Ашықтық пен тиімділік артып келеді

Ашықтық пен тиімділік артып келеді

Елімізде азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай жаңғыртылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді.

Бүгінде барлық өтініштерді тіркеу мен қарау бірыңғай e-Otinish платформасы арқылы жүзеге асырылуда.

Аталған жүйе өтініш беруші мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп қана қоймай, әкімшілік органдардың жұмыс тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл – мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

«Осы жылдың қорытындысына сәйкес, Қостанай облысының әкімшілік органдарына 27,7 мыңнан астам жолданым түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға артық. Ал қаралған өтініштер саны 19 343-ке жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 7,3 пайызға өскен. Жолданымдардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдарға тиесілі – 14 082 өтініш. Сонымен қатар ішкі істер органдарына 3 747, фискалдық органдарға 3 365, мемлекеттік корпорацияға 1 602 және әділет органдарына 1 215 өтініш келіп түскен. Өтініштерді қарау нәтижесінде 40,7 пайызы немесе 7 873-і бойынша оң шешім қабылданған. Ал 801 өтініш берушіге (4,1%) ауыртпалық түсіретін актілер шығарылған», – дейді ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің аға прокуроры Дәулет Жидебаев.

Дегенмен, жүйеде әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Атап айтқанда, өтініштерді қарау және оларды құзыретіне қарай қайта бағыттау мерзімдерін сақтау бойынша рәсімдік бұзушылықтар кездеседі. Мәселен, өтініштерді қарау мерзімдерін бұзу 75 пайызға төмендеп, оң динамика байқалса, қайта бағыттау мерзімдерін сақтамау деректері 175 пайызға өсіп отыр.

«Осыған байланысты алдын алу шаралары күшейтілуде. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Қостанай облысы бойынша департаменті әкімшілік органдар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қадағалау актілерін енгізуде. Әкімшілік органдардың тиімділігін арттыру үшін құқықтық статистика органдары жыл сайын арнайы критерийлер жүйесі бойынша бағалау жүргізеді. Бұл бағалау өтініштерді қарау барысында нақты нәтижелерге қол жеткізу деңгейін айқындайды. Қорытынды бағаны Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі береді», – дейді Дәулет Жидебаев.

Осы ретте азаматтар мен заңды тұлғалардың белсенді болғаны жөн. Әрбір өтініш беруші өз құқығын қорғауда батылдық танытып, мемлекеттік органдар тарапынан заң бұзушылықтар орын алған жағдайда дер кезінде хабарлауы тиіс. Сонымен қатар e-Otinish жүйесін кеңінен пайдалану өтініштерді қарау процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, статистикалық деректердің сапалы талдануына жол ашады. Бұл өз кезегінде халық пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ