Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатының толық мәтіні жарияланды Фото: xnews.kz

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатының толық мәтіні жарияланды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Синьхуа агенттігіне эксклюзивті жазбаша сұхбат берді.

Төменде сұхбаттың толық мәтіні ұсынылады:

Сұрақ: Құрметті Президент мырза! Соңғы екі жылда Сіздің және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық басшылығымен Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік одан әрі тереңдеп, жаңа мазмұнмен толығуда. Екіжақты қатынастардың қазіргі даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

Жауап: Қытай Қазақстан үшін әрдайым аса достас мемлекет болды және солай болып қала береді. Бізді ортақ ұзақ шекара және ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік тарихы байланыстырады.

Тарихтың өзі Қазақстан мен Қытайдың бірге болып, бір-біріне қолдау көрсетіп, халықтарымыздың жарқын болашағын бірлесіп құруын айқындады. Қазақтың белгілі «Жолы бірдің – жүгі бір» деген мақалы бар.

Біз Қытаймен достық қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Дәл осындай екі ел арасындағы өзара байланыс халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне жауап береді әрі Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды факторы болып табылады.

Қазақ-қытай қатынастары қазіргі уақытта бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді деп сеніммен айтуға болады. Бұл, әрине, қуантады.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге Қазақстанға деген ізгі ниеті және елімнің ықпалды еуразиялық держава ретіндегі рөлін түсінетіні үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің тұрақты саяси диалогымыз қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің негізгі өзегіне айналды.

Біздің кездесулеріміз әрдайым ашық әрі сенімді жағдайда өтеді. Біз екіжақты күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді жан-жақты талқылап, өңірлік және жаһандық дамудың өзекті проблемалары бойынша ұстанымдарымызды салыстырып отырамыз.

Стратегиялық серіктестіктің мұндай сипаты жай ғана дипломатиялық формуладан әлдеқайда ауқымды. Бұл, шын мәнінде, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, саяси диалогты тереңдетуді, халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды күшейтуді, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуді қамтитын кең ауқымды тату көршілікті нығайту жөніндегі қажырлы жұмыс.

Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипатқа ие болғанын қанағаттанушылықпен атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі салаларды қамтыды.

Екіжақты сауданың жаңа рекордтар орнатып келе жатқаны да маңызды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 50 миллиард долларға жуықтап, 11 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында тауар айналымы 27,2 миллиард долларға жетіп, шамамен төрттен бірге өсті. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.

Тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді. Біз үшін сауда көлемінің сандық тұрғыдан өсуі ғана емес, экономикалық ынтымақтастықтың құрылымын өзгерту де маңызды.

Әлемдік даму жағдайында біртіндеп негізінен шикізаттық модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға көшу қажет. Яғни ірі бірлескен өндірістер құру, терең өңдеуді дамыту, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды ұлғайту, озық технологиялар трансферін жүзеге асыру маңызды.

Мен мұны одан әрі ынтымақтастығымыздың елеулі әлеуеті деп білемін. Қытайлық достарымыз бен серіктестеріміздің де біздің көзқарасымызды қолдайтыны қуантады.

Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан – Шығыс пен Батысты байланыстыратын табиғи көпір. Қытайлық серіктестермен бірге біз бұл географиялық артықшылығымызды Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымға айналдырып жатырмыз.

«Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының жаңа конфигурациясын қалыптастыруда.

Ынтымақтастығымыздың технологиялық бағыты ерекше маңызға ие. Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робототехника, жаңа энергия көздері және жоғары технологиялық өндіріс салаларында әлемде көш бастап келеді. Ал Қазақстан өз кезегінде жедел цифрлық трансформация бағытын ұстанып отыр.

Жуырда Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысу үшін Шанхайға барған сапарым барысында Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім.

Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадрлар даярлау салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық бар екені анықталды. Алдағы жылдары елордамызда дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін құруды жоспарлап отырмыз.

Дәл технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңіндегі аса маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін.

Біздің елдеріміз халықаралық аренада да қарқынды өзара іс-қимыл жасап келеді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелерінде ұқсас ұстанымдамыз.

Қазақстан Біртұтас Қытай саясатын берік ұстанады және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын бұзуға қарсы.

Біз БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясындағы үйлестіру жұмыстарын жалғастырамыз. Қазақстан «Орталық Азия – Қытай» форматы бойынша ынтымақтастықты толық қолдайды.

Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 35 жыл толады. Тарих өлшемімен алғанда салыстырмалы түрде қысқа осы кезеңде елдеріміз орасан зор жолдан өтті.

Жинақталған саяси сенім деңгейі, халықтарымыздың достық пен ынтымақтастыққа деген шынайы ұмтылысы алға қарай одан әрі жылжу үшін бірегей мүмкіндіктер ашады.

Сондықтан алдымызда ауқымды, бірақ толықтай жүзеге асыруға болатын міндеттер тұр. Олар – өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға дейін жеткізу және экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыру.

Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтыруға және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға дайын.

Қазақ-қытай қатынастарының болашағы жарқын екеніне сенімдімін. Өйткені мұны екі елдің халықтары қалайды. Қытай даналығында «Адамдар біріксе, Тайшань тауын да орнынан қозғайды» деген сөз бар.

Сұрақ: Еуразияның дәл орталығында орналасқан Қазақстан «Белдеу мен жолды» бірлесіп құрудағы маңызды серіктес болып табылады. Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан өткізу пункттерін жаңғырту, «ақылды кеден» және цифрлық логистика құру салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа форматтарын белсенді дамытып, трансшекаралық теміржол тасымалдары мен халықаралық көлік дәліздерін дамытуда жаңа нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Екі елдің өзара байланыстылығы мен логистикалық дәліздерді дамыту саласындағы ынтымақтастығының перспективаларын қалай бағалайсыз? Бұл ынтымақтастық Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға қалай ықпал етеді?

Жауап: Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан үшін көлік-логистикалық әлеуетті дамыту – стратегиялық басымдық. Қытайдан Еуропаға бағытталған барлық құрлықтық транзиттік тасымалдардың шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағына тиесілі. Біз бұл көлемді одан әрі арттыруға ұмтылып отырмыз.

Сондықтан Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын толық қолдайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі ұштастыруға белсенді қатысуға дайын. Үш құрлықты біріктірген осы мегажобаның идеясы алғаш рет Астанада Төраға Си Цзиньпин тарапынан жарияланғаны символдық мәнге ие.

Біздің елдеріміз Еуразияның жаңа көлік архитектурасын дәйекті түрде қалыптастырып келеді. Бұл жұмыстың ауқымын жүк тасымалдарының динамикасынан анық көруге болады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша трансшекаралық теміржол тасымалдарының көлемі 35 миллион тоннадан асты.

Автомобиль көлігі саласындағы тасымал көлемі де артып келеді. Өткен жылы шамамен 8 миллион тонна жүк тасымалданды, бұл алдыңғы жылдағы көрсеткіштен 40 пайызға жоғары.

Жуырда мен Арал – Каспий жаңа магистралінің құрылысын бастауға пәрмен бердім. Бұл жоба Шығыстан Батысқа қарай өткізу қабілетін екі есеге арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк жеткізу уақытын 5 тәуліктен 3 тәулікке дейін қысқартады.

Жолаушылар әуе қатынасының да дамып келе жатқаны маңызды. Қазіргі уақытта елдеріміз арасында 21 бағыт бойынша апта сайын 100-ден астам тұрақты жолаушылар рейсі орындалады. Қазақстан мен Қытайдың ірі қалалары мен өңірлері арасындағы маршруттар географиясы жыл сайын кеңейіп келеді.

Жуырда Шанхайға жасаған сапарым барысында Достық – Алашанькоу теміржолының екінші тармағын салу жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Оның іске қосылуы осы маңызды шекара өткелінің өткізу қабілетін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Аягөз – Тачэн үшінші теміржолының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені едәуір азайтып, қосымша 20 миллион тонна көлемінде жүк ағынын қамтамасыз етеді.

Біздің ынтымақтастығымызда Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағытының немесе Орта дәліздің орны басым.

Ортақ міндетіміз – осы бағытты барынша бәсекеге қабілетті ету. Сондықтан «ақылды кеденді» енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді синхрондауға, шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға ерекше мән береміз.

Қазақстан мен Қытай шекара арқылы жүктердің жылдам қозғалысын қамтамасыз ететін берік инфрақұрылымдық негіз қалыптастыра алды.

Ляньюньганда бірлескен логистикалық терминал, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Сиань мен Алматыдағы терминалдар, Ақтаудағы контейнерлік хаб табысты жұмыс істеп тұр. Қытай тарапының келісімімен Қазақстан жақын арада Бас консулдығын ашатын Чэнду қаласында қазақ-қытай теміржол жүк терминалының жаңа жобасы іске асырылып жатыр.

Іс жүзінде біз Қытайдың өндірістік орталықтарын Қазақстан арқылы Каспий өңірімен, одан әрі Еуропа нарықтарымен байланыстыратын біртұтас желі қалыптастырып жатырмыз.

Осылайша, Қазақстан Еуразияның көлік-логистикалық хабы мәртебесін алуға ұмтылуда. Мұнда жүк тасымалымен қатар логистика, өңдеу, өндіріс, электрондық сауда және заманауи сервистер дамитын болады.

Басқаша айтқанда, біз транзит экономикасынан көлік байланыстылығы экономикасына көшуіміз керек. Түптеп келгенде, міндет – біздің бірегей географиялық орналасуымыздың ортақ ілгерілеуге, өңірлердің дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуіне жағдай жасау.

Сұрақ: Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы практикалық ынтымақтастық энергетика мен сауданың дәстүрлі салаларынан шығып, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және жасыл энергетика сияқты жаңа бағыттарға таралуда. Сонымен бірге Сіз Қазақстанда 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, оны мемлекеттік дамудың маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіледіңіз. Сіздің ойыңызша, болашақта Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығының жаңа өсу нүктелері қай салаларда көрініс табады?

Жауап: Екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа сапалы деңгейге көтеріліп келе жатқанын дұрыс атап өттіңіз. Бүгінде ол нақты сектордағы дәстүрлі ынтымақтастықтан бастап цифрлық экономика саласындағы серіктестікті дамытуға дейінгі барған сайын кең ауқымды бағыттарды қамтиды.

Қазақстан аумағында қытай капиталының қатысуымен 9 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп келеді. Бұл еліміздегі әрбір жетінші шетелдік кәсіпорынға жуық. Олардың қатарында CNPC, CITIC, Huawei және басқа да ірі компаниялар бар.

Қытаймен өнеркәсіптік кооперация инвестиция көлемі 62 миллиард доллардан асатын 260 жобаны қамтиды. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуының жарқын мысалы – машина жасау саласы. Біздің елімізде BYD, Howo, Yutong, Golden Dragon, Shacman, JAC, Jetour және басқа да брендтердің өндірісі жолға қойылған. Өткен жылы Changan, Great Wall Motor және Chery жеңіл автомобильдерін сериялық өндіру іске қосылды.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – металлургия. Біздің ең ірі компаниямыз – «Qarmet» АҚ өндірістік қуаттарды жаңғырту, технологиялық тиімділікті арттыру және негізгі қорларды жаңарту аясында жетекші қытайлық корпорациялармен белсенді өзара іс-қимыл жасап келеді.

Жасыл энергетика саласындағы серіктестік аясында Қытайдың қатысуымен жалпы қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын 29 жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 1,7 ГВт-тан асатын тағы 11 жоба жүзеге асырылу сатысында.

Озық технологияларды енгізуге келетін болсақ, әлемнің жаңа технологиялық циклге қадам басып отырғаны рас. Жасанды интеллект, робототехника, үлкен деректер және автоматтандыру жекелеген салаларды ғана емес, экономикалық дамудың бүкіл моделін өзгертіп жатыр.

Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жалпыұлттық Digital Qazaqstan стратегиясы бекітілді.

Осы арқылы Қазақстан цифрлық трансформация экономиканы және бүкіл қоғамдық өмірді жаңғыртудың негізгі құралы екенін анық көрсетті.

Сондықтан Қазақстан үшін Қытаймен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың маңызы аса зор. Қытай қуатты технологиялық экожүйе қалыптастырып, жасанды интеллект, робототехника, электрондық коммерция және басқа да салаларды дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Өзара іс-қимылдың перспективалары шынында да ауқымды. Олардың қатарында өнеркәсіп пен тау-кен секторында жасанды интеллектті қолдану, энергетикалық желілерді зияткерлік басқару, ұшқышсыз көлік, цифрлық медицина, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, электрондық коммерция, деректерді өңдеу орталықтары және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бар.

Біздің ойымызша, жасанды интеллект технологиялық тұрғыдан неғұрлым дамыған мемлекеттердің шағын тобының артықшылығына айналмауы және, одан да маңыздысы, геосаяси текетірес пен қысымның жаңа құралы болмауы керек. Ол бүкіл адамзаттың дамуына қызмет етуге тиіс. Мемлекеттер заманауи технологияларға, білімге және есептеу ресурстарына әділ қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуы қажет.

Бұл мәселеде біздің ұстанымдарымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Ағымдағы жылдың шілдесінде Шанхайда Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) 29 құрылтайшы мемлекетінің қатарына қосылды.

Бұл – жасанды интеллект саласындағы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестірудің ашық әрі тиімді халықаралық жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуға ұмтылуда. Осыған байланысты Екібастұз қаласындағы «ЦОДтар алқабы» жобасының маңызы зор.

Біз Alatau City жобасына да ерекше назар аударып отырмыз. Мұнда бірегей экономикалық және технологиялық экожүйе қалыптастыру көзделеді. Цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект қалалық басқару, көлік, энергетика, білім беру және қоғамдық сервистерге интеграцияланатын болады.

Біз халықаралық тәжірибені, соның ішінде бірнеше онжылдықта жоғары технологиялардың ірі орталығына айналған Шэньчжэньнің әсерлі тәжірибесін мұқият зерделедік.

Қытайлық компаниялар Қазақстандағы осындай жобаларды іске асыруда елеулі рөл атқарады деп үміттенемін. Алдағы жылдары біздің елдеріміз мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа жоғары технологиялық бағытын қалыптастыра алатынына сенімдімін.

25 қыркүйек 2026 жылы Алматыда өтетін «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумына да арнайы тоқталғым келеді. Мен осы форумға қатысуды жоспарлап отырмын. Форум экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа нақты жобаларын іске қосуға арналған маңызды алаңға айналуға тиіс.

Сұрақ: Шанхай ынтымақтастық ұйымы, «Қытай – Орталық Азия» механизмі, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Қытай мен Қазақстанның қатысуымен көпжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды платформалары болып табылады. Қазіргі халықаралық және өңірлік ахуалдағы терең өзгерістер аясында бұл тетіктердің өңірлік ынтымақтастық пен бірлікті нығайтудағы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтаудағы, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің дамуы мен жаңғыруына ықпал етудегі рөлін қалай бағалайсыз? Өңірлік және халықаралық мәселелерде Қытай мен Қазақстан өзара үйлестіру мен іс-қимылды қалай одан әрі күшейте алады? Бұл өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз етуге, сондай-ақ ортақ даму мен өркендеуге қалай ықпал етеді?

Жауап: Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі терең дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Өзара сенімсіздік кезеңі басталды, геосаяси текетірес күрт күшейді, әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық ұйым ретінде БҰҰ-ның беделі мен әлеуетіне нұқсан келді.

Трансшекаралық сын-қатерлер де шиеленісе түсті. Олар терроризм мен климаттың өзгеруінен бастап технологиялық теңсіздікке және жаһандық жеткізу тізбектерінің бұзылуына дейінгі мәселелерді қамтиды.

Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық халықаралық күш-жігерді біріктіру қажет деп санайды. Бұл жерде Қытайдың ірі бейбітсүйгіш держава ретіндегі рөлін асыра бағалау мүмкін емес.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ШЫҰ, «Орталық Азия – Қытай» форматы мен АӨСШК-нің сындарлы рөлін жоғары бағалайды. Бұл көпжақты құрылымдарды бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму секілді ортақ мақсаттар біріктіреді.

Сондықтан ШЫҰ-ға ерекше қызығушылық танытамыз. Биыл Ұйым өзінің 25 жылдығын атап өтуде. 1996 жылғы сәуірде Шанхайда өткен Саммитке қатысу маған да бұйырды. Сол кезде «Шанхай бестігі» құрылды. Кейін көптеген елдердің оған қызығушылығының артуына қарай бұл құрылым кеңейіп, нығайып, қазіргі ШЫҰ-ға – аса беделді әрі тиімді халықаралық ұйымдардың біріне айналды.

ШЫҰ ең маңызды құндылықты – өзара сенімге, теңдікке, диалогқа, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге және бірлесіп дамуға ұмтылуға негізделген «Шанхай рухын» сақтай алды. Мен бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік «стандарты» ретінде қарастырамын.

Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан «Орталық Азия – Қытай» форматын толық қолдай береді. Қысқа уақыт ішінде бұл құрылым өзінің қажеттілігін дәлелдеп, өңір мемлекеттері мен Қытай арасындағы ауқымды өзара іс-қимылдың тиімді тетігіне айналып келеді.

Өткенге көз жүгіртсек, Қытайдың Орталық Азия халықтарымен бірге Ұлы Жібек жолының қалыптасуы мен өркендеуіне қалай ықпал еткеніне көз жеткізуге болады. Қытай халқы қазақтарға ешқашан жамандық жасаған емес, керісінше, әрдайым көмектескен. Бұл дәстүрдің бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқаны қуантады.

Астанада өткен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті барысында елдеріміз мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат ұрпақтар достығы қағидатын құқықтық тұрғыдан бекітіп, алты ел арасындағы қатынастар тарихындағы жаңа белеске айналды.

Жаңа дәуірде Орталық Азия елдері мен Қытай өзара тиімді өңірлік ынтымақтастықтың үлгілерін көрсетіп отыр. Қазақстан үшін өңіріміздің бейбітшілік, тұрақтылық, сындарлы серіктестік және тұрақты даму кеңістігі болып қалуы принципті түрде маңызды.

Қазір біз нақты міндеттерді шешуге күш салып жатырмыз. Олар – көлік дәліздерін дамыту, сауда кедергілерін жою, бірлескен өндірістер құру, заманауи агротехнологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу, энергетика, цифрлық экономика, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту.

Басқаша айтқанда, алдымызда елдеріміздің географиялық жақындығын тұрақты экономикалық өзара байланысқа, ал ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін тұрақты өсім мен халықтарымыздың әл-ауқатын арттыруға айналдыру міндеті тұр.

Қазақстан үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің маңызы ерекше. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын еліміз БҰҰ аясында осындай форум құру туралы бастама көтерген болатын. АӨСШК Азия аумағының шамамен 90 пайызын және планета халқының жартысына жуығын қамтып, қауіпсіздік пен сенім шаралары мәселелерін талқылаудың барған сайын қажетті алаңына айналып келе жатқаны қуантады.

Қазақстан АӨСШК-ге тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан Қытайға ризашылығын білдіреді. Біз АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастырамыз.

Сұрақ: 2026 жыл Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасу жылы деп жарияланды. Соңғы жылдары екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстар белсенді түрде дамып, туризм, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары және жастар алмасуы салаларындағы ынтымақтастық қарқын алып, екі ел халықтарын бұрынғыдан да жақындастыра түсті. Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық алмасу саласында қол жеткізілген нәтижелерді қалай бағалайсыз? Ал болашақта екіжақты қатынастардың қоғамдық негізін одан әрі нығайту, Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік достық идеясын халықтарымыздың жүрегіне тереңірек орнықтыру үшін тараптар қандай қадамдар жасай алады?

Жауап: Ежелден келе жатқан бір ақиқат бар: мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас адамдар арасындағы сенімнен басталады.

Мемлекетаралық қатынастар халықтар бір-бірін біліп, түсініп және құрметтеген кезде ғана шын мәнінде берік болады. Сондықтан біз қазақ-қытай ынтымақтастығының гуманитарлық өлшеміне үлкен мән береміз.

Бұл маңызды бағытта оң нәтижелерге қол жеткізілді. Ресми саяси және экономикалық байланыстармен қатар, елдеріміз азаматтарының тікелей байланыстары да белсенді дамып келеді.

2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениетаралық жылын» өткізу осы үрдістің жарқын дәлелі болды. Өткен жылы Бейжіңде Қазақстанның Мәдениет орталығын аштым. Қытай жұртшылығы біздің тарихи мұрамызбен, әдебиетімізбен, музыкамызбен, кинематографиямызбен, ұлттық дәстүрлерімізбен және заманауи өнерімізбен танысуға мүмкіндік алды.

Білім беру саласына ерекше мән беремін. Қазіргі уақытта Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдайтын Қытай азаматтарының саны да артып келеді. Қазақстанда жетекші қытайлық жоғары оқу орындарының филиалдары, «Лу Бань шеберханалары» табысты жұмыс істеп жатыр, академиялық ұтқырлық және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары кеңеюде. Жоғарыда айтып өткен қазақ-қытай цифрландыру және жасанды интеллект мектебін құруды да ұсындым.

Менің ойымша, бұл тек білім беру жобалары ғана емес, сонымен бірге екіжақты қатынастардың болашағына салынатын стратегиялық инвестициялар.

Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризмнің дамуына елеулі серпін берді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 962 мыңға жетіп, 2024 жылғы көрсеткіштен 47 пайызға артты. Елдеріміз азаматтарының өзара саяхатқа деген қызығушылығының өсуіне тікелей әуе қатынасының кеңеюі және жаңа автомобиль бағыттарының ашылуы ықпал етуде.

Біз қытайлық достарымызға Қазақстанды барлық қырынан танытқымыз келеді. Заманауи Астана мен көне Түркістанды, Алматының таулары мен Маңғыстаудың бірегей ландшафттарын, Ұлы даланы және Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық аспаптарымызды, тағамдарымызды және қонақжайлық дәстүрлерімізді көрсеткіміз келеді.

Сонымен бірге Қазақстан да көне өркениет елі, бүгінде дамудың әсерлі үлгісін көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-білуде.

Қазақ және қытай халықтары ғасырлар бойы көрші болып өмір сүріп келеді. Ұлы Жібек жолы кезінде адамдарды, мәдениеттерді, білім мен өркениеттерді байланыстырды. Біздің ортақ ұлы өткеніміз халықтарымыз достығының жарқын болашағына негіз болды, ортақ тарихи тағдырға ие ұлттар қауымдастығының табысын айқындады.