Бастаған ісіңді тастама – табысты келіншектің кеңесі

Бастаған ісіңді тастама – табысты келіншектің кеңесі

Қостанай облысының қыз-келіншектері арасында танымал блогер Айдана Өміржанқызымен әңгімелесіп, табысты арттыру тақырыбын талқыладық. Айдананы көпшілік «Қостанай» телеарнасының журналисті ретінде біледі. Ол – бүгінде үш ұлдың анасы және табысты келіншек.

«Біз отбасын құрған жылы менің жалақым 150 мың, жолдасымның еңбекақысы 120 мың еді. Соны жеткізетінбіз. Адам, негізі, қанша жалақы алады, соны жеткізеді. Өйткені онда басқа амал жоқ. Мен тұрақты жұмысыма қоса, тәтті тоқаш пісіріп, шаш үлгілерін жасап, қыздардың бет-әлпетін әрлеп, Ютуб-арна жүргізіп, қосымша табыс табуға тырыстым. Жолдасымның табысына пәтер жалдап, азық-түлік алатынбыз. Менің қаражатымды бір тиынын шашау шығармай депозитке салып отырдық. Себебі бізде «үй алу керек» деген айқын мақсат болды. Артық шығындар үшін қосымша табыс таптық. Ақшаны босқа жұмсамадық. Осы тәртіптің арқасында екі-үш жылдың айналасында өз баспанамызға қол жеткіздік. Тынбай еңбектенудің нәтижесінде үйлі болдық, су жаңа көлік те алдық. Менің тәжірибемде аспаннан ақша жауады деген ғажайып жоқ. Бәрі еңбекпен келеді. Жақсылыққа тәуекел еттім. «Жаңа кәсіпті меңгеріп аламын да содан нәтиже шығармайынша қоймаймын, мақсатыма жетемін» деген ішкі сенім болды», – дейді Айдана.

«Несие алғанның бәрі қаржылай сауатсыз емес» дейді блогер. Жөн сөз. Маңыздысы – несиені дұрыс мақсатқа пайдаланып, берешектен дер кезінде шыға алу. Одан кейін кез келген жерде табыс барын айтты. Ал оған жету үшін бастаған ісіңді тастама! Соңына дейін еңбектен, түбі жемісін береді. Көптеген сарапшы жетістікке жетудің, қаржылық жағдайды жақсартудың бір-ақ формуласы барын ескертеді: тұрақты, аз-аздан және үздіксіз. Ал сіз, оқырман, қандай ой қосар едіңіз?

Қымбат ДОСЖАНОВА