Батыр атындағы ауданда салынып жатқан жабық хоккей кортының құрылысы аяқталу шегінде. Қазір құрылыс жұмыстарының көбі бітіп, азы қалған.
«Құрастырмалы метал жабыны толықтай еңсе көтеріп, қазіргі таңда қалған азын – аулақ ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс 90% аяқталды», — дейді аудандық Құрылыс және қала құрылысы басшысының міндетін атқарушы Айбек Қайырбеков.
Жалпы, нысанның салынуына 2024 жылы қам жасалған. Құрылысқа тапсырыс беруші Амангелді аудандық құрылыс және қала құрылысы бөлімі. Жобалаушы – «Виктория – 2007» ЖШС. Мердігері – «ЭксклюзивСтрой» ЖШС. Екі серіктестік те Лисаков қаласынан. Ал техникалық бақылаушы міндетін қызылордалық «KZ Құрылыс Сапа» ЖШС атқарады.
2024 жылы келісімшарттар жасалып, 2025 жылы құрылыс жұмыстары басталған. Екі жылдық жоба 2026 жылы жалғасын тауып, енді міне мәресіне жеткелі тұр.
Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгеге жақын.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
