Келушілер көбейсін деп жеңілдік те қарастырып жатырмыз. Қазан айынан наурызға дейін жолдаманың жарты құнына дейін арзандаймыз. Оның да ықпалы болары сөзсіз. Басқа да тетіктерді есепке аламыз, – деп жауап берді бұған кешен басшысы.

blankАл негізі облыс әкімінің әр деңгейлі жөндеу жұмыстарының нәтижесіне, құрылғы-жабдық тұрғысындағы қамтылымына көңілі толды.

«Мемлекет басшысы жайлы ортаны қалыптастыруға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың сапалы демалысын қамтамасыз етуге үнемі назар аударып келеді. «Таза Қазақстан» – тек шашылғанды жинау және тазалықты сақтау ғана емес. Бұл, ең алдымен, аумақтарды абаттандыру және адамдардың жүріс-тұрыс, демалысына қолайлы жағдай жасаудан басталады. Бұған жақсы мысалды осы жерде атқарылған жұмыстан көріп отырмыз», – деді Құмар Іргебайұлы.

blankblankblank

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ