Республика күніне орай Қостанай облысында журналистер арасында ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы жарияланып, үздік қаламгерлер марапатталды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастыратын байқау өңір журналистикасының дамуына үлес қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби еңбегін бағалауға бағытталған.
Биыл да байқау қорытындысы ұлттық мереке қарсаңында шығарылып, жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов журналистерге сый-сияпат табыстап, олардың қоғам алдындағы маңызды миссиясына тоқталды.
Журналистика – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір.
Ел ішіндегі жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізіп, өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап іздейтін бұл саланың жауапкершілігі зор. Ақпарат ағыны толассыз жаңарған заманда журналистің әр сөзі мен әрбір жарияланымының маңызы арта түсті.
Шынайы ақпарат таратып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ел бірлігін нығайту жолында еңбек етіп жүрген қаламгерлердің еңбегін бағалау – маңызды міндет.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ел дамуына қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.

«Журналистердің қоғамдағы үлесі зор. Үнемі ресми кездесулерден де соны байқап отырамыз. Тәуелсіздігімізді нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, халықты ақпараттандырып, біріктіруге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Бүгін біз тек ризашылығымызды білдіру үшін ғана жиналған жоқпыз. Байқау өтті, оның жеңімпаздары бар. Соларға құтты болсын айтуға келдік», – деді облыс әкімі.
Байқау қорытындысы бойынша өңірдің ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар журналистер түрлі номинациялар бойынша үздік деп танылды. Олардың қатарында газетіміздің тілшісі Шұға Қоңқабай да бар. Әріптесіміз «Жасанды интеллект» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. «Қостанай таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин «Экономиканың қозғаушы күші» номинациясында үздік деп танылды.
Ал газетіміздің фототілшісі Бердіболат Көркембаев Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлықтың иегері болды.
Әріптестеріміздің марапатқа ие болуы – олардың кәсіби ізденісі мен шығармашылық еңбегіне берілген баға. Әсіресе, жасанды интеллект секілді жаңа технологиялар ақпарат саласына дендеп енген кезеңде журналистің тың тақырыптарды игеруі, заман талабына бейімделуі және шынайы дерекке сүйенуі айрықша маңызға ие. Ал экономикалық мәселелерді терең талдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тынысын таныту оқырман үшін де, қоғам үшін де мәні зор жұмыс.
Салтанатты жиында журналистердің кәсіби жауапкершілігі мен ақпараттың анықтығы мәселелері де назардан тыс қалмады. Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Александра Серғазинова сала мамандарына қолдау көрсету бағытында оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл байқаудың жүлде қорының ұлғаюы да журналистік еңбекке деген құрметтің арта түскенін көрсетеді.

«Басшылық тарапынан журналистерді қолдау өсіп келеді. Биыл байқаудың жүлде қоры да ұлғайып отыр. Бұл – біздің жұмысымызға деген зор құрметтің белгісі. Біз қоғам мен билік арасындағы алтын көпір іспеттіміз. Сол себепті фактілерден қателік жібермеуіміз абзал. Бұл жерге соның қадірін жете түсінетін үздіктер бас қосып отыр», – деді ол.
Бұдан кейін журналистерге қазақ журналистикасы мен ұлт руханиятының көрнекті тұлғаларының есімі берілген арнайы номинациялар бойынша марапаттар табысталды.
Мұндай атаулы сыйлықтар кәсіби еңбекті бағалап қана қоймай, ұлттық баспасөздің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мұрасын ұлықтауға мүмкіндік береді.
Республика күніне орай ұйымдастырылған байқау – үздіктерді анықтаған шара ғана емес, өңір журналистикасының бүгінгі тынысын бағамдап, сала мамандарының қоғам алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындаған маңызды басқосу.
Журналистің басты міндеті – ақпарат тарату ғана емес, ақиқаттың ақ туын биік ұстап, ел мүддесіне қызмет ету. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру, халықтың үнін билікке жеткізу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және сенімді ақпарат ұсыну – кәсіби журналистиканың басты қағидалары.
