Киіз үйдің ішінде Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына саяхат жасауға болады. Ол үшін музейге барудың да қажеті жоқ.
Қостанайлық Жұлдызай Есбергенова ұлт ұстазының мұрасын цифрлық форматқа көшіріп, қазақтың дәстүрлі баспанасы үлгісінде виртуалды көрме әзірледі.
Жобаның ерекшелігі – ұлттық нақыш пен заманауи технологияның үйлесім табуында.
Көрмені ашқан адам алдымен киіз үй бейнесіндегі виртуалды кеңістікке енеді. Мұнда арнайы батырмалар арқылы қажетті бөлімді таңдап, Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы, ағартушылық қызметі мен әдеби мұрасы туралы ақпарат алуға болады. Суреттерді тамашалап, түрлі материалдармен танысуға да мүмкіндік бар. Ең бастысы, көрмені кез келген уақытта ашып, өз бетінше зерделеуге болады.
Бұл бастаманың авторы Жұлдызай Бахытбекқызы екі саланы қатар алып жүр. Ол мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Сонымен бірге «Алау» телеарнасында тележүргізуші әрі диктор қызметін атқарады. Білім беру мен журналистикадағы тәжірибесі оны ақпаратты көпшілікке түсінікті әрі қызықты жеткізудің жаңа жолдарын іздеуге жетелеген.
Виртуалды көрме жасау идеясы да осы ізденістен туған. Автор тарихи тұлғалардың өмірі мен еңбегін жас ұрпаққа таныстыруда цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды жөн көрген.
«Жобаны әзірлеу барысында білім беру саласында қолдануға болатын жаңа әрі тиімді форматтарды қарастырдым. Қазіргі таңда виртуалды көрмелер ақпарат ұсынудың қызықты әрі қолжетімді тәсілдерінің бірі деп ойлаймын. Сол кезде «Неге Қостанай өңірінің ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын осындай заманауи форматта ұсынбасқа?» деген ой келді. Көрменің ерекшелігі – арнайы батырмаларды басу арқылы қажетті бөлімге өтіп, ақпарат оқуға, суреттер көруге және материалдармен танысуға болады. Оны кез келген уақытта ашып, өзіне қажетті мәліметті өз бетінше зерделеуге мүмкіндік бар. Ал киіз үй үлгісін таңдау арқылы ұлттық құндылықтарымызды да дәріптегім келді», — деді Жұлдызай Бахытбекқызы.
Жоба мазмұны бірнеше бағытты қамтиды. Онда ағартушының өмірбаяны, ұстаздық қызметі, ел болашағы үшін атқарған еңбегі мен әдеби мұрасы топтастырылған. Бұл ақпараттар әсіресе оқушылар үшін пайдалы. Себебі Ыбырай Алтынсариннің білімге, еңбекке, адамгершілікке үндейтін шығармаларын жаңа форматта танып-білуге жол ашады.
Көрмені сабақ барысында қосымша көрнекі құрал ретінде де пайдалануға болады. Мұғалім тақырыпты түсіндіру кезінде виртуалды кеңістікті ашып, оқушыларға қажетті материалдарды көрсете алады. Ал оқушылар өз кезегінде қызықтырған бөлімдерін таңдап, ақпаратпен жеке танысады.
Жұлдызайдың айтуынша, жобадағы басты мақсат – тарихи мұраны тек өткеннің еншісінде қалдырмай, оны бүгінгі ұрпаққа түсінікті тілде жеткізу. Бұл ретте цифрлық технология құрал ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың жаңа мүмкіндігіне айналып отыр.
Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Бір кездері қазақ даласында білім шырағын жаққан ағартушының мұрасын енді цифрлық кеңістік арқылы тануға болады. Ал киіз үй бейнесіндегі виртуалды көрме – дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастырған осындай ізденістердің бірі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
