Бүгін Рудный қаласы әкімдігіне «Rydnyi media» серіктестігінің құрамындағы «Рудный дауысы» телерадиокомпаниясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Қала әкімі Виктор Ионенко ұжымды мерейтойымен құттықтап, олардың қаланың ақпараттық кеңістігін дамытудағы елеулі еңбегін ерекше атап өтті.

«Компанияның тарихы 1996 жылдан бастау алады – бұл қаладағы медиа кеңістік енді ғана қалыптасып жатқан кезең еді. Осы жылдар ішінде «Рудный дауысы» алғашқы хабарлардан бастап бүгінгі заманауи медиа алаңға дейін өсіп, мерейтой қарсаңында жаңа белеске көтеріліп, ұлттық цифрлық эфирлік хабар тарату желісінде өз телеарнасын іске қосты. Бүгінде телерадиокомпания қала тұрғындары үшін маңызды ақпарат көзі болып қала беріп, өзекті жаңалықтарды жеткізіп, қоғаммен ашық әрі шынайы диалог қалыптастыруда», – деген қала әкімі ұжымға шығармашылық шабыт, кәсіби биік белестер мен жаңа жетістіктер тіледі.
Осы ұжымға үлес қосқан тұлғалар марапатталды.

Осы жиырма жылға жуық уақытта Рудный қаласының ақпарат кеңістігімен біте қайнасып, бұқаралық ақпарат құралдарын басқару жүйесін жетілдіру, телевидение, радио және басылым жұмысын бір арнаға тоғыстырып, медиа холдинг қалыптастыру жолында мол тәжірибе жинады 12 жыл «Rydnyi media», «Рудный дауысын» басқарған экс басшы Кенжеш Оразғалиқызы.

«Бұл айтулы белес – ұжымның табанды еңбегінің, кәсібилігінің және ақпарат кеңістігіндегі абыройлы жолының айқын көрінісі. Осы жылдар ішінде сіздер өңір тынысын дөп басып, халық пен билік арасындағы сенімді ақпарат көпіріне айналдыңыздар. Мен үшін бұл ұжым қызмет орны ғана емес, өмірімнің маңызды бір белесі, тағылымы мол үлкен мектеп болды. 2004–2022 жылдар аралығында осы қара шаңырақта түрлі қызметтерді атқарып, медиа саласының барлық қыр-сырын меңгеру бақыты бұйырды. Бұл жылдар кәсіби қалыптасуыма зор ықпал етіп, ақпарат саласындағы тәжірибемді байытты. Он сегіз жыл ішінде осы қасиетті қара шаңырақта радиожүргізуші, тележүргізуші, ТВ корреспонденті, жауапты хатшы, директор қызметтерін атқарып, сондай-ақ «Рудненский рабочий» газетінде еңбек етіп, кейін құрамына телевидение, радио және баспасөзді біріктірген «Rudnyi media» ЖШС-нің құрылып, қалыптасып, дамуына үлес қосып, бас редакторы болу – мен үшін бір айтулы, мәртебелі жетістік», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.


Бұл жылдар оны шыңдады, кәсіби тұрғыдан өсірді, ең бастысы – халық пен билік арасындағы сенімді ақпарат көпірін құрудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Ұзақ жыл еңбек етіп, жетістіктерге жетуіне үлес қосқан ұйымның бас есепшісі Ирина Неживых пен «Рудный дауысы» радиосының редакторы Дмитрий Фроловты марапаттады.
Кездесуде серіктестердің рөліне ерекше назар аударылды. Ұйым өкілдері журналистерге ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. Атап айтқанда, салық қызметінің қызметкерлері салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндірудегі телерадиокомпанияның үлесін жоғары бағалап, ақпараттың нақты әрі түсінікті түрде жеткізілгенін атап өтті.
Партиялық құрылымдар мен өзге де ұйымдардың өкілдері жобалар мен бастамаларды жариялап отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
«Kostanay media» медиахолдингі директорлар кеңесінің мүшесі Александра Серғазинова қазіргі қоғамдағы бұқаралық ақпарат құралдарының маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, ақпараттық саясат ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты, ал журналистің жұмысы жоғары жауапкершілік пен белсенділікті талап етеді.
«Бұқаралық ақпарат құралдарынсыз бірде-бір маңызды оқиға қоғамға жетпейді. Бұл — нығайтуды қажет ететін шынайы әріптестік», – деді Александра Серғазинова.
Отыз жылды артқа тастаған ұжым шығармашылық шабыт, толағай табыс, тың идеялар мен биік белестерді бағындырды бергей. Көрермен сенімінен әрдайым шығып, ақпарат айдынында абыройлы қызмет ете берсін.
