Климаттың өзгеруі: Қазақстан неге бүгіннен бастап бейімделуі қажет?

Климаттың өзгеруі: Қазақстан неге бүгіннен бастап бейімделуі қажет?

Климаттың өзгеруі әлдеқашан алыс болашақтың мәселесі болудан қалды. Ауа температурасының жоғарылауы, ұзаққа созылатын құрғақшылық, қалыптан тыс аптап ыстық, қарқынды жауын-шашын мен жойқын су тасқындары экономика, ауыл шаруашылығы және халықтың қауіпсіздігі үшін елеулі сын-қатерлерге айналып отыр. Еуразия құрлығының ішкі бөлігінде орналасқан Қазақстан климаттық өзгерістерге ерекше сезімтал.

Климат неліктен өзгеріп жатыр?

Қазіргі жаһандық жылынудың басты себебі – атмосферадағы парниктік газдар концентрациясының артуы. Олар негізінен көмір мен газды жағу, өнеркәсіптік қызмет, жер пайдалану сипатының өзгеруі және ауыл шаруашылығындағы кейбір үдерістер нәтижесінде бөлінеді.

Парниктік газдар Жерден таралатын жылу сәулесінің бір бөлігін атмосферада ұстап қалады. Соның салдарынан планетаның орташа температурасы жоғарылайды. Алайда жылынудың салдары ауа температурасының көтерілуімен ғана шектелмейді. Жауын-шашын режимі, құрғақ кезеңдердің ұзақтығы, булану қарқындылығы және өзен ағынының қалыптасу жағдайлары да өзгереді.

Қазақстан үшін бұл үдерістердің маңызы ерекше. «Қазгидромет» деректері бойынша, еліміздің аумағында ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштерге қарағанда жылдамырақ жоғарылап келеді. Бұл ретте климаттық өзгерістер әр өңірде әртүрлі байқалады: бір аймақтарда құрғақшылық күшейсе, енді бір өңірлерде нөсер жауын-шашын мен қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстардың туындау ықтималдығы артуда.

Климаттың өзгеруі әр өңір үшін неліктен маңызды?

Климат су ресурстарына, ауыл шаруашылығына, табиғи экожүйелердің жай-күйіне және халықтың өмір сүру жағдайына тікелей әсер етеді.

Температураның жоғарылауы топырақ пен су айдындарының бетінен булануды күшейтіп, өсімдіктердің ылғалға деген қажеттілігін арттырады. Тіпті жылдық жауын-шашын мөлшері айтарлықтай өзгермеген жағдайда да бұл топырақ ылғалының тапшылығына және құрғақшылық қаупінің артуына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар жауын-шашын сипатының өзгеруі жекелеген аумақтарда су басу қаупін арттырады. Қысқа уақыт ішінде жауатын мол жаңбыр нөсерлік кәріз жүйелері мен су бұру құрылыстарына айтарлықтай салмақ түсіруі мүмкін.

Экономикасы табиғи-климаттық жағдайларға тәуелді аумақтар климаттық өзгерістерге ерекше осал келеді. Олардың қатарында Қазақстанның жетекші аграрлық өңірлерінің бірі – Қостанай облысы да бар.

Климаттың өзгеруіне бейімделу дегеніміз не?

Климаттық саясатта өзара байланысты екі негізгі бағыт бар. Біріншісі – парниктік газдар шығарындыларын азайту. Бұл бағыт таза энергетиканы дамыту, энергия тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу арқылы жаһандық жылынудың одан әрі күшеюін шектеуге бағытталған. Екіншісі – бейімделу, яғни қазіргі уақытта болып жатқан және алдағы уақытта күтілетін климаттық өзгерістерге қаншалықты дайын екенімізді айқындайтын бағыт.

Бейімделу шаралары кең ауқымды практикалық жұмыстарды қамтиды. Олардың қатарында су ресурстарын ұтымды әрі қайталама пайдалану, ауыл шаруашылығының орнықтылығын арттыру, елді мекендерді су тасқынынан қорғау, ерте ескерту жүйелерін жетілдіру, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және инфрақұрылымның климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыру бар.

Мысалы, ауыл шаруашылығында бейімделу су үнемдеу технологияларын қолдануды және өзгеріп жатқан климаттық жағдайларды ескере отырып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды таңдауды білдіреді. Ал су шаруашылығында су ресурстарын айналымда пайдалану, өзен ағынын есепке алу жүйесін жетілдіру, гидротехникалық құрылыстардың сенімділігін арттыру және су тапшылығы кезеңдеріне алдын ала дайындалу маңызды.

Неліктен бейімделу шараларын кейінге қалдыруға болмайды?

Климаттық тәуекелдер біртіндеп қалыптасқанымен, олардың салдары кенеттен көрініс табуы мүмкін. Ұзаққа созылған құрғақшылық ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін төмендетсе, көктемгі су тасқыны елді мекендерді су басып, инфрақұрылым нысандарына зақым келтіруі ықтимал.

Сонымен қатар бейімделу шараларын жүзеге асыруға уақыт қажет. Мониторинг жүйелерін құру, су шаруашылығы нысандарын жаңғырту, жаңа агротехнологияларды енгізу және мамандар даярлау бір маусымның ішінде орындалатын жұмыстар емес.

Қазақстанда климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері Су кодексінің екінші тарауында және Экологиялық кодексте қамтылған. Басым бағыттар ретінде ауыл және су шаруашылығы, орман шаруашылығы және азаматтық қорғау салалары айқындалған.

Алайда бейімделу шараларының тиімділігі тек ұлттық саясатқа ғана байланысты емес. Мұнда нақты аумақтардың табиғи ерекшеліктерін ескеретін өңірлік шешімдердің де маңызы зор.

Осылайша, климаттың өзгеруін тек экологиялық мәселе ретінде қарастыруға болмайды. Ол өңірлердің экономикалық тұрақтылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, сумен жабдықтауға және халықтың өмір сүру сапасына тікелей байланысты.

Сондықтан климаттың өзгеруіне бейімделу Қазақстанның ұзақ мерзімді даму жоспарларының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Климаттық тәуекелдер басқарушылық және шаруашылық шешімдер қабылдау кезінде неғұрлым ертерек ескерілсе, болашақта болуы мүмкін шығындардың алдын алу мүмкіндігі де соғұрлым артады.

 

Манура Аманкелдіқызы Алагуджаева,

PhD, гидролог-сарапшы.

Екатерина Григорьевна Клопова,

Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу

басқармасы басшысының орынбасары.

Иллюстрация: ekoloji.com