Қостанай қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімі 30 наурызда өзінің құрылғанына 55 жыл толуын атап өтті. Бұл – тек әскери бөлімнің мерейтойы емес, қала мен облыстың қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпті сақтауға және Отанға адал қызмет еткен мыңдаған жастардың ерлігі мен еңбегінің мерекесі. Мерейтойға орай қалалық «Мирас» мәдениет үйінде ауқымды іс-шара болды.
Әскери бөлімнің тамыры тереңде жатыр. 1957 жылдың қыркүйегінде Қостанайда 4-ші конвойлық команда құрылған. 1971 жылдың ақпанында 483-конвойлық полктің базасында жеке конвойлық батальон құрылды. Ал 30 наурыз 1971 жылы майор Гиндулла Ахмадулович Атанғұлов бөлімнің алғашқы командирі болып тағайындалып, алғашқы бұйрығын қол қойды. Міне, осы күннен бастап 6697 әскери бөлімінің ресми тарихы басталады.

Алғашында бөлім қаладағы үш түзеу мекемесін күзету, сотталғандарды қадағалау, конвойлау, қоғамдық тәртіпті сақтау және төтенше жағдайларды жою ісіне жауапты болды. Қай кезеңде де бөлім өз міндетін абыроймен атқарды. 1972 жылы бөлімге Қызыл Ту табысталды. Қазір 6697 әскери бөлімі Ұлттық ұланның құрамында, екі жедел мақсаттағы батальоннан тұрады. Міндеттері кеңейді: қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, мемлекеттік маңызы бар іс-шараларға қатысу, төтенше жағдайларда көмек көрсету.


«Біздің әскери бөлім 1971 жылы құрылған. Содан бері жыл өткен сайын бөлімге жүктелетін міндеттер күрделеніп, ауқымы кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда әскери бөлім қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету, арнайы контингентке бақылау және қадағалау жүргізу бойынша жауынгерлік қызмет атқарады. Сонымен қатар, Петропавл қаласында және Қостанай облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысады. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар кезінде авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға да жұмылдырылады. Қазіргі уақытта бөлімнің бірінші жедел мақсаттағы батальоны Арқалық өңіріндегі елді мекенде өз міндеттерін атқаруда. Әскери бөлім қатарында мыңнан астам әскери қызметші бар», – дейді ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінің командирі, подполковник Епкен Арыстаналиев.
Бөлім командирі жеке құрамға жүктелген барлық міндеттер күн сайын сапалы әрі уақытылы орындалып жатқанын жеткізді. Әрбір шақырылым сайын шамамен 15-20 сарбаз әскери қызметті әрі қарай жалғастыруға ниет білдіріп, бөлімде тұрақты қызметке қалады екен. Олардың кейбірі әскери мансабын жалғастырып, табысқа жетіп жатса, кейбіріне ұжым бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетеді. Жалпы алғанда, әскери қызметке қызығушылық бар, кадрлар легі тұрақты.
«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызметшілер үшін жаңа әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, жылына бір рет әскери қызметшіге және оның отбасы мүшелеріне теміржол арқылы барып-қайту жолақысы толықтай мемлекет есебінен төленеді. Сонымен қатар, тұрғын үй төлемдері әрбір отбасы мүшесіне есептеліп, ол қаражатты жалға алу, ипотека рәсімдеу немесе депозитке жинақ ретінде пайдалануға мүмкіндік бар. Яғни, бұл төлемдер бастапқы жарна жинауға да бағытталған. Бұдан өзге, тегін медициналық қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері де бар. Басты оқу орнымыз – Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясынан бөлек, жыл сайын шетелдік оқу орындарына да жолдамалар бөлінеді. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы, Түркия мемлекетінің жоғары оқу орындары, ал өткен жылдары АҚШ-та білім алу мүмкіндігі де ұсынылған. Бұл тізім жыл сайын жаңартылып отырады. Бастысы – әскери қызметшілер бұл оқу орындарына Қазақстанда іріктеуден өтіп, қажетті талаптарды тапсырғаннан кейін ҰБТ-сыз, тегін, мемлекеттік грант негізінде білім алады», – дейді бөлім командирі.
Бөлім мерейтойына арналған қала әкімі Марат Жүндібаевтің құттықтау хатын қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков оқып берді.

«Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл әскери бөлім – ел қорғанысының сенімді тірегі, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы құрамында сіздер ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келесіздер. Сіздер абырой мен жауапкершілікті ту етіп, мемлекетіміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Әскери бөлімнің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Ал бүгінгі буын сол игі дәстүрді лайықты жалғастырып, кәсіби шеберлігімен, жоғары тәртібімен және елге деген адалдығымен ерекшеленіп келеді. Отан алдындағы абыройлы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке мен бақ тілеймін!», – деліген құттықтау хатта.
Жиын барысында саласал әріптестері де сөз сөйлеп, құттықтауларын жеткізіп, марапат табыстады. Бөлім комндирінің марапатын алған әскери қызметшінің бірі – Тілеген Өмір.
«Мирас» мәдениет үйінде әскери бөліміміздің құрылғанына 55 жыл толуына арналған мерейтойды атап өтудеміз.

«Бұл – әрқайсымыз үшін ерекше, тарихи мәні зор күн. Біздің әскери бөлімнің қалыптасу және даму жолы өте бай, тағылымға толы. Осы уақыт аралығында бөлімімізді төрт генерал басқарған. Бұл – бөлімнің жоғары деңгейін, офицерлік құрамның мықтылығын және қалыптасқан дәстүрлердің беріктігін айқын көрсетеді. Сондықтан да біздің әскери бөлімнің жауынгерлік және рухани дәстүрлері өте терең әрі құнды. Өз басым осы әскери бөлімнің офицері болғанымды үлкен мақтанышпен айтамын. Бұл – мен үшін абырой, үлкен жауапкершілік және сенім. Әскери бөлім әрдайым Қостанай қаласы мен облыс тұрғындарына көмек көрсетуге дайын. Қандай жағдай болмасын, біз халықпен бірге болып, ел қауіпсіздігі жолында қызмет етуге әзірміз», – дейді рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Тілеген Өмір.
Мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық күштік құрылымдар мен өзара іс-қимыл жасайтын органдар бас қосты. Көрмелер мен бағдарламалар арқылы әскери бөлімнің қалыптасу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі даңқты жолын паш етті.
Мұнда 55 жыл ішінде бөлім 22 командирді ауыстырды, олардың төртеуі генерал шеніне дейін көтерілді. Бөлім жауынгерлері бейбіт уақытта да талай рет Отан алдындағы борышын ерлікпен орындады. Кейінгі кезеңге тоқталсақ, бөлім 2022 жылы Әулиекөл ауданындағы орман өрттерін сөндіруде батылдық көрсетті. 2024-2025 жылдары Арқалық қаласы мен Ақкөл ауылындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға жедел көмек көрсетті, қар шығару, су жыру жұмыстарына қатысты. Бұл оқиғалардың әрқайсысында бөлімнің жеке құрамы жеделдік, батылдық және өзіндік қатерге барып, халықтың қауіпсіздігін бірінші орынға қойды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Әли СӘЛІМ
