Елді сүю – оның табиғатын аялаудан, туған жердің тазалығына үлес қосудан басталады. Республика күніне орай Allur кәсіпорнының қызметкерлері осы ұстанымды іс жүзінде көрсетіп, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.
Кәсіпорынның барлық бөлімшесінің мамандары мен басшылығы ортақ іске жұмылып, зауыт аумағын тазалап, айналаны абаттандыруға атсалысты.

Сенбілік басталмас бұрын кәсіпорынның техникалық директоры Бахтияр Елеусизов ұжымға үндеу жасап, экологиялық бастамаларды қолдау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті.

«Таза Қазақстан» аксиясы – әрқайсымызды айналамыздың тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндейтін бастама. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде қоршаған ортаны қорғау мен елдімекендерді абаттандыруға айрықша мән берілуде. Осы ортақ іске үлес қосу өзіміз еңбек ететін, өмір сүретін ортаны таза ұстаудан басталады», – деді ол.
Республика күні – елдіктің еңсесін көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілік пен ортақ жауапкершілікті дәріптейтін мереке. Осы орайда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамалар да туған жерге деген құрметтің нақты көрінісі саналады.

Сенбілік кезінде қызметкерлер ағаштардан түскен жапырақтарды жинап, кәсіпорын аумағын ретке келтірді. Нәтижесінде шамамен 100 қап жапырақ жиналып, аумақтан шығарылды.
Кәсіпорында тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп, зауыт пен оған іргелес аумақтардың жай-күйіне күнделікті көңіл бөлінеді.
Ал бұл жолғы сенбілік қызметкерлердің бірлігін нығайтып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ортақ бастаманың жалғасына айналды.
Жұмыс аяқталған соң қатысушыларға арнап шай дастарханы жайылып, музыкалық сүйемелдеумен шағын демалыс ұйымдастырылды.

Қызметкерлер бір-бірімен еркін әңгімелесіп, ортақ іске жұмылған күнді көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.
Республика күніне орай өткен бұл іс-шара мерекенің мәнін күнделікті іспен ұштастырды. Өйткені туған жердің тазалығын сақтау, табиғатты қорғау және қоғам игілігі үшін бірлесе еңбек ету – елге деген құрметтің маңызды бөлігі. Табиғатты аялау үлкен істерден ғана емес, әр адамның шағын әрекетінен басталады. Allur ұжымының акцияға қатысуы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың және ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етудің маңызын көрсетті.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – Allur кәсіпорнының баспасөз қызметі
