Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Сапарғали Әбдиев өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жаңа Конституцияға сәйкес, мемлекет пен діни бірлестіктер бір-бірінен бөлек, ал саяси және қоғамдық шешімдер діни қағидаларға емес, Конституция мен заңдарға негізделеді. Сондай-ақ Ата Заң әрбір азаматтың ар-ождан бостандығы мен діни сенімге құқығын қамтамасыз етеді, барлық діндер мен сенім өкілдерінің құқықтарын тең ұстайды. Заң шеңберіндегі жұмыстар облысымызда жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері өңірде конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтуға, діни сауаттылықты арттыруға және діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған екі мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған.
Басқарма өкілі өңірдегі діни ахуал, діни бірлестіктердің қызметі, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған апталықтың қорытындылары туралы да айтып өтті.
Алдағы уақытта облыстағы діни жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілмек. Діни саладағы мемлекеттік саясат «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Қостанай облысында 10 конфессияны қамтитын 102 діни бірлестік тіркелген. Олардың қатарында 26 исламдық, 33 православиелік, төрт католиктік, 40 протестанттық және бір кришнаиттік бірлестік бар. Өңірде барлығы 90 діни нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 26 мешіт, 31 православ шіркеуі, төрт католик шіркеуі және 29 ғибадат үйі бар.
Діни бірлестіктердің басшыларымен заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар жұма намаздары, жексенбілік және мерекелік құлшылықтар кезінде мониторинг ұйымдастырылады. Басқарма мәліметінше, діни бірлестіктер тарапынан заң бұзушылықтар тіркелмеген. Қазіргі уақытта облыста 11 миссионер қызмет атқарады. Олардың екеуі католицизмді, тоғызы протестантизмді ұстанады. Миссионерлер Польша мен Ресей азаматтары. Олардың тарапынан да заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталмаған.
14-21 қазан аралығында Қостанай облысында Рухани келісім күніне арналған апталық ұйымдастырылды. Бағдарламаға жастардың зайырлы мемлекет қағидаттары туралы білімін арттыруға, патриоттық сезімін қалыптастыруға және қоғамдағы бірлікті дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шаралар енгізілді. Апталық аясында «Жастардың таңдауы – зайырлы мемлекет» интеллектуалдық ойыны, «Жаһандану дәуіріндегі құндылықтар жүйесі» пікірсайыс турнирі, Діни бірлестіктер лидерлері клубының отырысы, сондай-ақ шахмат пен дойбы турнирлері өткізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарға арналған интеллектуалдық ойындар мен пікірсайыстар діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алуға, зайырлылық қағидаттарын түсіндіруге және сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған. Апталықтың маңызды оқиғаларының бірі – Діни бірлестіктер лидерлері клубының алғашқы отырысы болды.
Кездесуде конфессияаралық келісімді нығайтудағы мемлекеттік саясаттың маңызы, діни бірлестіктердің өңірдің дамуына қосқан үлесі және қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттау, рухани тәрбие беру және қоғамдық санадағы құндылықтар жүйесін дамыту мәселелеріне назар аударды. Апталық аясында «Қазақстан – әлемнің рухани астанасы» тақырыбындағы көрме ұйымдастыру да жоспарланған.
Қостанай облысында дін саласындағы профилактикалық жұмыстар үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Олар – халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, интернет кеңістігінде деструктивті діни идеологияға қарсы насихат жүргізу және радикалды көзқарасты ұстанатын адамдарды оңалту. Бұл бағыттағы жұмыстарға 228 адамнан құралған 21 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмылдырылған. Оның біреуі облыстық, төртеуі қалалық және 16-сы аудандық деңгейде жұмыс істейді.
Жастар арасында алдын алу жұмыстары интерактивті форматта өткізіледі. Атап айтқанда, викториналар, іскерлік ойындар мен пікірсайыс турнирлері ұйымдастырылады. Сонымен қатар студенттер қатысатын «Ұшқын жасағы» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Интернет кеңістігінде деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуына қарсы жұмыс та жалғасып келеді. Бұл бағыттағы іс-шаралар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қамтиды. «ВКонтакте», YouTube, Facebook, Instagram, «Одноклассники» платформаларында, сондай-ақ Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде діни экстремизм мен терроризм идеяларына қарсы ақпарат тарату, Қазақстан қоғамының құндылықтарын насихаттау және діни саладағы заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Брифингте келтірілген мәліметке сәйкес, 2026 жылы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде діни қатынастар тақырыбына арналған 400-ден астам материал жарияланған. Оның ішінде 280 материал мен бейнеролик деструктивті діни идеологияға қарсы насихатқа бағытталған.
Басқарма өкілдері өңірдегі діни ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру және конфессияаралық диалогты дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Бұл шаралар қоғамдық келісімді сақтауға және зайырлы мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
