Азаматтардың құқықтары қалай қорғалады?

Азаматтардың құқықтары қалай қорғалады?

Кез келген сот шешімі міндетті түрде орындалуға тиіс. Алайда тәжірибеде барлық сот актілері ерікті түрде орындала бермейді. Азаматтар мен ұйымдар қарыздарын өтемей, алимент төлеуден жалтарып немесе мүліктік және өзге де міндеттемелерін орындамай жатады.

Осындай жағдайларда сот актілерінің орындалуы атқарушылық іс жүргізу тәртібімен қамтамасыз етіледі. Сот орындаушыларының негізгі міндеті – сот шешімінің нақты орындалуына қол жеткізіп, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. ҚР атқарушылық іс жүргізу саласындағы қызмет «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында мемлекеттік және жеке сот орындаушылары арқылы жүзеге асырылады.

            «Мемлекеттік сот орындаушылары әділет органдары жүйесіне кіреді және тараптарының бірі мемлекет болып табылатын істерді, сондай-ақ заңмен олардың құзыретіне жатқызылған өзге де өндірістерді қарайды. Ал жеке сот орындаушылары жеке және заңды тұлғалар арасындағы даулар бойынша атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз етеді. Бүгінде сот актілерін орындау мәселесіне мемлекеттік деңгейде ерекше назар аударылып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында сот орындаушыларының өндірісінде жалпы сомасы 15,5 триллион теңгені құрайтын 10 миллионнан астам атқарушылық іс болған. Өндіріп алушылардың пайдасына 557,6 миллиард теңге өндірілген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 88,6 миллиард теңгеге артық», – дейді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Қостанай облысы бойынша департаментінің аға прокуроры Ксения Гиндулина.

Жүйені дамытудың негізгі бағыттарының бірі – атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру. Елімізде бақылаудың автоматтандырылған тетіктері, атқарушылық құжаттарды тексерудің электрондық сервистері, цифрлық сот орындаушысы және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың ақпараттық жүйелері енгізілуде.

Заңдылық пен құқықтық ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуде мемлекеттік статистикалық есептіліктің маңызы зор. Сот орындаушыларының қызметі «Сот актілерін орындау жөніндегі жұмыс туралы» №4 мемлекеттік статистикалық есепте көрініс табады. Бұл есеп ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде қалыптастырылып, прокуратура органдарына және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне жолданады.

            «Статистикалық деректерді талдау сот шешімдерінің орындалу тиімділігін бағалауға, проблемалық мәселелер мен заң бұзушылықтарды анықтауға және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті атқарушылық іс жүргізу саласындағы статистикалық есептердің толықтығы мен дұрыстығын тұрақты негізде тексеріп отырады. Мәселен, биыл жүргізілген тексерулердің нәтижесінде Қостанай облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Қарау қорытындысы бойынша 58 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – дейді Ксения Гиндулина.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар заңдылықты қамтамасыз етуге, атқарушылық іс жүргізудің ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның сот жүйесі мен мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Сот шешімдерінің уақытылы әрі толық орындалуы – бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің, әділдік қағидаты мен заң үстемдігінің басты кепілі.

Ақерке АРЫСТАНБАЙ