Өртпен күрестегі үйлесімді іс-қимыл сыналды

Өртпен күрестегі үйлесімді іс-қимыл сыналды

Жаз мезгілі басталысымен табиғи өрттердің қаупі күшейетіні белгілі. Осыған байланысты өңірде орман және дала өрттерінің алдын алу, төтенше жағдай қызметтерінің дайындығын пысықтау үшін «Өрт – 2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары ұйымдастырылды.

Жалпы, Қостанай облысы – бірегей орман қорына ие өңір. Ал оқу-жаттығулары өткізілген Алтынсарин ауданындағы Арақарағай орман алқабы бекер тандалған жоқ. Бұл аумақ ерекше бақылауды және жоғары дайындықты қажет ететін қауіпті аумақтың бірі. Осында құрылған далалық лагерь инфрақұрылымы төтенше жағдай аймағында қызметтердің ұзақ уақыт автономды жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді.blank blankblankОқу-жаттығулар сценарийі бойынша Алтынсарин ауданының Красный Кордон ауылы маңындағы қылқан жапырақты орман алқабында өрт шығып, кейін ол жоғарғы жаққа өршіді. Қатты жел мен аптап ыстықтың әсерінен өрт кең ауқымда таралып, көршілес өңірлерге қауіп төндірді. Құлақтандыру сызбаларына сәйкес басқару органдары жиналып, күштер мен құралдар шартты төтенше жағдай аймағына жіберілді. Далалық жағдайда практикалық іс-қимылдарды пысықтау барысында республикалық жедел штаб орналастырылды. Оқу-жаттығуға өңірлік орман және табиғатты қорғау мекемелері, азаматтық қорғау қызметтері, құқық қорғау органдары, әскери ведомстволар, аумақтық қорғаныс күштері, өрт сөндіру пойызы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттері тартылды. blankblankblankblankОблысаралық өзара іс-қимыл жоспарларына сәйкес Қостанай облысы ТЖД-мен бірлесіп Ақмола және Ақтөбе облыстарының бөлімшелері жұмылдырылды. Табиғи өрт ошақтарын оқшаулау және жою, елді мекендер мен экономика объектілерін қорғау бойынша іс-шаралар жүргізілді. Сондай-ақ халық пен ауыл шаруашылығы жануарларын эвакуациялау, газ және электр энергиясын беру жүйелерін ажырату мәселелері пысықталды. Ресей Федерациясымен шекаралас және іргелес аумақтардағы өрттер туралы жедел ақпарат алмасу тәртібі, оның ішінде мемлекеттік шекарадан өту бойынша практикалық элементтер де пысықталды.blankblankblankblankblankАвиацияны қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқу-жаттығу барысында өрт ошағына суды кезектесіп төгу арқылы бес әуе кемесінің қатысуымен каскадты өрт сөндіру әдісі көрсетілді. Мұндай жұмыс тәсілі өрт шебіне үздіксіз әсер етуді, аумақты жедел салқындатуды және оттың таралуын тежеуді қамтамасыз етті. Сонымен қатар елді мекендерді өрттің таралуынан қорғау, үздіксіз су жеткізуді ұйымдастыру, жерүсті және авиациялық күштердің өзара іс-қимылы, эвакуациялау және құлақтандыру іс-шаралары, жедел өзгеретін жағдайларда жедел штабтың жұмысы пысықталды.blankblankblankblankblankblankЖалпы оқу-жаттығуға жеке құрамнан 287 қызметкер, 77 техника, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ мемлекеттік және азаматтық авиацияның 5 әуе кемесі жұмылдырылды. Осындай іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының ТЖД оқу-жаттығулары халықаралық форматта ұйымдастырылып, оған Ресей Федерациясы ТЖМ Омбы, Қорған және Түмен облыстары бойынша бас басқармаларының, сондай-ақ Қырғыз Республикасы ТЖМ өкілдері қатысты.blankblankblank«Жаттығулар республикалық деңгейде еліміздің барлық өңірінде өткізілді. Биыл республикалық жедел штаб Қостанай облысында орналасқан. Ал практикалық бөлім тікелей осы далалық лагерь аумағында ұйымдастырылды. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары, генерал-майор Кәмал Ғалымұлы, облыс әкімі, Экология министрлігінің вице-министрі, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылық құрамы қатысуда. Оқу-жаттығуларға су төгу құрылғыларымен жабдықталған бес әуе кемесі жұмылдырылды. Тікұшақтар су қоймаларынан су алып, әуеден өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар түрлі мақсаттағы арнайы техникалар тартылған. Олардың қатарында байланыс көліктері, медицина қызметінің техникалары, өрт сөндіру автоцистерналары және жол талғамайтын арнайы көліктер бар. Барлық техника оқу-жаттығу жоспарына сәйкес толық көлемде пайдаланылды», – деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.blankblankblankblankҰлттық ұланның МИ-171Е тікұшағының командирі, капитан Ақыл Тілеуберген өрт сөндіруге қатысып, әуеден су шашты.

«Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығулары аясында біз Ұлттық ұланның МИ-171Е тікұшағымен әуеден өрт сөндіру және жедел әрекет ету жұмыстарын пысықтадық. Оқу-жаттығудың басты мақсаты – орман және дала өрттері кезінде мемлекеттік авиация күштерінің дайындық деңгейін тексеру және өзара іс-қимылды жетілдіру. Осындай жаттығулар төтенше жағдай кезінде барлық қызметтердің бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Біз тікұшақ арқылы өрт ошақтарын анықтау, әуеден су төгу және жедел топтарды жеткізу міндеттерін орындадық. Әуеден өрт сөндіру жоғары кәсіби дайындық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұнда ұшқыштардың тәжірибесі, жедел шешім қабылдауы және экипаждың үйлесімді жұмысы аса маңызды. Елімізде табиғи өрттердің алдын алу мен оларды жедел сөндіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осындай оқу-жаттығулар арқылы біз кез келген төтенше жағдайға дайын екенімізді көрсетеміз», – деді Ұлттық ұланның МИ-171Е тікұшағының командирі, капитан Ақыл Тілеуберген.blankblankblankПрактикалық бөлім аяқталғаннан кейін жедел штабта Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камаловтың жетекшілігімен, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен оқу-жаттығу қорытындысы шығарылды. ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов мұндай ауқымды оқу-жаттығу елімізде үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Бұған Абай және Қостанай облыстарында орын алған ірі орман өрттері себеп. Сол оқиғалардан кейін орталық мемлекеттік органдар, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуді бастаған.blank«Бүгінде табиғи орман өрттеріне қарсы әрекет етудің жеті кезеңнен тұратын бірлескен алгоритмі енгізілді. Ол күнделікті дайындық режимінен бастап, трансшекаралық аумақтарға таралу қаупі бар ірі орман өрттеріне дейінгі барлық жағдайларды қамтиды. Аталған алгоритм Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына және орталық мемлекеттік органдарға таныстырылды. Оқу-жаттығулардың басты мақсаты – ақпарат алмасудың жеделдігін қамтамасыз ету, табиғи өрттердің бастапқы кезеңінде дер кезінде әрекет ету және өрттің ауқымды сипат алуына жол бермеу. Әсіресе, қылқан жапырақты орман алқаптарындағы өрттердің алдын алу, оларды қысқа мерзімде оқшаулап, жою – негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі таңда өрт сөндіру техникаларының паркі шамамен 90 пайызға жаңартылды. Тракторлар мен минералданған жолақтар жасауға арналған арнайы жабдықтар сатып алынды. Орман шаруашылықтары заманауи дрондармен жабдықталуда. Өздеріңіз білетіндей, орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру жұмыстары жергілікті атқарушы органдар мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ортақ жауапкершілігіне жатады. Осыған байланысты ірі өрттерден кейін қабылданған кешенді жоспар аясында материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді», – деді Вице-министр.blankblankТөтенше жағдайлар министрлігінің де техникалық әлеуеті едәуір артқан. Қазіргі уақытта министрлік қарамағында 40-қа жуық әуе техникасы бар. Оның ішінде 15 әуе кемесі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен жасалған келісім аясында әуеден патрульдеу және өрт ошақтарына жедел әрекет ету үшін пайдаланылады. Авиациялық техника еліміздің барлық қылқан жапырақты орман алқаптарын қамтитындай етіп орналастырылған. Тікұшақтар су төгу құрылғыларымен жабдықталған. Оқу-жаттығулар барысында әуеден өрт сөндіру заттарын каскадты тәсілмен төгу жұмыстары көрсетілді. Бұл жұмыстар Төтенше жағдайлар министрлігімен қатар Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және Шекара қызметімен бірлескен өзара іс-қимыл аясында жүзеге асты. Аталған құрылымдардың әуе кемелері де өрт қауіпті кезеңде арнайы су төгу құрылғыларымен жабдықталып, табиғи өрттерге қарсы күреске жұмылдырылады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталған оқу-жаттығулардың негізгі бағыты ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру екенен айтты. Төтенше жағдайлар департаменті, азаматтық қорғау қызметтері, орман шаруашылықтары мен жергілікті атқарушы органдар арасында жедел ақпарат алмасу толық қамтамасыз етілуі тиіс деді өңір басшысы.blank«Ірі табиғи өрттерді сөндіру бойынша пысықтау жұмыстары облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің тактикалық даярлық деңгейін және кез келген күрделіліктегі төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндігін айқындайды. 2022 жылғы ірі орман өрті оқиғасынан кейін облыста материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені, 26 патрульдік автокөлік, 16 тіркемелі жабдық және екі тіркемелі өртке қарсы жабдық сатып алынды. Бұл мақсаттарға жалпы көлемі 6,8 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Облыс әкімдігі орман мекемелерін заманауи арнайы техникамен және байланыс құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады. Оқу-жаттығулар барысында ауылдық жерлердегі өрт сөндіру қызметтерінің рөлі де көрсетіледі. Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында облыста 18 жаңа өрт сөндіру бекетін ашу және 12 бекетке жаңғырту жүргізу жоспарланған. Аталған жоспарды іске асыру нәтижесінде облыстың 34 мыңнан астам тұрғыны бар 75 елді мекені өрт қауіпсіздігімен қамтылады. Облыс әкімдігі ауылдық жерлердегі ерікті өртке қарсы құралымдарды нығайту және қолдау жұмыстарын жалғастыра береді. Оқу-жаттығулар ерте анықтау жүйесінің тиімділігін бағалауға, ғарыштық мониторинг пен орманды-дала аймақтарын патрульдеуді күшейтуге, сондай-ақ өрт ошақтарын алғашқы сағаттарда жоюға мүмкіндік береді. Оқу-жаттығулар барысында барлық мемлекеттік органдардың жеке құрамы жоғары кәсібилік, ұйымшылдық және жанқиярлық танытты. Орманның және азаматтарымыздың қауіпсіздігі – әрқайсымыздың қырағылығымыз бен жедел әрекетімізге байланысты», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.blankblankblankblankОсылайша екі күн бойы барлық өңірлерде профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілді. Сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қатысуымен тиісті енгізу тапсырмалары бойынша тәжірибелік іс-қимылдар атқарылып, оқу-жаттығулары сәтті аяқталды.blankblank

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ