Ынтымақ күнінің тағылымы

Ынтымақ күнінің тағылымы

​1-мамыр – бұл тек күнтізбедегі демалыс емес, тамыры терең, мағынасы кең, ұлттық тұтастығымыздың іргетасын бекемдейтін ерекше күн.

Халқымыз: «Ырыс алды – ынтымақ» деп тегін айтпаған. Кез келген елдің басты байлығы – оның ішкі тұрақтылығы мен халқының ауызбіршілігі. Бұл күн бізге береке мен молшылықтың тек тыныштық орнаған жерге келетінін ұғындырады. Қазақ жері – тағдырдың жазуымен келген талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан алтын бесік. Ынтымақ күнінің тағылымы – ата-бабамыздың кеңпейілділігін, қонақжайлылығын, парасаттылығын паш етеді. Бұл – өткен тарихқа құрмет, келешекке аманат. Асыл дініміз де адамдарды нәсіліне, ұлтына немесе жағдайына қарап бөлмей, бәрін тең көріп, бір-біріне жанашыр болуға үндейді. Алла Тағала Құранда:

«Барлығың Алланың жібіне яғни хақ дініне мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар…»

Ардақты пайғамбарымыз с.ғ.с.:

«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол оған қиянат жасамайды, өтірік айтпайды және оны көмексіз қалдырмайды…» — деген.

Ынтымақ күні әрбір азаматтың бойында «Мен – Қазақстан азаматымын!» деген мақтаныш сезімін оятады. Ортақ мақсат, ортақ мүдде жолында бірігу – мемлекеттің егемендігін нығайтудың басты кепілі.

​Бұл күнінің басты тағылымы – адамгершілік пен бауырмалдық.

​Бірлік күнінің тәрбиелік мәні ол – жас ұрпақтың бойына бейбітшілікті сүю, өзгеге құрмет көрсету және өз елінің патриоты болу қасиеттерін ұялатады.

Бірлік – ел тірегі. Қоғамда татулық болса, тұрақтылық пен даму да болады. Сыйластық – берекенің бастауы. Бір-бірін құрметтеген қоғамда қашанда ынтымақ пен бірлік нығая түседі. Өзара түсіністік пен татулықты сақтау – әрқайсымыздың парызымыз.

Қадірлі ағайын!  Баршаңызды ынтымақ күнімен шынайы ықыласыммен құттықтаймын. Еліміздің басты байлығы – татулық пен береке әрқашан еселене берсін. Отанымыздың аспаны ашық, іргесі берік, болашағы жарқын болсын. Алла тағала шаңырақтарыңызға береке-бірлік, мол ырыздық-несібе берсін. Барлық бастамаларыңыз бен игі істеріңіз,  жемісті де нәтижелі болғай! Әмин!

 

                                Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы