Елімізде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау, жеке меншіктің мызғымастығын қамтамасыз ету және еркін кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл құқықтар еліміздің Конституциясында, Кәсіпкерлік және Азаматтық кодекстерінде нақты бекітілген.
Бүгінде мемлекет барлық кәсіпкерлерді, соның ішінде инвесторларды қолдау мен олардың қызметін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта Мемлекет басшысының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №1125 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды.
«Аталған комитетке инвесторлардың құқықтарының сақталуын қадағалау, олардың заңды мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілердің алдын алу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу міндеттері жүктелген. Сонымен қатар ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» және «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйелеріне «Прокурорлық сүзгі» тетігін енгізді. Бұл жүйе инвесторларға қатысты заңсыз тексерулер мен шектеу шараларының алдын алуға бағытталған. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар прокурордың келісімінсіз инвесторларға тексеру жүргізуге, олардың қызметін тоқтатуға, лицензиясын қайтарып алуға немесе әкімшілік жаза қолдануға құқылы емес. «Прокурорлық сүзгі» өңірлік және республикалық инвесторлар пулына енгізілген кәсіпкерлерге қолданылады. Бұл тетік лауазымды тұлғалардың шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, инвесторлардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Аталған жүйені іске асыру үшін Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және Кәсіпкерлік кодекске бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес инвесторларға қатысты тексерулер мен әкімшілік өндірістер прокурордың келісімімен ғана басталады», – дейді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Қостанай облысы бойынша департаментінің азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Талғат Нұрмағамбетов.
Жалпы, бұл жаңашылдықтар заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Осы жылдың өткен кезеңінде Қостанай облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларға қатысты «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімінде» 25 тексеру, ал «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде» 40 әкімшілік іс тіркелген. Барлық шешімдер прокурорлардың келісімімен қабылданып, инвесторлардың құқықтарының бұзылуына жол берілмеген.
«Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен ҚР Бас Прокурорының бизнесті қорғау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қостанай облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді. Мәселен, 2026 жылы бақылау және қадағалау органдары жүргізген тексерулер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға азайған. Яғни 2401 тексеруден 2253-ке дейін төмендеген. Ал бизнес субъектілеріне қатысты тексерулер саны 34 пайызға қысқарып, 1322-ден 985-ке азайған, – дейді Талғат Нұрмағамбетов.
Департамент тарапынан негізсіз тағайындалған бес тексерудің жолы кесілді. Сондай-ақ тексерулерді тағайындау, есепке алу және жүргізу тәртібін бұзғаны үшін екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, бір тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет тарапынан қолға алынған мұндай шаралар кәсіпкерлердің сенімін арттырып қана қоймай, еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға және бизнестің тұрақты дамуына оң ықпал етеді.
Сандуғаш БЕКМҰРАТ
