Аймағамбет Спанұлы мешітінің 10 жылдық мерейтойы аясында дін қызметкерлері арасында садақ атудан жарыс ұйымдастырылды.
Ұлттық спортты ұлықтап, дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттауды мақсат еткен іс-шараға облыстық мешітпен қатар Жайлаубай ата, Марал ишан және Тобыл қаласындағы Маңдай батыр мешіттерінің имам-ұстаздары мен мешіт қызметкерлері қатысты.

Жалпы жарыста 25 адам өзара бақ сынады. Сайысқа Аймағамбет Спанұлы мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы да қатысып, мерекелік додада өзінің мергендік қабілетін көрсеткенін айта кетейік.

«Бұл ата-бабамыздан сіңген дәстүр. Кезінде баһадүрлеріміз аңға шығып, мергіндік үлгісін қалыптастырды. Сол себепті мұндай бастамалардың бүгінде маңызы зор. Өйткені дін қызметкерлерінің ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытуы – салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, халқымыздың бай мұрасы мен салт-дәстүрін дәріптеуге де үлкен үлес қосады», – дейді облыстық мешіттің бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев.
Жарыстың өтуіне садақ ату орталығынан арнайы шақырылған екі жаттықтырушы қолдау көрсетті. Олар қатысушыларға садақ атудың қыр-сырын түсіндіріп, нысананы дәл көздеу тәсілдерімен бөлісті.

Мешіттің наиб имамы Әлішер Балахметтің айтуынша, жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – дін қызметкерлерінің басын қосып, ұлттық спортты насихаттау және салауатты өмір салтын дәріптеу.

«Аймағамбет Спанұлы мешітінің он жылдық мерейтойына орай осындай мазмұнды шара ұйымдастыруды жөн көрдік. Басты мақсатымыз – мешіт қызметкерлері мен имам-ұстаздардың бірлігін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау. Садақ ату – халқымыздың тарихымен біте қайнасқан өнер. Бұл спорт түрі адамнан тек ептілікті емес, сабырлылық пен шоғырлануды да талап етеді. Жарысқа 25 қатысушының жиналуы бізді қуантты. Арнайы жаттықтырушылардың келіп, қатысушыларға бағыт-бағдар бергені де шараның мазмұнын арттыра түсті. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз», – деді Әлішер Балахмет.
Тартысты өткен жарыста қатысушылар өздерінің ептілігі мен мергендігін, сабырлылығы мен нысана көздеу шеберлігін көрсетті. Қостанайға арнайы сапармен келген ҚМДБ төрағасының орынбасары Кенжетай қажы Байкемелұлы жеңімпаздарды марапаттады. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Аймағамбет Спанұлы мешітінің қызметкері Дархан Төребеков иеленді. Екінші орын осы мешіттің ұстазы Сайд Аббас Мейрамановқа бұйырса, үшінші орынды Жайлаубай ата мешітінің ұстазы Әсет Жарылғасын қанжығасына байлады.
Қатысушылар тек өзара бақ сынап қана қоймай, рухани ортада жақындасып, бауырмалдық пен бірліктің үлгісін көрсетті. Жеңімпаздар марапатталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған шара өз мәресіне жетті.
Аймағамбет Спанұлы мешітінің он жылдық мерейтойына арналған бұл жарыс мерекелік шаралардың мазмұнын байытып, татулық пен ынтымақты ту еткен дін қызметкерлерінің басын бір арнаға тоғыстырған тағылымды шара ретінде есте қалды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
