Денисов ауданында Қазақстан тарихын, мемлекеттік тілді және ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған «Қазақстан тарихы күні» әлеуметтік жобасы өз мәресіне жетті.
Жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылды. Тапсырыс беруші – Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ал жобаны орындаушы – «Келешек 2050» қоғамдық қоры.
Жобаның қорытынды кезеңінде «Тіл және тарих» атты аудандық қысқаметражды бейнероликтер онлайн байқауының нәтижелері жарияланды.
Қатысушылар мемлекеттік тіл, оның тарихы мен қоғам өміріндегі маңызы туралы заманауи цифрлық контент әзірледі. Байқау жұмыстары арнайы комиссияның бағалауынан өтіп, үздіктер анықталды.
30 қазанда «Ұлттық мұра» атты ұлттық мәдениет фестивалі өтті. Іс-шараның негізгі бөлігі Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің материалдары негізінде ұйымдастырылған «Дәстүрмен өрілген тарих» көшпелі көрмесі болды.
Көрмеге қатысушылар дәстүрлі тұрмыс бұйымдарымен танысып, жүн өңдеу және дәстүрлі кілем тоқу бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.
Ал 3 қарашада қорытынды қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды. Онда жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылып, аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Жалпы, жоба аясында тарихи квесттер, интерактивті дәрістер, зияткерлік ойындар, пікірсайыстар, бейнероликтер байқауы және ұлттық мәдениетті насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар өткізілді.
«Қазақстан тарихы күні» жобасы тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылықты заманауи, интерактивті әрі жастарға қолжетімді форматтар арқылы қалыптастыруға болатынын көрсетті.

Айта кетейік, жоба Денисов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылды. Орындаушы – «Келешек 2050» қоғамдық қоры.
