Елімізде 2030 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесі енгізілмек. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі осындай заң жобасын дайындап 16 қыркүйек күні көптің талқысына ұсынды.
Бұл төтенше жағдай зардабын жою барысында мемлекет пен меншік иесі арасындағы жауапкершілікті бөлу ме, әлде қазына қаржысын үнемдеу ме? Кімге тиімді? Билікке ме бұқараға ма? Қоғам талқысына ұсынылған заң жобасының әлі піспеген шикі тұстары бар ма? Сақтандыруды міндеттеу онсыз да тиын санап отырған орташа табысты жұртқа тиімсіз, артық шығын емес пе? Заң жобасын дайындаған агенттік өкілімен, сарапшы мамандармен сұхбаттасып, көпшілікті толғандырған осындай сауалдардың жауабын табуға тырыстық.
2024 жылғы су тасқыны кезінде елімізде 19 мыңнан астам тұрғын үй мен саяжайды су басты. Ішінде толық қирағандары да, жартылай бүлінгендері де бар. Осының барлығын қалыпқа келтіруге мемлекет тарапынан 251 миллиард теңге бөлінді. Оның 54 миллиард теңгесі нарықтан дайын тұрғын үйлерді сатып алуға, 64 миллиард теңгесі жаңа баспана салуға жұмсалған. Тағы 54 миллиард теңге су кіріп бүлінген үйлерді жөндеуге кеткен. Ал Қостанай облысында 1400-ге жуық үй бүлініп, оның 475-і қалпына келтіруге жарамсыз күйге түсіпті. Яғни, осынша отбасы баспанасыз қалды. Алайда сол жылы суық түскенше олардың бәрі де мемлекет есебінен баспанамен қамтылды. Өз таңдауына сай біріне жаңа үй салып берсе, енді біріне дайын пәтер берілді. Құламаған, бірақ зақым келген 900-ге тарта үйді жөндеуге де ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінді. Бұл, әрине, бюджеттің бір бүйірін опырып кетті. Жарайды, бір апаттың салдары өстіп жойылды дейік. Егер қайталанса ше? Жиі қайталанса? Жыртықты жамауға мемлекеттің қауқары жете бере ме? Өйткені бюджеттің қоры да шектеулі. Аспаннан ақша жаумайды. Осыдан келіп «Табиғи апат қаупі бар аймақтарда әр меншік иесі мүлкін өзі сақтандырып, қауіпсіздік пен жауапкершілік жүгінің бір жағын өзі көтеруі керек» деген сыңайда пікірлер айтыла бастады. Уақыт өте келе пікір әрекетке айналып, Қазақстанның Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі тұрғын үйді міндетті сақтандыру жобасын әзірлеп қоғам талқысына ұсынды. Жаңа жобаның басты ерекшеліктері қандай? ҚР ҚНДРА Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары Серікбосын Төлебеков бүй дейді: «Сақтандыру сыйлықақысының жарналары 2 мың теңге мен 20 мың теңгенің арасында болады. Жарна мүліктің орналасқан өңіріне байланысты. Өңір жоғары апатты тәуекелге бейім болса, соғұрлым өңірдегі сақтандыру жарнасы да жоғары болады. Төтенше жағдай кезінде үйі қираған азамат жыл сайынғы жарнадан 500 есе, ал жартылай бүлінсе, 250 есе көп қаражат алады. Мысалы, жылына 10 мың теңге төлеп отырған болсаңыз, 2,5 миллион мен 5 миллион теңге арасында аласыз.Үйдің қаншалықты бүлінгенін жергілікті әкімдік құрған комиссия анықтайды. Біздің қарастырып отырғанымыз – заңды бірден емес, әр өңірге кезең-кезеңімен енгізу. Егер Қазақстанның өңірлерін қарап отырсақ, біздің 16 облысымыз жер сілкінісі, су апаты және табиғи орман өрті деген сияқты тәуекелдерге бейім. Жаңа заң ең бастапқы кезеңде Жамбыл облысы мен Алматы, Шымкент қалалаларында енгізіледі».
Аты міндетті сақтандыру болғанмен, бұл талап еліміздегі барлық тұрғын үйлерге жүрмейді. Тек табиғи апат қаупі бар аумақтардағы жылжымайтын мүлік иелеріне ғана қатысты нәрсе. Сондықтан жаңа заңды алдымен Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысында сынаймыз дегендері түсінікті. Бұл өңірлерде жер сілкінісі қаупі жоғары. Ал тауы жоқ, мидай жазық Қостанайда ше? Қостанай облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Руслан Базарбаев: «Біздің өңірде су басу қаупі жоғары 100-ден аса елді мекен бар», – дейді. Яғни, сынақ жобаға кірмесе де міндетті сақтандыру Қостанай облысын да айналып өтпейді. Сонымен жаңа заң қалай жұмыс істейді?
Алдымен табиғи апат қаупі бар аумақ анықталады. Сонан соң осы аумақта атында жылжымайтын мүлік тіркелген азаматтың барлығы жылына бір рет жарна төлейді. Бұған дейін баспана ерікті түрде сақтандырылса да, одан бөлек міндетті сақтандыруды рәсімдеу қажет. Жоба бойынша тұрғын үйді жер сілкінісі, су тасқыны және орман өрті сияқты табиғи апаттардан ғана сақтандырасыз. Баспанаңыз басқа себеппен бүлінсе сақтандырудың ақшасын ала алмайсыз. Келісімшарт 12 айға жасалады. Тағы бір маңыздысы – баспананы төтенше жағдай жарияланғанға дейін сақтандырып үлгеруіңіз керек. Міндетті сақтандырудың негізгі үш шарты мынау: Тұрғынүй меншік иесіне заңға сәйкес рәсімделген болуы керек. Сақтандырушы сол тұрғын жайда тұрақты тұруға және оны пайдалануға тиіс. Үшіншіден, мүлік осындай табиғи апат қаупі бар жерде орналасса.
Ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған, еңбек ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов 2024 жылғы су тасқыны кезінде қоғамдық штабты басқарды. Үй-жайы, мал-мүлкі суға кетіп әуре-сарсаңға түскен елдің ортасынды жүрді. Қалпына келтіру жұмысын қадағалушылардың қатарынан табылды.
«Мұндай заңның қабылдануы – заман талабы Бірақ, меніңше, заң қабылданғасын бөле-жармай бәріне бірдей болуы керек. Мысалы, ешқашан төтенше жағдай болмаған, ондай аумаққа кірмеген жерде де кей жылдары қар мол түсіп, содан қора-жайы суға кетіп, зардап шеккендерді көрдік. Өртке қатысты: Ешкім үйін әдейі өртемейді. Табиғи төтенше жағдай болмаса да төтенше оқиға болып үй-жайы өртеніп кететіндер бар. Ал олардың шығынын кім өтейді? Сондықтан мен бұл заң жалпыға ортақ болуы керек деп есептеймін. Сонда сақтандыру қорындағы қаржы да молаяды. Ал қазіргі белгіленген ең жоғарғы шек 10 миллион теңге қайда жетеді? Өзі мемлекеттен жәрдемақы алып отырған әлеуметтік осал топтар бар. Бұлардың да мәселесі жеке қаралуға тиіс. Себебі ол өзі мемлекеттен жәрдем алып, оның бір бөлігін сақтандыруға төлегені қалай болады? Бұл да қисынға сыймайтын дүние», – деп есептейді ол.
Жоба бойынша меншік иесінің үйі қираса, жыл сайын ең жоғарғы жарғы 20 мың теңге төлеген азаматтың сақтандырудан алатын ақшасы 10 миллион теңге. Қарапайым арифметика осыны көрсетеді. Бұл шығынды толық өтеуге жетпейтіні түсінікті. Осы тұста сарапшылардың бір парасы шетелдік тәжірибені де ескерген жөн деп есептейді. Табиғи апат жиі болатын Түркия мен Жапонияда ірі апат болған кезде жиналған қаржыдан бөлек қайта сақтандыру, кепілдік немесе әлеуметтік көмек арқылы мемлекет шығынның бір бөлігін мойнына алады. Яғни жеке тұлға, сақтандыру қоры, мемлекет деген үш таған жұмыс істейді. Қазақстанда талқыланып жатқан міндетті сақтандыру жобасында мемлекеттің көмектесіп, не көмектеспейтіні ашып жазылмаған. Ал ҚР ҚНДРА Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары Серікбосын Төлебеков былай дейді: «10 миллион теңгелік шек бұл міндетті сақтандыру жұмыс істей бастаған алғашқы кезеңдегі көрсеткіш. Арада 10 жылдай уақыт өтіп, қордағы қаржы көбейген соң ең жоғарғы сақтандыру төлемі 10 емес, 60 миллионға жетуі мүмкін».
Экономика ғылымдарының Phd докторы Дархан Ахметов бұл уәжге де сыни көзбен қарайды.
«Инфляция, яғни ақшаның құнсыздануы деген бар. Біз қордағы ақша қашан көбейеді деп жүргенде оның құны түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан құр жинай бермей ол қаржыны инвестиция ретінде пайдалану маңызды. Себебі ақша айналымға түссе молаяды. Құр жатса құны кетеді. Жаңа заңда осы тұсы да ескерілуге тиіс», – дейді ол.
Егер заң күшіне енсе, «Тұрғынжайды міндетті сақтандыру қоры» деген арнайы ұйым құрылады. Бұл да жобаны талқылаушылар арасында пікірталас тудырып отырған мәселе. Өйткені ақша жүрген жерде кейде жасырын, кейде анық күмәнді схемалар да қоса жүреді.
«Сандық жүйедегі қосымшалар арқылы әр азамат өз қаржысының қайда, қанша түскенін, жиналғанын қарай алатындай мүмкіндік берілуге тиіс. Яғни, жүйе барынша жария, ашық болуы керек. Тіпті осы міндетті сақтандыру үшін арнайы қор құру да қажет емес. Бұл қосымша шығын, сақтандыру саласын монополиялау. Менің ойымша, бұл іске қазіргі нарықтағы сақтандыру компанияларын тарту арқылы тұрғындарға таңдау еркіндігін беру қажет. Сөйтіп бәсекелестік орта қалыптастырған жөн», – дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Айбек Таңатбаев.
Табиғи апатты алдын-ала болжау аса қиын. Бірақ оның салдарына алдын-ала дайындалуға болады. Тұрғынүйді міндетті сақтандыру жүйесін енгізу осы мақсатты көздейді. Ең бастысы, жаңа механизм халыққа түсінікті, қолжетімді әрі шын мәнінде қиын жағдайда қалған азаматқа нақты көмек бере алатындай болуға тиіс.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
