Қырғызстан Ыстықкөлде 1,2 млрд еуроға тау курортын салып жатыр: алғашқы кезеңі желтоқсанда ашылады Screenshot

Қырғызстан Ыстықкөлде 1,2 млрд еуроға тау курортын салып жатыр: алғашқы кезеңі желтоқсанда ашылады

Қазақстан Алматы тау кластерін кеңейтіп, жаңа тау шаңғы курорттарын дамытуға инвестиция салып жатқанда, көрші Қырғызстан да осы бағыттағы ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Ыстықкөл облысында құны 1,2 млрд еуроға бағаланған «Ала-Тоо Резорт» тау курортының алғашқы кезеңін 2026 жылғы 1 желтоқсанда ашу жоспарланып отыр. Жыргалан аңғарында салынып жатқан кешен жыл бойы туристерге қызмет көрсетпек.

Жобаның алғашқы кезеңінде алты аспалы жол мен жалпы ұзындығы 47 шақырымнан асатын шаңғы трассасы іске қосылады. Ал курорт толық аяқталған кезде шаңғы жолдарының ұзындығы 250 шақырымға жетпек.

Бұрын «Үш шың» деп аталған жоба Жыргалан, Ақ-Бұлақ және Боз-Үчүктү аймақтарын қамтиды. Құрылыс жұмыстары 2038 жылға дейін бірнеше кезеңмен жүргізіледі.

Курорт тек қысқы демалысқа арналмаған. Жаз мезгілінде мұнда жаяу серуендеу, атпен саяхаттау және экотуризм бағыттарын дамыту көзделген. Жоба толық іске қосылғаннан кейін жылына 2 млн турист қабылдау жоспарланып отыр.

Көтергіштер мен аспалы жолдарды аустриялық Doppelmayr компаниясы салып жатыр. Құрылыс 2025 жылдың жазында басталған. Қазіргі уақытта алғашқы екі аспалы жолдың құрылысы аяқталған. Олардың ең ұзыны 2 296 метрді құрайды.

Биыл ақпанда «Ала-Тоо Резорт» пен Doppelmayr арасында тағы төрт аспалы жол салу туралы келісімшарт жасалды.

Ал шаңғы жабдықтарын жалға беру, сақтау және жөндеу орындарына қажетті құралдарды аустриялық MRM GmbH компаниясы жеткізіп жатыр. Жабдықтарды орнату мен сынақтан өткізу 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

Курорт аумағындағы қонақүйлер, мейрамханалар мен спа-кешендер жеке инвестиция есебінен бой көтереді. Оларға арналған жер телімдері онлайн-аукцион арқылы сатылып жатыр. Мамыр айында өткен үш кезеңдік сауда қорытындысы бойынша туристік нысандар салуға арналған 39 жер телімі сатылған.

Жобаға қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Курорт 35,4 млн сомға қарда жүретін көліктер, қар тазалау техникасы, қоқыс таситын машина және жарықдиодты экрандар сатып алуда.

Қазақстанда да тау туризмін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Алматы тау кластері аясында 2029 жылға қарай Almaty Superski курортын іске қосу жоспарланған.

Көкжайлауда 60 шақырым шаңғы трассасын салып, 17 көтергіш орнату көзделген. «Ой-Қарағай» курорты биыл трассаларының ұзындығын 38 шақырымға дейін ұлғайтты. Ал Шымбұлақта жаңа көтергіштер мен шаңғы жолдарын салу жоспарланып отыр.

Өңірдегі тау туризміне Әзербайжан да инвестиция құйып келеді. Елдегі «Шахдаг» курортына салынған инвестиция көлемі 1,3 млрд доллардан асқан.

Осылайша, Қазақстан, Қырғызстан және Әзербайжан тау туризмін дамытып, халықаралық туристерді тартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қырғызстандағы «Ала-Тоо Резорт» осы өңірлік бәсекенің жаңа нысандарының біріне айналмақ.