Ұзақ сапар кезінде жолаушы енді терезеге қарап қана отыруға мәжбүр емес. Интернет арқылы жақындарымен байланысып, жұмысын жалғастыра алады, онлайн сабаққа қатысады, мемлекеттік және банктік қызметтерді пайдаланады немесе қажетті цифрлық сервистерге кіре алады. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, спутниктік байланыс арнасы арқылы интернет жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді.
Бұл әсіресе, бірнеше сағатқа, тіпті тәулікке созылатын теміржол сапарлары үшін маңызды өзгеріс. Яғни пойыздағы уақыт енді тек жол жүруге емес, жұмыс істеуге, оқуға, сөйлесуге және онлайн істерді реттеуге де жұмсалмақ.
Қазақстан жолаушылар пойыздарында спутниктік интернетті жаппай енгізу жұмыстарын қарқындатып жатыр. Қазірдің өзінде Starlink желісі 31 бағыттағы 59 пойыз құрамында іске қосылып, 770-тен астам вагонды қамтыды.
Жоба Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
Жоспар ауқымды. Қыркүйек айының соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыз құрамын, яғни 1 235 вагонды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Спутниктік интернетті пойыздарға енгізу бойынша алғашқы сынақ жобалары 2025 жылы басталған. Сол кезде OneWeb және Starlink төмен орбиталы спутниктік жүйелері Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында сынақтан өтті.
Ал 2026 жылы жоба пилоттық кезеңнен шығып, кең көлемде іске асыру кезеңіне көшті.
Бүгінде интернет жолаушылар көп қатынайтын бірқатар бағыттарда қолжетімді. Атап айтқанда:
- Нұрлы жол – Алматы;
- Нұрлы жол – Өскемен;
- Нұрлы жол – Орал;
- Нұрлы жол – Петропавл;
- Алматы-2 – Өскемен;
- Қызылорда – Семей;
- Ақтөбе – Алматы-1;
- Маңғыстау – Ақтөбе;
- Орал – Маңғыстау;
- Ақтөбе – Қазалы;
- Ақтөбе – Атырау;
- Павлодар – Алматы.
Спутниктік технологияның басты артықшылығының бірі – теміржолдың шалғай учаскелерінде де интернетке қосылуға мүмкіндік беруі. Мұндай жерлерде дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамту аймағы шектеулі.
