Өңірде цифрландыру және ЖИ барлық саланы қамти бастады

Өңірде цифрландыру және ЖИ барлық саланы қамти бастады

Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялады. Өйткені бұл үрдіс – жаңа технологиялар төрге озған дәуірде өркениетті ел болып қалыптасудың бірден-бір жолы. Қазақстан осы бағытты жедел жетілдіріп те жатыр. Ал Қостанай облысын заманауи цифрлық өңірлер қатарында десек, қате айтпаймыз.

Оған өткен жылдың деректері айғақ бола алады. Жиында мәлім етілген ақпаратқа сүйенсек, өңірде қазірдің өзінде 340 ІТ-компания жұмыс істеп тұр. Былтыр олардан 650 млн теңге көлемінде салық түскен. Бұл – алдыңғы жылдан 30 пайыз артық көрсеткіш.

«Мұнымен қоса, ІТ-қызмет экспорты да ұлғайып келеді: өңір компаниялары сыртқы нарыққа цифрлық өнімдер жеткізу ауқымын кеңейте түсті, – деді Құмар Ақсақалов. – Сондай-ақ өнеркәсіпті цифрландыру ісі де белсенді дамып жатыр. 2025 жылы автозауыттарда, тау-кен және машина жасау кәсіпорындарында 101 өнеркәсіптік робот қойылды, ал қазір 145 робот іске қосылған. Оларды пайдалану еңбек өнімділігін және өнім сапасын мейлінше арттыра түседі».

Былтыр цифрландыру саласындағы маңызды құжаттар әзірленген-ді. Атап айтқанда, Қостанай облысын цифрлық трансформациялау тұжырымдамасы және «Ақылды» қалаларды құру стратегиясы пысықталды. Осы құжаттар аясында, биыл жоспарлы жұмыс индустриялық-аграрлық өңіріміздің ерекшеліктері ескеріле отырып жүргізіледі. Бұл жөнінде облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Қашиев кеңінен баяндады.

«Біз экономиканың нақты секторларын – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ТКШ, энергетика және көлік-логистика инфрақұрылымын цифрландыруға екпін саламыз. Сонымен бірге денсаулық сақтау және білім беру салаларына баса назар аударылады. Басты мақсат – цифрлық технологияларды енгізе отырып, облыс экономикасын көтеру және шашыраңқы ІТ-шешімдерден өңірдің бірыңғай цифрлық экожүйесіне көшу. Бұл – жекелеген жоблардың жиынтығы емес, біртекті, өзара байланысы бар экожүйе. Оның бір тармағы – байланыс, интернет, дата-орталықтар, есептегіш қуат түріндегі инфрақұрылым. Ол барлық цифрлық шешімнің ауқымы мен орнықтылығын қамсыздандырады», – дейді Азамат Қашиев.

blankЭкожүйенің инфрақұрылымнан бөлек те бірнеше деңгейі бар. Соның бірі — GovTech. Бұл ақпараттық жүйе, мемлекеттік деректер базасы және оларды бірыңғай контурдағы біріктірілімі. Осы арқылы сараптамалық негіз, ведомствоаралық әрекеттестік және басқару процесіне ЖИ енгізумүмкіндігі пайда болады. Ал ұсынылып отырған үшінші элемент – ІТ кластер. Бұған ІТ-парк, ІТ-хабтар, бағдарламалау мектептері және адами капиталды, стартап-ортаны қалыптастыратын  білім беру жобалары және қолданбалы технологиялық шешімдер кіреді.

«Экожүйенің соңғы элементі – мемлекеттік қызметтер. Тұрғындар және бизнес үшін қызметтерге жедел қолжетімділікті қамтамасыз ететін бұл цифрлық порталдар мен мобильдік қосымшалар өте қолайлы. Ешқандай басы артық әкімшілік кедергілерді қажет етпейді. Осылайша, инфрақұрылым, GovTech, ІТ кластер және мемлекеттік қызметтер біртекті жүйе ретінде жұмыс істеуі керек. Бірін-бірі күшейтіп, нәтижесінде тұрғындардың өмір сапасын және өңір экономикасының тиімділігін арттыруға тиіс», – дейді басқарма басшысы.

blankЦифрлық трансформацияның басты базасы, әлбетте, байланыс инфрақұрылымы саналады. Былтыр облыс бюджеті есебінен 44 ауылдық елді мекенде антенна-мачта құрылғысы орнатылған. Соның арқасында 14 мыңдай тұрғын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылды. Биыл бұл қатарға 51 ауыл қосылмақ.

«Бұған қоса спутниктік технология қолданылып жатыр. 34 шағын ауыл OneWeb жүйесі арқылы ортақ интернетке қосылды. 41 елді мекеннің мемлекеттік мекемелеріне Starlink құрылғысы орнатылды. Биыл шекара шебіндегі, шалғайдағы, қатынасы қиын ауылдарда Amazon Kuiper және SpaceMobile сынды баламалы спутникттерді қосу жоспарда бар. Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, облыстың 300 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары басталды. Жүзеге асыру мерзімі – 2026-2027 жылдар», – дейді Азамат Қашиев.

blankОл өңірлік ситуациялық орталық құру ұсынысын айтты. Облыста бүгінде «109» байланыс орталықтары, салалық ақпараттық жүйелер және мемлекеттік деректер базалары арқылы жинақталған ауқымды деректер қоры бар. Ал болашақ орталық аталған жүйелерден, Smart Data Ukimet платформасынан және өзге де дереккөздерден келіп түсетін ақпаратты шоғырландыруға, бірыңғай «деректер көлін» қалыптастыруға, сондай-ақ талдау, болжау және басқарушылық шешімдерді қолдауға арналған ЖИ-ассистенттерді енгізуге жол ашады.

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ