Қостанайда өткен «Жұмыс беруші күні» студенттер мен жұмыс берушілерді бір алаңда тоғыстырды. Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде ұйымдастырылған шарада өңірдегі кәсіпорындар бос жұмыс орындарын ұсынып, жастарға мансаптық бағыт-бағдар берді. Кездесу барысында өндіріс, агроөнеркәсіп, энергетика және қызмет көрсету салаларындағы кадр тапшылығы сөз болып, жұмыс берушілер жас мамандарға деген сұраныстың артып отырғанын айтты.
Ауқымды шара Қостанай қаласындағы университеттің жаңа спорт залында ұйымдастырылып, оған бизнес өкілдері, мемлекеттік мекемелер, студенттер, колледж және жоғары оқу орындарының түлектері қатысты. Қатысушылар жұмысқа орналасу, мансаптық даму және кәсіби бағдар бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінде еліміз энергетикалық әлеуетті күшейту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік пен логистиканы жетілдіру және цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы тұрғыда «Жұмыс беруші күні» жұмыс берушілер мен жас мамандар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды. Іс-шараға алғаш рет қатысқан «Дэп» компаниясының кадр қызметінің жетекшісі Алина Зюбан университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланыстың маңызын ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, өндірістік кәсіпорындарда кадр тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе жаз мезгілінде балмұздақ өндірісін күшейтуге байланысты компанияға жинақтау операторлары, слесарьлар, жүк тиеушілер және өндірістік цехтарға жұмысшылар қажет.
— Кәсіпорын үнемі дамып, жаңа жабдықтармен толықтырылып жатыр. Сондықтан жаңа технологияларға тез бейімделетін, икемді әрі білімді жастар қажет, — дейді Алина Зюбан.
Ал «Аян-Озат» ЖШС маркетинг бөлімінің жетекшісі Манас Берденов жастардың қазіргі қоғамдағы қозғаушы күш екенін айтты.
— Біз жастарға ақпарат беріп қана қоймай, олардың бойындағы энергия мен әлеуетті компаниямыздың дамуына бағыттағымыз келеді. Жыл сайын осындай жәрмеңкелерге қатысамыз. Өткен жылы жиырмаға жуық студентпен сұхбат жүргізіп, бір студентті жұмысқа қабылдадық, — дейді ол.

Компания бүгінде өндірістік цехтарға технолог көмекшілерін, жеткізушілерді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын «ҚазАгрос» кәсіпорнына инженер-конструкторларды іздеуде.
Манас Берденовтің айтуынша, жәрмеңке барысында көптеген студенттер қызығушылық танытып, байланыс нөмірлерімен алмасқан.
Іс-шара барысында студенттердің де пікірі тыңдалды. Солардың бірі – Иван Кузнецов. Ол қазіргі таңда аталған университеттің энергетика және машина жасау кафедрасында оқу шебері болып жұмыс істейді.

Студент бірінші курстан бастап жұмысқа орналасқанын айтып, оқу мен жұмысты қатар алып жүрудің үлкен тәжірибе беретінін жеткізді.
— Мен кафедрадағы оқу процесіне көмектесемін, студенттердің тәжірибелік жұмыстарын тексеремін, түрлі ұйымдастыру істеріне қатысамын. Мұнда оқытушылар әрдайым бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетеді. Сондықтан оқу да, жұмыс та қызықты, -дейді ол.

Болашақта магистратураға түсіп, өз мамандығы бойынша әрі қарай дамуды жоспарлап отырған студент жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктердің мол екенін атап өтті.
«Жұмыс беруші күні» – тек бос жұмыс орындары ұсынылған алаң ғана емес, білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтатын маңызды қадам. Осындай кездесулер арқылы жастар болашақ мамандығына бағыт алып, алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтаса, жұмыс берушілер өздеріне қажетті білікті кадрларды табуға мүмкіндік алады.

Мамандардың айтуынша, өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін дәл осындай университет, бизнес және студент арасындағы серіктестік аса маңызды.
Айта кетейік, «Жұмыс беруші күні» жәрмеңкесіне 40-қа жуық ұйым қатысты. Олардың қатарында өнеркәсіптік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, банк саласының өкілдері және өзге де ұйымдар болды. Сонымен қатар іс-шараға облыстағы 14 колледжден студенттер келіп, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің баспасөз қызметі ұсынды
