Қостанайда ЖРВИ күшейді: науқастардың жартысынан астамы – балалар

Қостанайда ЖРВИ күшейді: науқастардың жартысынан астамы – балалар

Қостанай облысында балалар арасында тұмау ауруы өршіп тұр. Соңғы аптада жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 5 880 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың жартысынан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың қатарында бір жасқа дейінгі 72 сәби бар.

Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері облыста тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі вирустардың айналымына тұрақты мониторинг жүргізуде. Зерттелген 170 сынаманың 24-інен риновирус (14,1%), ал екеуінен коронавирус (1,1%) анықталды.

Тұмаудың алдын алудың негізгі жолдарының бірі вакцинация алу. Биыл эпидемиологиялық маусымға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 80 мың доза вакцина сатып алынған. 21 қазандағы жағдай бойынша облыста 19 213 адам тұмауға қарсы екпе алды.

Бұл жоспарланған вакцина көлемінің 24%-ын құрайды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымованың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу шараларын назардан тыс қалдыруға болмайды.

«Тұмауға қарсы вакцинация аурудың алдын алуға және ауыр асқынулардың қаупін төмендетуге көмектеседі. Әсіресе балалардың, жүкті әйелдердің, егде жастағы адамдардың және созылмалы аурулары бар азаматтардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу қажет. Тұрғындарды вакцина алуға, жеке гигиена талаптарын сақтауға және ауру белгілері пайда болған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгінуге шақырамыз», – деп атап өтті Гүлім Досымова.

Мамандар респираторлық инфекциялар кең таралған кезеңде адам көп жиналатын орындарға баруды шектеуге, қолды сабынмен жиі жууға, антисептиктерді пайдалануға, қажет болған жағдайда медициналық маска тағуға және адамдар арасындағы қашықтықты сақтауға кеңес береді. Сонымен қатар дұрыс тамақтану, жеткілікті демалу және дене белсенділігін сақтау маңызды.

Ауру белгілері байқалған жағдайда үйде қалып, дәрігерді үйге шақыру қажет. Өз бетінше емделуге болмайды. Ауырған адамның жұмысқа немесе қоғамдық орындарға бармауы инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА