Қостанай облысының қолөнершілері Өскеменде ерекше жетістікке жетті. Өңірден келген 29 шебер бірлесіп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл – қостанайлық шеберлердің алғашқы жетістігі емес. Бұған дейін де ұлттық өнерді насихаттауда талай биікті бағындырған өнерпаздар бұл жолы да ұйымшылдық пен шеберліктің үлгісін көрсетті.
Өскемен қаласында облыстық әкімдік пен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткен «Ғасырлар үні» халықаралық қолөнер фестивалі аясында «Аламан құрақ» жобасының төртінші кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық өнерді ұлықтаған ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген қолөнер шеберлері қатысып, құрақ өнерінің терең тарихы мен рухани құндылығын дәріптеді.

Жобаның авторы – белгілі қолөнер жанашыры Алматы қаласының тұрғыны — Нұргүл Абайхан. «Аламан құрақ» жобасы 2023 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Басты мақсаты – қазақтың байырғы құрақ құрау өнерін әлемге таныту, ұлттық мұраны келер ұрпаққа аманат ету және болашақта жобаны ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу.
Биылғы фестивальге 8 мемлекеттен келген қолөнершілер мен Қазақстанның 17 облысынан жиналған шеберлер қатысты. Әр өңірден келген өнер иелері өздерінің шеберліктерін көрсетіп, ұлттық нақыштағы бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.

Қостанай командасының табысты өнер көрсетуіне облыстық мәдениет басқармасы зор қолдау білдірген. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамаларға жан-жақты жағдай жасалып, шеберлердің шығармашылық ізденістеріне мүмкіндік берілген.
Қостанайлық қолөнершілер тобының көшбасшысы Зейнеп Хасенова жобаның маңыздылығына тоқталып:
«Біздің мақсатымыз – ата-бабадан келе жатқан асыл мұрамыз құрақ құрау өнерін дамыту, оны ұрпаққа аманаттау. Ұлттық өнерімізді әлемге таныту, насихаттау. Бұл – дер кезінде қолға алынған қажет жоба деп есептеймін», – дейді.

«Аламан құрақ» – тек қолөнер көрмесі ғана емес, ұлттық рухты жаңғыртып, мәдени мұраны ұлықтайтын тағылымды жоба. Осындай бастамалар арқылы қазақтың төл өнері халықаралық деңгейде танылып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылық арта түспек.
БОТА МАНЕТ
