Торғайда ардагерлер өнер көрсетті

Торғайда ардагерлер өнер көрсетті

Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ардагерлердің «Ардагерім – ардағым» атты концерті көпшілік назарына ұсынылды.

Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жанар Шалабаеваның айтуынша бұл кештің орны бөлек. Себебі, сахнаға кәсіби әртістер емес, өмір мектебінен өткен, елге еңбек сіңірген ардагерлер шығады.

«Ардагер деген-өткеннің адамы емес. Ардагер-тәжірибенің мектебі, өнегенің алтын көпірі, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін асыл тұлға. Бүгінгі кеш – ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдарына деген алғыс пен құрметтің белгісі. Болашақта осындай концертке әр ауыл, ауылдық округтерден қазыналы ардагерлерімізді қамтымақшымыз», –дейді Жанар Асанханқызы.

Жұртшылыққа жақсы демалыс сыйлаған ардагерлердің тағылымды өнер кешінде ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қойшы Әлмағанбетов халық ақыны Н.Ахметбековтің «Торғайдан сәлем», «Есім сері» туындыларын, білім мен тәрбиені өмірінің басты мұраты еткен, ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, елдің құрметіне бөленген ардагер ұстаз Қаншай Қабажаева халық әні «Бүлдірген» әнін нәшіне келтіре шырқады.

Сан салада ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, бүгінде ел құрметіне бөленіп жүрген аналардан құралған Көкалат ауылының «Ақниет» әжелер ансамблі, Сужарған ауылынан аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегерлері, өнерлі, өнегелі, үлгілі отбасы Сұлтановтар отбасылық дуэті айшықты өнер көрсетті.

Албарбөгет ауылдық округы, Көлқамыс ауылынан арнайы келген, ән өнерін жанына серік етіп, ауыл мәдениетінің дамуына өз үлесін қосып жүрген, кезіндегі Жаркөл ауылының «Гүлдәурен» халық ансамблінің белді мүшесі, ардақты ана Күлжиян Досмағанбетова да өрісті өнерімен тәнті етті. Шұбалаң ауылынан аудандық газеттерде елеулі еңбек етіп, баспасөз саласында өзіндік ізін қалдырған ардагер, кәсіби журналист, бүгінде өнегелі ана, аяулы әже Маржан Шаяхметова көптің қошеметіне бөленді.

Ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері Жұпаркүл Хамзина, ардақты ана, аяулы әже Назым Қалиевалар келісті көркемсөз оқып, жергілікті сазгерлер шығармаларының жанашыры әрі насихаттаушысы, көптің құрметіне бөленген аяулы әже, күміс көмей, жез таңдай әнші Бикен Махмутова, медицина саласының ардагері, өнер жанашыры Гүлбараш Хамиевалар әуезді ән шырқады.

«Жақсыдан қалған — жақсы сөз, жарасымды қалжың, әдемі әзіл, ұтымды ойлардан құралған «Деген екен» әңгімелерімен — Торғайдың топжарған ақыны Нұрхан Ахметбековтің ұрпағы, Жангелдин ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Тойғанбол Нұрханов жиналғадарды күлкіге қарық қылды.

Алма Сапарқызы, Назым Қалиева, Ләззат Ертасова, Күлдір Мұхатовалардың әуелете шырқаған әндері де көпшіліктің қошеметіне кенелді.

Ұл-қыз тәрбиелеп, түтін түтетіп ел болашағына өлшеусіз үлес қосып жүрген аяулы жандар «Киіз басу», «Қамажай» сынды ұлттық билерін тарту етті. Сондай –ақ, «Сырлас» аналар вокалдық тобы, Ардагерлер хоры тыңдармандардың зор ықыласына бөленді.

Тағылымды кештің түйінінде аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев ардагерлерге алғыс лебізін білдіріп, сый-құрмет көрсетті.

«Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ-нің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен ардагерлер Бикен Махмутқызы мен Гүлбараш Хамиева марапатталды.

Еліміздің гүлденуі жолында аянбай еткен ардагерлер аудан әкімінің Алғыс хатына көптеп ие болды.

Кештің жоғары деңгейде өтуіне аудандық әжелер алқасының төрайымы Ләззат Жақсылыққызы мен орта буын өкілі, сан қырлы өнер иесі Сәуле Дұйсеновалар да мол еңбек сіңіріп, ауданға қарасты барлық ауыл кітапханашылары мен мәдени ұйымдастырушылары лайықты үлес қосты.

                                           Мұрат Жүнісұлы                                       Жангелдин ауданы