Қамысты ауданының Орқаш ауылында Телеу ұрпақтары ұлан-асыр ас берді

Қамысты ауданының Орқаш ауылында Телеу ұрпақтары ұлан-асыр ас берді

Дала төсін дүбірге бөлеген думан. Атакүлдігі ортақ ағайынның ауызбірлігінің белгісі. Өскелең буынға тәлім болар өнегенің көрінісі. Қамысты ауданының Орқаш ауылында Телеу ұрпақтары ас беріп, оған елдің барлық өңірінен және шекара сыртынан руластар жиналды. Ұйымшыл жұрт кең ауқымды рухани, мәдени, спорттық іс-шаралар өткізіп, жиын-тойды жоғары деңгейде атқарды.       

 Тектілер қазығы еді…

            Орқаш ауылы кезінде қойнауы құтқа, өрісі малға толы, түтіні қалың елді мекен болатын. Ертеректе осы төңіректегі өзен атымен Қарасу деп аталған өлке көркем табиғатымен, әсіресе, тұзды көлімен көпке танымал еді. Сыпсыңағаш қолатының орта тұсындағы көлдің тұзы өткен ғасырларда маңайды ғана қамтамасыз етіп қоймай, ерекше сұранысқа ие болып, Ресейдің ішкі губернияларына жеткізіліп отырыпты. Заманында даңқы дәуірлеген елді мекеннің ахуалы жақсы, тұрмысы сайлы-тын. Айналасында жиырма шақты көлі, төрт бірдей бұлағы бар құтты қоныс болатын. Аруақ қонып, нар шөккен осы өңірді атақты Бабасан, Қара Қағай, көріпкел Жәудір әже, Толысбай, Күмпей, Бажыр батыр сынды көптеген тарихи тұлға мекен етті. Небір әулие, батыр, ақын, би мен шешендердің кіндік қаны тамған ауылдың бүгінгі кейпі жан танымастай күйде. 90-шы жылдардың тоқырауы кезінде тоз-тозы шығып, жұрт жан-жаққа үдере көшті. Қазір шалғайдағы елді мекенде он екі түтін қалған. Жасырары жоқ, Орқашқа апарар орқаш-орқаш жол да қатынасты қиындатып тұр. Тек мақтаныш етіп айтарға текті елдің тарихы ғана жұбаныш…

 

«Тебінгісі терме алтын, үзеңгісі үзбе алтын…»

            Қарасу-Орқаш ауылын қоныс қылған рулардың бірі – Кіші жүздің Жеті руынан тарайтын Телеу жұрты. Тарихқа жүгінсек, бұл атырапты ХVІІІ ғасырда «Төрт Телеу» атанған Әжіахмет, Керейлі, Самат, Ноғай келіп жайлаған.

2019 жылы Алматы, Тараз, Қызылордадан жиналып, 4 кісі Қазақстанда тұратын телеулерді аралауға экспедицияға шыққан. Олар Орқашқа дейін жетіп, Қарасу жерін көріп, бәрімен танысып, бүкіл телеудің бұрынғы қоныстарын, қорым-зираттарын аралапты. Осы сапарда жиырмадан астам телеу қорымы бар екені анықталған. Экспедиция Орқаштан Қостанай-Астана-Баянауыл-Үржар-Алматыға өтеді. Сонда Орқаштың жері Төрт Телеудің отаны болсын деген шешім шығарылған екен.

Жалпы, телеу руының ұрпақтары қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірінде, сондай-ақ Өзбекстан, Қарақалпақ және басқа елдерде өмір сүріп, өркен жайып жатыр. Мінекей, «Тебінгісі терме алтын, үзеңгісі үзбе алтын» телеу Мырзаның Орқаштағы торқалы асы әр қиырдағы руластардың басын қосты. Ауыл шетіне жамағат толып, жағалай ақшаңқан киіз үйлер құрылды. Арғысы Өзбекстаннан, бергісі Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Баянауыл, Қарағанды, Астана және Қостанай өңірлерінен келген ағайын және жекелеген әулеттер жиырма бес шаңырақ болып, қазық қағып, қазан көтеріп, үш күн бойы ортақ тойға үлестерін қосты. Бұны, шын мәнінде, ауызбіршіліктің жарқын үлгісі десек жарасады.

 

Тарихтан мағлұм – ұрпаққа тағылым

            Торқалы жиын ауыл кіреберісінде Телеу Мырза ескерткіш белгісінің ашылуымен басталды. Кірпішпен өрілген сегіз қырлы нысанның биiктiгi – 11 метр. Оның авторы – осы ауылдың тумасы, «Қостанай телеулері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Махамбетов. Стеланың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімдігінің өкілдері, өңір азаматтары, ел ағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы келген меймандар қатысты. «Бұл ескерткіш руластардың басын біріктіретін қастерлі нысанға айналады» десті рәсімде сөз алғандар.

Бұдан кейін қалың жұрт республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналды. Бұл да  болса телеулер асының ең бір тағылымды мәжілісі ретінде есте қалары сөзсіз. Өйткені жер-жерде өткізіліп жататын астың бәрінде бірдей мұндай тәжірибенің қолданылғанын ести бермейміз. Конференцияда елордалық тарихшы-ғалым, Еуразиялық гуманитарлық институтының профессоры Самат Есқалиев, Әзіреті Сұлтан музей-қорығының ғылыми қызметкері Сәкен Шамилов, PhD-доктор, зерттеуші Гүлзабира Шәуенова және қостанайлық ғалымдар, Ахаң атындағы университет профессорлары – филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық пен тарих ғылымдарының кандидаты Өтеген Исенов баяндама жасады.Ғалымдар телеу руына қатысты деректер, олардың осы өлкеге қоныстану тарихы туралы маңызды мәліметтер айтты. Мәселен, Алмасбек Әбсадық бұрынғы Бестөбе болысына қоныстанған рулар, соның ішінде телеулер мекен еткен жерлер туралы кеңінен ақпарат берді.

«1868 жылы Орынбор әкімшілігі бекіткен Торғай облысының Қостанай уезіне қарасты сегіз болыстың бірі Дәмбар еді. Одан 1894 жылы Бестөбе бөлініп шықты. Аумағы өте үлкен болған бұл болысты кіші жүздің жаппас, жеті рудан телеу, табын, тама рулары жайлаған. Оларды тарихи деректерде Сырдария облысының қазақтары деп атады. Себебі олар осы өлкеге жайлауға осы жаққа көшіп келетін болған. Оның ішінде телеу руы Кеңшалғын, Қарақұдық, Миялықұдық, Жарықбидай, Егінкөл, Бидайық,Қарақоғалыкөл, Ортакөл, Қарақозы, Бесқұдық, Кішкене доңыз, Егінтомар, Алакөл, Жаркөл, Телеутомар деген секілді көптеген қонысты мекен еткен», – дейді ғалым.

Оның айтуынша, 1888 жылы осы Бестөбеде, нақтысында, Қожакөл деген жерде жаппастар аталары Басығара датқаға ас береді. Ол атақты Сағынайдың асынан кейінгі үш жүздің басы қосылған үлкен жиын еді. 300 қара үй тігіліп, бес жүз қой сойылған ұлан-асыр тойды ұлы ағартушы, жаппастардың күйеу баласы Ыбырай Алтынсарин жүргізген деседі. Содан бері осы өлкеде араға 135 жыл уақыт салып телеулер дүбірлі тойды жаңғыртып отыр… Негізі, әр ғалымның баяндамасы – бір мақалаға жүк боларлық құнды дүниелер. Мәселен, Түркістан жерінен келген ғалым Сәкен Шамилов «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанындағы діни жерасты құрылыстарының археологиялық зерттелуі» тақырыбында, оның ішінде телеу руының әйгілі әулиесі, саналы ғұмырын дін насихатына арнаған Жәудір ана жөнінде мәлімет берді.

108 жыл ғұмыр кешкен шипагер, діндар Жәудір ананың көп ғұмыры Ясауи кесенесі маңында өткен.  Ол арғы атасы Әжі-Ахмет ХІV ғасырда салдырған мешіт-медресені  ХІХ ғасырдың 50-ші жылдары қайта жөндетеді. Бұл ғибадат үйі «Жәудір мешіт-медресесі» деп аталып кеткен. Ал Жәудір ананың өзі екі рет Меккеге барып келген қажы екен. Оның маңында 50-60 гектар жүзімі бар Жәудір бағы болған көрінеді.

«Әзіреті Сұлтан қорық-музейінде 45 ескерткіш бар. Соның бірі – Жәудір ана мешіті. Оны қорық ғалымдары іздеп тапты. Қазба жұмыстары нәтижесінде 14 бөлмеден тұратын мешіттің орны табылды. Ол жерден Х және ХІV ғасырларға тиесілі заттар және құлпытас ұшырасты. Бұл мешіт 1939 жылға дейін жұмыс істеген. Кейін кеңес үкіметі қиратқан көп мешітпен бірге бұзылды, – дейді С.Шамилов. – Жалпы, бұл кісі Ясауи кесенесін 1840 жылы ұстаған, имам болған екен. Ол кезде 30 жаста болса керек. Жәудір ананы бір аяғы кемтар болып туған жан деседі. Кейін, он жастан асқаннан соң Алланың құдіретімен жазылып кеткен дейді. Осы оқиға оның дін жолына бет бұруына себепші болса керек».

Жәудір ана Қамысты ауданында Қарасу, Кіндікті өзендері аралығындағы қамысты жердегі Әзім әулиенің жанына да мешіт салдырған. Әулие ананың өзі де осы маңда мәңгілік дамылдап жатыр…

Конференцияда сөз алған басқа ғалымдар да телеу руының еліне ес, жауына сес болған тарихи тұлғалары туралы мәлімет беріп, зерттеп-зерделеуді қажет ететін кейбір деректерге шылбыр ұшын тастай өтті. Мәселен, қостанайлық тарихшы Өтеген Исенов телеу Тайлақ туралы дәйек жинай жүріп, қазақ тарихынан мәлім сегіз бірдей Тайлақ батыр болғанын анықтаған. Олардың саны 15-ке дейін жетуі де мүмкін екен.

«Тайлақтардың барлығы да қазақ-жоңғар соғысына қатысқан. Көбі – кіші жүз батырлары. Біз сөз етіп отырған тұлға – телеу ішіндегі самат Тайлақ Мәтіұлы. Тайлақтардың көптігінен, бәрі аттас болғандықтан, бірінің оқиғасы біріне телініп, шатасушылық бар. Бірақ олардың әрқайсысының тарихта болғаны айдан анық. Барлығы да Әбілқайыр хан Ресейге қосылғанға дейін өмірден өтіп кеткен. Енді алдымызда есімдес батырларды әлде де жіктеп зерттеу міндеті тұр. Тарихшының көбі дәл осы шым-шытырық тақырыпқа баруға қорқады», – дейді ол.

Бұдан соң ұлттық тарихты оқытудың өзекті мәселелері қаузалып, осы саладағы соңғы зерттеу нәтижелері, тың тарихи айғақ-деректер, соны көзқарастар, жаңадан зерттелген ертедегі тұлғалар және басқа да өзгерістер соңғы оқулықтардан көрініс таппай келе жатқаны мәселе ретінде көтерілді. Елордалық ғалымдардың толғамды да талғамды баяндамаларынан соң жұртшылық та ортаға шығып, пікірлерін қосып, лебіздерін айтысты. Келелі жиын соңында «Қостанай телеулері» ҚБ төрағасы Марат Махамбетовтің арғы бабасы туралы жазған «Есентай би» атты балаларға арналған кітапшасының тұсаукесері өтіп, туынды жұршылыққа, әсіресе, кішкентай оқырмандарға тегін таратылды.

 

Киіз үйі, ас пен сыйы – бәрі тамаша…

            Ашық аспан астындағы аста-төк ас руластар тарихында қаларлық үлкен оқиға деуге ауыз барады. Себебі, телеу ұрпақтары мұнда «ас ішіп, аяқ босатуға» емес, өткеннен өнеге, тарихтан ғибрат алып, өскелең ұрпаққа ынтымақ-бірлікті паш ету үшін бас біріктірді. Ата-бабалар рухына қатым түсіріліп, қалың жұрт дұғаға қол жайды. Көпшілік жиында көз сүйсінтер, көңіл баурар қызық та аз болған жоқ. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Елдің түкпір-түкпірінен айтыскерлер жиналып, жұртшылықты ұлт өнерімен сусындатты.

Қазақ күресінен өткен облыстық бәсекеде өңірге ғана емес, респуликаға танымал балуандар сынға түсті. Сексен келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанған спортшыға 400 мың теңге, оған қоса бір өгіз тарту етілді. Түйе балуан атанған Алмас Жұмағалиев те 400 мың теңгені қанжығаға байлап, оның үстіне, бір жылқы жетектеп кетті. Екінші орын алған Рамиль Шарыгин 300 мың, үшінші тұғырдан көрінген Талғат Жиентаев 200 теңге иеленді.    «Бабалар рухына ұрпақтарынан тағзым» атты республикалық айтыста Айбек Қалиев, Карима Оралова, Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина сынды аузымен құс тістеген атақты ақындар келіп өнер көрсетті. «Телеарнадан түспейтін ақындарды, Телеудің тектілері алып келді» деп ақындардың өздері айтқандай, әйгілі айтыскерлер өнерсүйер қауымды өлең-жырға ұйытты. Бірінен бірі асатын сөз шеберлерінің сайысы қазыларсыз өтіп, әр ақынға бір жылқыдан мінгізілді.

Сондай-ақ, республикалық ат жарысына да әр өңірден кекілін жел тараған жүйріктер әкелінді. Дүйім жұрттың делебесін қоздырған аламан бәйгеде Жамбыл облысынан келген тұлпар бірінші келіп, сәйгүлік бапкері белгілі меценат Төремұрат Өтепов тіккен «Нива» маркалы көлікті еншіледі. Тоқ бәйге жеңімпазына қызылордалық телеулер 500 мың тағайындап, Талғатбек есімді демеуші тай мінгізді. Ал құнан бәйгеде алдына қара салмаған қызылордалық қылқұйрықтың иесіне Темірбай әулеті 300 мың теңге жүлде тіксе, тараздық телеулер жетегіне бір тай байлады.Мұнымен қоса, жұртшылық облыс шабандоздары және түркістандық команда қатысқан көкпар ойынын тамашалады. Демеуші Төремұрат Көбекұлы көкпардың жүлде қорына 2 млн теңге салған. 30 мың теңгеден басталған беташар салым ойын ортасында 40, 50, 60 мыңға дейін ұлғайып, “өгіз өлді” бару салымы 90 мың, қайтуы 100 мың теңге болып бағаланды. Қалың қауым спортшыларды қиқулай қолдап, рухтары бір дүр сілкінгендей болды.

Жиын үстінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымдарының және өңірдің қолөнер шеберлерінің көрмесі жайылды. Сөрелерге жайылған музей бұйымдарын, баспа өнімдерін, қолөнер туындыларын қызықтап, жақын танысуға ниет білдіруші адамдар бір сәтке толастамады. Той барысында телеудің дәулетті демеушілері өңірдегі зиялы қауым иелеріне сый-сияпат тарту етіп, ұлан-ғайыр астың өтуіне үлес қосқан бірқатар азаматқа марапат табыс етті…

 

Суреттерді түсірген Құралай Шайкемелова

Жаңалықтармен бөлісу