Қостанайда З. Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университетінде Василий Шалабаев атындағы шахмат кубогы өтті.
Турнирге өңірдегі 6 жоғары оқу орнынан 7 команда қатысты. Тек Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті қатысқан жоқ.
Турнирдің ашылуында университеттің бірінші проректоры Дастан Беков сөз алып қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Келген барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз. Ректор атынан қонақтарға ыстық лебізімді білдіргім келіп отыр. Бүгіннен бастап Университет қабырғасында Василий Шалабаевтың құрметіне шахмат клубы ашылатын болады. Олай болса, баршаңызды алғашқы турнирдің ашылу салтанатымен құттықтаймын» — деді проректор.
Шара барысында Василий Шалабаевтың шахматты дамытуға, әсіресе ауылдық жерлердегі жас ойыншыларды қолдауға қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Турнирге арнайы келген ұлы Қазбек Шалабаев ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Баршаңызды әкемнің атындағы турнирдің ашылуымен құттықтаймын! Осы кешті ұйымдастырып отырған барлық ұйымдастырушыларға, Университет басшылығына алғыс айтқым келеді. Бұл шахматты кең көлемді насихаттау деп санаймын. Әкем шахматты қатты жақсы көрді», — деді ұлы Қазбек Шалабаев.
Турнирдің бас төрешісі – Валерий Николаев ойын ережелері мен шарттарын түсіндірді.

Жарыс қорытындысы бойынша 3-орынды Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академия иеленсе, 2-орынды З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік техникалық университеті алды. 1-орынды А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті қанжығасына байлады.
Бота МАНЕТ
