Республика күніне қарсаңында қолдарына қалам алған басшылар мен қызметкерлер партаға диктант жазуға отырды.
Осылайша мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған «Ұлттық диктант» жобасы бастау алды.

Бұл бастама Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасын қолдау мақсатында облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
«Ұлттық диктант» жай ғана емтихан жасап, біреуді сынап, біреудің қатесін әшкерелеу емес, бұл мемлекеттік тілге деген құрметтің, азаматтық ұстанымның және ұлттық бірегейліктің айқын көрінісі. Жоба тіл тазалығын сақтау, жазу мәдениетін жетілдіру және ана тілімізде сауатты жазуға баулу мақсатында қолға алынған жалпы республикалық мәдени-ағартушылық акция. Аталмыш іс-шараға зиялы қауым өкілдері, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Арнайы келген қонақтардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов те бар, ол қатысушыларға жүрекжарды тілегін жеткізді:

«Ұлттық диктант тіліміздің мәртебесін дәріптеген игі бастама. Республика күні қарсаңында тілге деген құрметті арттырып, ұлттық сана мен рухты қалыптастыру бәріміздің ортақ борышымыз. Тіліміз – ұлттың жаны, елдігіміздің тұғыры», – деді ол.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов өз сөзінде:

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен қолға алынған «Ұлттық диктант» жобасы елімізде Тілдер күні мен Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде бастау алған еді. Диктант жазу бағалау үшін емес, қазақша жазу дағдысын қалыптастыруға бағытталған халықтық жоба», – деп атап өтті.
Ал Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай:

«Пернетақтаға үйренген мына заманда өзімнің партаға қашан соңғы рет отырып, диктант жазғаным да есімде жоқ. Сондықтан бүгінгі басқосу тілге деген құрметіміздің нақты көрінісі. «Ұлттық диктант» сауаттылықты ғана емес, елдік сананы қалыптастыратын, рухты серпілтетін бірегей жоба», – деді.
Жиналғандар жарты сағат көлемінде диктант жазып, оны өздері тексеріп, қатесін тауып, өздерін бағалап жатты. Осындай игі бастамалар арқылы қазақ тілінің қадір-қасиеті артып, ұлттық болмысымыздың негізі беки түспек. Тілімізге деген сүйіспеншілік – елдігіміздің нышаны, рухымыздың тірегі.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Айдана Марат
