Өңірде білім гранттары игерілмей қалу қаупі бар

Өңірде білім гранттары игерілмей қалу қаупі бар

Облыста соңғы үш жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, өткен жылы жас буынды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін 7 мыңға жуық грант бөлінді. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 455 орынға артық.

Алайда бөлінген гранттар толық игерілмей отыр. Оның себебі неде? Бұл мәселе «Amanat» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі облыстық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.

Бүгінде жергілікті колледждерде 22 мыңнан астам студент білім алады. Олардың 90 пайызға жуығы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Сала басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, өткен жылы техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі оқу орындарына 6721 талапкер қабылданған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Дегенмен, 2025 жылы 200-ден астам білім гранты игерілмей қалған.

– Былтыр мемлекеттік білім беру тапсырысы 33 колледждің барлығына бөлінді. Алайда соның тек 8-і ғана гранттарды толық игерді. 21 колледжде талапкерлердің жетіспеушілігі байқалды. Мәселен, Денисов кәсіптік-техникалық және Жітіқара политехникалық колледждерінде көрсеткіш төмен болды. Қостанайдағы бірнеше оқу орнында да жоспардың тұрақты орындалмауы сақталып отыр. Ал Рудный құрылыс және көлік колледжінде мемлекеттік тапсырысты орындау деңгейі 44 пайызға дейін төмендеген. Биыл түлектер саны 15 мыңнан асады деп күтілуде. Болжам бойынша, олардың шамамен 6 мыңы колледждерде білімін жалғастырады. Жол картасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс көлемі 7149 орын болып жоспарланған. Сондықтан биыл да гранттардың толық игерілмеу қаупі бар, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Жаңагүл Жумина.

Мамандардың айтуынша, жоспардың орындалмауының басты себебі – оқушылардың 10-11 сыныпта оқуын жалғастырып, жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылуы. Соңғы үш жылдағы статистикаға сүйенсек, 9-сынып түлектерінің тек 50 пайызы ғана колледждерге барады. Ал 11-сыныптан кейін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына түсетіндердің үлесі 20 пайыз.
Жиын барысында кеңес мүшелері өз пікірлерін білдіріп, мәселені шешу жолдарын ұсынды. Соның бірі – келесі оқу жылына мемлекеттік тапсырыс көлемін 6800 орынға дейін қысқарту.

– Кеңестің негізгі мақсаты – жастарға бағытталған бағдарламаларды талқылау. Егер жастар арасында өзекті мәселелер туындаса, олар кеңес мүшелері арқылы мемлекеттік органдардың назарына жеткізіледі. Соның негізінде шешімдер бірлесіп әзірленіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артады, – дейді «Жастар Рухы» жастар қанаты Қостанай облыстық филиалының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.

Өткен жылы осындай 6 кеңес отырысы өткізіліп, мемлекеттік органдарға 25-тен астам ұсыныс жолданған.

blank blank  Оның 17-сі қолдау тауып, жүзеге асырылған. Ұсыныстардың басым бөлігі құрылыс саласына қатысты болды.

Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ студенті