Арқалықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ертеңгі даму бағдарында елеулі өзгерістер бар. Қала экономикасына инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, көлік-логистика әлеуетін арттыру, инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асып жатыр.
Әсіресе, әуежайдың қайта іске қосылуы, теміржол вокзалының жаңаруы, тұрғын үй қорын қалпына келтіру және әлеуметтік нысандар құрылысы шаһардың жаңа даму кезеңіне қадам басқанын аңғартады. Қала әкімі Әмірхан Асанов брифинг барысында Арқалықтың 2026 жылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жариялап, негізгі салаларда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Бұл ретте өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығының мүмкіндіктерін кеңейту, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік саланы қолдау жұмыстары өзара сабақтастықта жүргізіліп келеді.
Инвестиция – жаңа жұмыс орындарының негізі
Қала экономикасын өркендетудің маңызды тетігі – инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу. Бұл бағыттағы белсенділік жоғары. Биыл өнеркәсіп саласында жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын үш инвестициялық жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 47 жаңа жұмыс орны ашылыпты.
Солардың ішіндегі ең ірісі – «Aspan Energo» ЖШС-нің қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясын салу жобасы. Құны – 30 млрд теңге. 22 адам жұмыспен қамтылды. Бұл бастама қаланың энергетикалық әлеуетін арттырып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға салмақ қоса түсті.
«Сонымен бірге «ARQALYQREMSERVIC» ЖШС қиыршық тас карьеріне арналған ұсақтау кешенінің жабдықтарын орнатты. Жиырма адам жұмысқа қабылданды. Бұған қоса, кәсіпорын 40 млн теңгеге бетон араластырғыш қондырғы сатып алып, іске қосты. Сағатына 90 текше метр бетон өндіруге қауқарлы бұл нысанда тағы бес адам еңбек ететін болады», – деп мәлімдеді қала басшысы.
Шағын және орта кәсіп саласында да ілгерілеу бар. Биыл 325 млн теңгеге бес жоба іске қосылып, 89 жұмыс орнын құрылған. Олардың қатарында асхана, наубайхана, кондитерлік цех, кафелер бар.
«Қонақ үй қызметін дамыту бағытында да екі жоба жүзеге асты. «Торғай ет» ЖШС кәсіпорын ғимаратын 10 млн теңгеге қайта жабдықтап, 11 жатын орны бар қонақ үй ашты. Мұнда екі адам жұмыс істейді. Ал жеке кәсіпкер Есілбаева 15 млн теңге инвестиция салып, «Қызыл қозы» қонақ үйін іске қосты», – дейді Әмірхан Біркенұлы.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының тірегі
Арқалық үшін агроөнеркәсіп кешеннің орны ерекше. Биыл бұл аймақта 341 мың гектарға дән себілді. Орақ науқанының нәтижесі де олқы емес. 250 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 8,2 центнерден айналды.
Егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін диқандарға бірнеше бағыт бойынша қолдау көрсетілген. «Кең Дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы 1 млрд теңгеден астам қаржы, «Тобыл» ӘКК арқылы 1,8 млрд теңге бөлініпті. Сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» мен «Қазақстан Халық банкі» арқылы 3,6 млрд теңгенің 45 өтінім мақұлданып, қаражат шаруашылықтардың есепшоттарына аударылған.
Саладағы келесі маңызды міндет – өндіріс көлемін ұлғайтып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту. Осы мақсатта агроөнеркәсіптік кешенде жалпы құны 14,6 млрд теңге болатын екі ірі инвестжобаны жүзеге асыру жоспарға алынды. Нәтижесінде 140 жұмыс орны ашылмақ.
«Соларың бірі – «Arkalyk Qus» ЖШС құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жобасы. Бұл бастама кәсіпорынның жылдық жұмыртқа өндіру қуатын 300 млн данаға жеткізуді көздейді. Бұл үшін құрама жем зауыты салынып, қолданыстағы алты құс қорасы кеңейтіліп, жаңғыртылады және қосымша алты жаңа құс қорасы бой көтереді. Жобаның болжамды құны – 8 млрд. теңге. Қазіргі уақытта «Тобыл» ӘКК құрама жем зауыты мен алты құс қорасын кеңейтуге 1,4 млрд теңге қарыз қаражатын бөлді. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жоба толық жүзеге асқанда қосымша 120 адам жұмыспен қамтылады», – дейді қала әкімі.
Мұнымен қоса, «АВ Agro-KZ» ЖШС бастамасымен Арқалықта қой шаруашылығы кластерін құру жобасы қолға алынбақ. Құны – 6,6 млрд теңге. Келесі жылы іске қосу көзделіп отыр. Бұл кәсіпорын 20 адамды жұмыспен қамтымақ.
Кезек күттірмес міндет – коммуналдық желілерді жаңғырту
Қаланың тұрақты дамуы алдымен инженерлік инфрақұрылымның жай-күйіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, кәріз және жылу желілерін жаңарту – Арқалық үшін аса маңызды міндет.
Былтыр «Арқалық қаласының кәріз желілерін қайта жаңарту» жобасы басталған-ды. Бірінші кезеңінде 17 шақырым желіні жаңарту көзделген. Жоба құны – 1,8 млрд теңге. Кейінгі екі жылда он шақырым кәріз желісі жаңартылды. Сондай-ақ мердігер ұйым өз қаражаты есебінен қосымша 825 метр желіні жаңғыртқан. Бірінші кезең толық аяқталғаннан кейін кәріз желілерінің тозу деңгейі 86-дан 56 пайызға дейін төмендемек.
«Жұмыстың келесі кезеңінде тағы 35 шақырым кәріз желісін жаңарту жоспарланып отыр. Оның жалпы құны – 6 млрд теңге. Екі кезең толық жүзеге асқанда кәріз жүйесіндегі тозу деңгейі 6 пайызға кемиді, – дейді Әмірхан Асанов. – Жылумен жабдықтау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл 9,9 шақырымдық жылу желілерін жөндеу жұмыстары жалғасты. Жоба құны – 5 млрд теңге. Биыл шақырымнан астам желі қалпына келтірілді. Қалғаны келер жылға еншіленіп отыр. Нәтижесінде осы учаскедегі жылу желілерінің тозу көрсеткіші 41-дан 12 пайызға дейін төмендейді».
Бұған қоса, сегіз шақырымдық магистралды жылу желілерін жаңарту жобасы жүзеге асып жатыр. Биыл жаңатылғаны – 4,5 км. Қалғанын келесі жылы жаңарту жоспарланып отыр. Алайда жобаны толық аяқтау үшін тағы 6,6 млрд теңге қажет.
Сәніне сапасы келіскен
Арқалықтың қалааралық және ішкі жолдары да кезең-кезеңімен қалыпқа келе бастады. Жалпы, қаланы айналадағы елді мекендермен байланыстыратын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 261,2 шақырым. Кейінгі үш жылда 3,2 млрд теңгеге 130 шақырымы жөнделіпті.
«Биыл 49 млн теңгеге оңтүстік айналма жолдың 1,7 шақырым учаскесіне қиыршық тас төселіп, жеңіл-желпі жөндеу жасалды. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 60,5 пайызға өсті. Қала ішіндегі 48,8 км жол да тегістелді», – дейді Әмірхан Асанов.
Қала келбетін көркейту жұмыстарына биыл 2,2 млрд теңге жұмсалды. Қаражат көп қабатты үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге, қоғамдық орындарды жаңартуға, балаларға арналған нысандар орнатуға және көшелерді көріктендіруге шығындалды. Облыс қазынасынан бөлінген 890 млн теңгеге 29 тұрғын үйдің қасбеті жөнделіп жатыр. Оның 21-і дайын. Сондай-ақ 25 үйдің төбе жабыны ауыстырылды.
«Қаланың қоғамдық кеңістіктерін жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Теміржол вокзалы алдындағы саябақты кешенді абаттандыруға 350 млн теңге жұмсалды. А.Байтұрсынұлы аллеясына 38 млн теңгеге жаңа субұрқақ орнатылды. Демалыс саябағында 17 млн теңгеге барлық маусымда пайдалануға болатын тюбинг аттракционы іске қосылды. Бұған қоса, көп қабатты жеті үйдің сырты, 461 көше бағаны жарықтандырылды. Тұрғындардың қоғамдық көлікті пайдалануына қолайлы жағдай жасау үшін 20 млн теңгеге 15 жаңа аялдама қойылды», – деп мәлім етті қала басшысы.
Мұның бәрі қаланың сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай туғызғаны анық.
Тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандар жаңарды
Арқалықта тұрғын үй мәселесі де шешімін таба бастады. Биыл 1,9 млрд теңгеге бос тұрған көп пәтерлі үш тұрғын үй қалпына келтіріліп жатыр. Жобалар аяқталғаннан кейін 110 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл – баспанаға мұқтаж азаматтардың қолы жететін игілік.
Спорт инфрақұрылымын дамытуға да басымдық беріліп отыр. Осы бағытта жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын екі жоба іске асуға тиіс. Біріншісі – жабық хоккей кортын салу. Жобаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 545 млн теңге бөлінген. Нысанның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу жұмыстары атқарылғанымен, оны толық аяқтау үшін қосымша 88 млн теңге қажет болып отыр.
«Екіншісі – Родина ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу. Бұл жобаға республикалық және облыстық бюджеттерден 646 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен Арқалықта 1,6 млрд теңгеге тағы бір спорт кешені салынып жатыр. Аталған нысандардың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен «Жігер» стадионы жөнделгенін айта кетейік», – дейді қала басшысы.
Қала қазынасынан 54 млн теңге бөлініп, оған спорттық құрал-жабдықтар сатып алынып, саябақтар мен көп қабатты үйлердің аулаларындағы спорт алаңдары жаңартылған. Бұған қоса, «Arkalyk Qus» кәсіпорнының демеушілігімен 8 млн теңгеге жасанды төсеніші бар шағын футбол алаңы салынды. Мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және нысандарды жөндеуге биыл 147 млн теңге жұмсалыпты.
Ауқымды істер алда тұр
Қала әкімі жария еткен мәліметтер Арқалықтың әлеуметтік-экономикалық дамуында бірнеше маңызды бағыттың қатар өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Өнеркәсіпке инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайту, әуе және теміржол қатынасын дамыту, инженерлік желілерді жаңарту, тұрғын үй қорын қалпына келтіру – мұның бәрі шаһардың әлеуетін қалыптастыратын негізгі тетіктер.
«Жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды іске асыру, қаланың инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Арқалықтың бүгінгі дамуы тек жаңа нысандар салу немесе жол жөндеумен шектелмейді. Бұл – қаланың экономикалық мүмкіндігін кеңейту, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, жастарға жұмыс пен кәсіпкерлікке жол ашу, бастысы, туған өлкенің болашағына деген сенімді нығайту», – деді қала әкімі.
Шын мәнінде, Арқалықтың жаңғыру жолындағы әрбір бастаманың түпкі нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табуға тиіс. Алда атқарылар жұмыс ауқымды. Ендеше, қаланың кемел келешегі жолындағы ортақ еңбек пен бірліктің маңызы бұрынғыдан да арта түспек.

