Қостанайға литвалық профессор Влада Витунске келді

Қостанайға литвалық профессор Влада Витунске келді

Ол Қостанайға халықаралық ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында бір айға келіп, университет оқытушылары, студенттері және өңір кәсіпорындарымен тығыз жұмыс жүргізді.

Оның айтуынша, тұрақты даму идеясы тек ұранмен шектелмей, нақты экономикалық механизмдер арқылы іске асуы тиіс. Ал дәл осы мүмкіндікті айналмалы экономика принциптері береді.

«Айналмалы экономика – бұл жаңа сән немесе теория емес. Бұл мемлекеттердің болашаққа деген көзқарасын айқындайтын саяси және ғылыми парадигма», – дейді профессор.

Влада Витунске баяндамасында ауыл шаруашылығының тарихи даму кезеңдеріне тоқталып, қазіргі сызықтық экономиканың экологиялық салдарын атап өтті.

«Индустриялық ауыл шаруашылығы табиғатқа үлкен салмақ түсірді. Әлемдегі орман алқаптарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы үшін жойылды, биоалуантүрліліктің 80 пайызына дейінгі жоғалуы осы салаға байланысты. Сондықтан бүгін біз агроэкология мен ресурсты қайта пайдалануға негізделген жаңа модельге көшуіміз қажет», – деді ол.

blank  blank

Профессордың айтуынша, Еуропа елдерінде айналмалы экономика ауыл шаруашылығы саясатының ажырамас бөлігіне айналып отыр.

«Экосхемалар арқылы экологияға зияны аз технологияларды қолданатын шаруашылықтар қаржылай қолдауға ие болады. Бұл бизнеске қысым емес, керісінше, ұзақмерзімді тұрақтылыққа салынған инвестиция», – деп атап өтті ғалым.

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде халықаралық ынтымақтастыққа ерекше басымдық беріліп келеді. Биыл оқу жылының өзінде университетке Литва, Түркия, Словакия, АҚШ және Польша елдерінен оннан астам шетелдік ғалым келіп, оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартылды. Сонымен қатар, жоғары оқу орнында Оңтүстік Корея мен АҚШ-тан келген шетелдік оқытушылар тұрақты түрде дәріс оқуда.

blank

Қостанай өңірлік университеті бүгінгі таңда әлемнің ондаған жетекші жоғары оқу орындарымен ең сұранысқа ие кәсіби бағыттар бойынша әріптестік орнатқан. Халықаралық келісімдер аясында студенттер мен оқытушылар шетелдік университеттерде тағылымдамадан өтіп, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуде. Бірнеше қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып, білім алушыларға халықаралық деңгейде мойындалатын диплом алу мүмкіндігі беріліп отыр.

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұрлыхан Темірбековтің айтуынша, академиялық ұтқырлық студенттер үшін тек білім алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар тілдік дағдыларды жетілдіруге, мәдени көкжиегін кеңейтуге және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға жол ашады. Ал, шетелдік ғалымдармен тікелей жұмыс істеу – өңір ғылымының сапалық жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етуде.

blank

Дәл осы халықаралық ынтымақтастықтың нақты көрінісі ретінде Қостанайға келген литвалық профессор Влада Витунскенің сапарын атауға болады. Оның қатысуымен өткен дөңгелек үстел ғылым, бизнес және білім беру салалары арасындағы байланысты нығайтып, өңірде айналмалы экономика бағытындағы ғылыми ой-пікірдің дамуына серпін берді.

Іс-шараны экономика және құқық факультетінің деканы, PhD докторы Айдар Байкин жүргізді. Ол университеттің шетелдік жоғары оқу орнымен ұзақ жылдан бері тығыз ынтымақтастық орнатып келе жатқанын атап өтті. Шетелдік қонақтың алғашқы сапарының нәтижесінде қалдықтарды қайта өңдеу тақырыбы бойынша көптеген ғылыми мақалалар жарық көріп, бұл бағытқа ғылым мен бизнес өкілдерінің қызығушылығы артты. Аталған сапар аясында университеттің оқытушыларына, студенттері мен магистранттарына арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттер Baitursynuly University баспасөз қызметінен алынды