Қостанайдың Сити орталығында 1 мамыр – Бірлік күніне орай өткен «ART BAZAR» шығармашылық жәрмеңкесі ерекше рух пен шабыттың алаңына айналды.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, қолөнер шеберлері өз еңбектерін жұртшылық назарына ұсынып, өнерге деген шынайы жанашырлықтарын көрсетті.
Жәрмеңкеде түрлі бағыттағы туындылар — зергерлік бұйымдар, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар, қолдан жасалған әшекейлер мен суреттер көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Әрбір бұйымнан шебердің қолтаңбасы мен ерекше идеясы сезіліп тұрды.
«Бұл жәрмеңкені ұйымдастырудың негізгі мақсаты – өңіріміздегі қолөнер шеберлерін таныту, насихаттау және ұлттық қолөнерді қолдау. Осымен биыл үшінші рет өтіп жатыр. Шеберлердің туындылары бірінен бірі асып түседі. Қала тұрғындарының көңілінен шығады деп ойлаймын», – дейді «Qolóner» қоғамдық қорының жетекшісі Сәуле Қабидулова.
«ART BAZAR» тек сауда алаңы ғана емес, ол шығармашылық адамдардың басын қосқан, жаңа таныстықтар мен шабыт сыйлаған мәдени ортаға айналды.
Қиындыққа қарамай жиналған шеберлердің ынтасы мен еңбегі бұл шараның маңызын арттыра түсті.

Бұл жәрмеңке – бірлік пен өнердің үйлесімін айқын көрсеткен, Қостанай тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жарқын оқиға болды.
Бота Манет
