Қалада төрт жыл ішінде алғаш рет ірі кәсіпорындардың қатары көбейіп, өндіріс көлемі артты. Керісінше, шағын және орта бизнестің саны кеми түскен. Бұл жайында жергілікті әкімдікте өткен дәстүрлі аппарат кеңесінде мәлім болды.
Өнеркәсіп саласында елу ірі кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Ал былтыр олардың саны 42 еді. Биыл ірі кәсіпорындар саны көбейіп, керісінше шағын және орта кәсіпорындар сиреді.
Орта кәсіпорындар өндіріс ауқымын кеңейтіп ірі бизнес санатына ауысуда. Соның есебінен ірі кәсіпорындардың қатары артқан. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Наталья Турлубекова осы жылдың тоғыз айында жеңіл көлік өндірісі былтырғы межеден 13,7 %-ке ұлғайғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Kia зауытының ашылуы арқасында осындай нәтижеге қол жетіп отыр.
«Индустриялы-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асқан он бес жылдың ішінде қалада 61 жоба қолға алынып, тоғыз мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл құны 44,4 млрд теңге болатын тағы тоғыз жобаны іске асырамыз. Бұл жобалардың алды біртіндеп жүзеге асуда. Көпшілігі жылдың соңына дейін халық игілігіне қызмет етпек», – деді Наталья Турлубекова.
Бөлім басшысының баяндамасы бойынша, қаланың тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жаман емес. Барлық салада жоспар жүз пайыз орындалған. Тек қана көтерме сауда саласында аздаған сылбырлық байқалады.
Өткен мерзім ішінде қала экономикасына 193 млрд теңге инвестиция тартылды. Барлық инвестициялардың 87,5%-і немесе 169 миллиард теңгесін жеке капитал құрады. Бұл дегеніңіз бизнес секторының инвестициялық белсенділігін көрсетеді.
Қаланың 2026 жылға арналған бюджеті 153 млрд теңге. 1-қазандағы жағдайға сәйкес мемлекеттік бюджетке 189 млрд теңге қаржы түскен. Соның 79,2 млрд теңгесі қала қазынасына бағытталды. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Наталья Турлубекованың болжамына сәйкес, жыл соңына қарай жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінде 17 миллиард теңгеден астам қаражат жетіспей қалуы мүмкін. Мұның басты себебі – жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты бюджет кірістері азаюда. Бюджет тапшылығын болдырмау үшін қыркүйек айында шығыстар 2,1 миллиард теңгеге оңтайландырылды. Қазан айында кірістер 1,3 миллиард теңгеге қысқартылды. Жыл соңына дейін 4,2 миллиард теңге сомасындағы қаражатты оңтайландыру жоспарлануда.
«Бүгінде бюджетке қатысты мәселе туындап отыр, өйткені кіріс бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмай жатыр. Сондықтан басымдыққа ие емес шығындарды келесі жылға қалдыруға немесе оларды оңтайландыруға тура келеді. Осындай амалдар ғана бар», – деген қала әкімі кірістер мен шығыстарды талдау арқылы қаржылық ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалануға шақырды.
Артық немесе тиімсіз шығындардан бас тартып, басым бағыттарға дұрыс бөлуді тапсырды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
