Орталық «Демалыс саябағы» балалар үшін тағы бір қызықты алаңын ашты. Алаң ортасына құрылған алып сырғанақ енді жылдың барлық мезгілінде көңілді демалысты сүюшілеріне қызмет көрсетуге әзір.
«Кемпірқосақ сырғанағы» деп аталатын жаңа нысанның ашылуына халық көптеп жиналды. Қала әкімі Әмірхан Асанов сөз сөйлеп, қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі ұдайы басты назарда болатынын алға тартты.
«Бүгін міне 1 мамыр ынтымақ күнінде «Демалыс саябағы» биылғы жаз маусымындағы өз жұмысын қайта бастап отыр. Осындай мерейлі сәтте қала тұрғындары мен қонақтарының игілігі үшін саябақ ішіндегі тағы бір демалыс орнын ашып отырғанымызға қуаныштымыз», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Қала басшылығы келушілерге жайлы демалыс орнын қалыптастыру үшін «Демалыс саябағын» абаттандыру жұмысын үздіксіз жүргізуде.
2021 – 2025 жылдары аталған саябақта балалар каруселдері, жаяу жүргіншілерге арналған субұрқақ, волейбол, баскетбол, шағын футбол, үстел теннисі алаңдары сондай -ақ, кәсіби дене жаттығуларын жасауға арналған 12 көше тренажеры бар. Жуырда сахна салынып, пайдалануға берілді.
Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, саябақ ішіне бассейн орнату жоспарланып отыр.
Атракционның ашылу салтанатында ата-аналар атынан көп балалы ана Асылай Қабылдина мен қалалық «Әжелер алқасының» төрағасы Сәуле Жанақбаева алғысын білдіріп, жаңа нысанның кермесін ұстаз, күйші Әділ Ақан мен облыстық «Жас тұлпар» айтысының жеңімпазы Нұрболат Төлеу қиды.

Атракцион ересектер мен балаларға арналған. Отбасылық демалысқа аса қолайлы. Биіктігі 11 метр болатын барлық маусымдық тюбингті салуға жергілікті бюджеттен 17 миллион 400 мың теңге қаражат жұмсалған.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
