“Қазақ ауылы” этножобасы жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің өнегелі үлгісі

“Қазақ ауылы” этножобасы жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің өнегелі үлгісі

 

Амангелді ауданы білім бөлімінің Бүйректал жалпы білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Қазақ ауылы» этножобасы жүзеге асырылды.

Жас ұрпаққа қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныту , төл мұра, ұлттық ойын түрлерін меңгерту мақсатында өткен шараға білім беру ұйымдарының тәрбие ісі орынбасарлары, балабақша тәрбиешілері, ата-аналар қатынасып, бабаларымыздан келе жатқан ізгі дәстүрлер мен ұлт құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттауға атсалысты.


Іс-шара салтанатты түрде ашылды. Құттықтау сөз сөйлеген ауыл әкімі Баймұханов Мейрам Тұрсынұлы : «Бүйректал жалпы білім беретін мектебінде бүгінгі күні өткелі отырған «Қазақ ауылы» этножобасы ұлттық болмысымызды насихаттаудың айқын үлгісі , салт –дәстүр , әдет – ғұрыптарымызды жаңғыртудың маңызды көрінісі ретінде жүзеге асырылуда.
Тағылымды тарихы бар батыр ата атындағы аудан шәкірттері болашақта өз елінің нағыз азаматы болуы үшін өмірге рухани құндылықтармен қанаттанып өсуі қажет деп есептеймін» , — деп , іс –шараның жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тіледі.
blank
Бұдан әрі іс-шара қазақтың ұлттық қолөнері көрмесімен жалғасты. Оқушылар «Шабыт» әлеуметтік жобасы аясында жыл бойы жасаған қолөнер бұйымдарын көпшілікке таныстырды. Театрлық қойлым арқылы ұлттық дәстүрлер дәріптелді.
Киіз үй жанында әжелер қауымы балаларға ұршық иіру, түбіт түту, тоқыма тоқу әдістерін үйретсе, қазақтың ұлттық тағамдары саналатын бауырсақ пісіру, оның түрлері, ет асу, құрт жасау , диірмен тарту, сөк дайындау әдістері бойынша ошақ басында өз шеберліктерімен бөліскен аналар тәлімі қыз балалар үшін олардың болашақ өміріне қажетті құндылығы зор өнегелі іс болды.
Алтыбақан басына жиналған жас өнерпаздар халық әндерін орындап, мектеп ауласын думанға бөлеп жіберді.
blank
Қазақтың ұлттық ойындары асық ату, арқан тарту сынды сайыстар ұйымдастырылып, оқушылар ұлттық ойындардың ерекшелігімен танысты. Ер балалар ептілік пен шапшаңдықты сынға салып, ұлттық ойындарға деген қызығушылықтарын арттырды.
Амангелді ауданы білім бөлімінің әдіскері Мұхамбетова Мақпал Кәкімбекқызы жобаның өтуіне атсалысқан ата-аналарға, мектеп ұжымына , мектеп оқушыларына алғыс білдірді.
blank
Қазақ халқы — ежелден ұлттық болмысы мен ізгі дәстүрлерін ұрпақтан – ұрпаққа мирас еткен қазыналы халық. Бүйректал мектебінде өткен игі шара осынау халықтық құндылықтарды дәріптеген, оқушылар үшін тәлімі биік, берер өнегесі мол, тағылымды шара ретінде жоғары деңгейде өтті.

АҚБАЯН ТЕМІРЖАНОВА