Кең жазықта Сарыарқаның сәніндей болып жайқалған егіс алқабы көз тартар көрінісімен жанға жылу, көңілге қуаныш сыйлағандай әсер қалдырады. Даланың төсінде жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Бірі егін орып, бірі астық тасып, тынымсыз еңбек қайнаған шақ. Сол егіс алқабының бір шетінде алып К-700 тракторы алыстан менмұндалайды. Ал оның тізгінінде — жетпіс сегіз жастағы Сәғи Тапалұлы.
Жасы жетпістің белесінен әлдеқашан асса да, Сәғи аға үшін еңбекке деген құлшыныс әлі де бәсеңдеген емес. Көктемде егіс науқанына қатысып, бүгінде күзгі жиын-терім кезінде астық тасып жүр.
«Әлі жұмыс істеп жүрмін» дейді ол қарапайым ғана. Бірақ осы бір қарапайым сөздің астарында тұтас бір ғұмыр, өлшеусіз еңбек, маңдай термен жазылған тағдыр жатыр.
Сәғи Тапалұлы 1948 жылы нар шөгіп, аруақ қонған қасиетті Наурызым топырағында дүниеге келген. Ес біліп, етек жиғаннан бері еңбекпен етене араласып келеді. Жастайынан ауыл шаруашылығының ыстығы мен суығына төзіп, механизаторлық кәсіпті өмірлік жолына айналдырған. Содан бері қанша жыл өтсе де, еңбекке деген ынтасы бір сәт бәсеңдеген емес.
Сәғи аға үшін маңдай термен тапқан нанның қадірі бөлек. Жетпіс сегіз жасқа келсе де, қол қусырып қарап отырғанды емес, елдің ырысын еселеуге өз үлесін қосуды жөн көреді. Жыл мезгілдерінің әр маусымы, әрбір егіс науқаны оның өмірімен біте қайнасып кеткен.
Қазір Сәғи аға Қожа ауылындағы «Алимгазиев А.» шаруа қожалығында еңбек етіп жүр. Оның күнделікті мінген техникасы да — екінің бірі игеріп кете бермейтін алып техника К-700 «Кировец» тракторы. Бұл трактор ауыл шаруашылығында ауыр жұмыстарды атқаруға арналған қуатты техника ретінде танымал.
Бүгінгі жастардың көбі компьютер мен заманауи технологияның тілін меңгеріп жатқан заманда, Сәғи ағаның еңбек жолы бізге тағы бір құндылықты еске салады. Ол — өз ісіне деген адалдық.
Жастық шағын техника үстінде өткізген механизатор үшін дала — жай ғана жұмыс орны емес. Дала — оның өмірі. Көктемде жер жыртып, тұқым себуге қатысса, жазда егіннің жайын ойлап, күзде піскен астықты жинауға атсалысады. Қысқасы, ел ырыздығының қамы үшін жыл он екі ай еңбекпен тыныстаған ұрпақтың өкілі. Сәғи ағаның бүгінгі бейнесіне қарап отырып, еріксіз ойға қаласың. Адамды жасына қарап емес, жасаған еңбегіне қарап бағалау керек деп санаймын өз басым.
Жасы 78-ге келсе де, К-700-дің рөлінде отырған Сәғи Тапалұлы — ең алдымен, кейінгі ұрпаққа өнеге. Оның бойындағы еңбекқорлық, төзімділік, қарапайымдылық, туған жерге деген сүйіспеншілік пен өз ісіне деген адалдық — бүгінгі жастарға үлгі боларлық асыл қасиеттер. Жетпістің белесінен асса да, еңбекке деген құлшынысы мен жігері мұқалмаған Сәғи аға — «еңбек етсең, емерсің» деген халық даналығының жарқын көрінісі.
Бүгінде ауылда техника жаңарып, шаруашылықтың жұмысы жеңілдей түскенімен, еңбек адамының қадірі ешқашан төмендемейді. Өйткені жерге дән сеуіп, оны баптап, елдің ырыздығын еселеп, қамбаны астыққа толтыру — қай заманда да қасиетті міндет. Ал осы қасиетті еңбектің басы-қасында Сәғи ағадай азаматтардың жүруі — кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Сәғи аға секілді еңбек ардагерлері — жеке бір ауылдың ғана емес, тұтас елдің баға жетпес байлығы, қайталанбас қазынасы. Олардың маңдай термен өрілген ғибратты ғұмыры — бір адамның ғана өмір жолы емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Сондықтан мұндай азаматтардың өмірі мен еңбек жолы — кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық құнды туындының өзегіне айналуға әбден лайық.
«Әлі жұмыс істеп жүрмін», — деген Сәғи ағаның бір ауыз сөзі кімге болсын ой салады. Бұл — еңбекке адалдықтың, өмірге құштарлықтың, елге алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Жас ұрпаққа «еңбек ет» деп айту бір басқа, ал жетпіс сегіз жаста да рөлге отырып, ел ырысы үшін тер төгіп жүрген адамды көрсету — бір басқа. Сәғи Тапалұлының өмірі бізге: «Еңбекпен өткен өмір — өнегелі өмір» деген қарапайым да қасиетті қағиданы тағы бір мәрте еске салады.
Даланың төсінде К-700-і гүрілдеп тұр. Ал оның тізгінінде — еңбекке адалдығын жетпіс сегіз жылдық ғұмырында дәлелдеген Сәғи аға. Осындай азаматтар барда елдің еңсесі биік, ауылдың абыройы асқақ, даланың берекесі мол болмақ. Өйткені елдің еңсесін көтеретін де, ауылдың ажарын кіргізетін де — осындай бар ғұмырын елдің игілігіне арнаған еңбек адамдары.
Олай болса, Сәғи аға, күш-қуатыңыз ортаймай, деніңізге саулық, көңіліңізге қуат тілейміз! Адал еңбегіңізбен ұрпақтарыңызға мақтаныш, кейінгі жастарға үлгі болып, елдің игілігі жолындағы еңбегіңізді абыроймен жалғастыра беріңіз. Ұзақ та бақытты ғұмыр кешіп, бала-шағаңыздың қызығын көріп, ел-жұртыңыздың құрмет-қошеметіне бөленіп, аман-есен жүре беріңіз!
Мақсұт РАЙЫСОВ
Науырзым ауданы
