Қазақстан әлемдегі ең беделді химия олимпиадаларының бірінде төрт медаль жеңіп алды

Қазақстан әлемдегі ең беделді химия олимпиадаларының бірінде төрт медаль жеңіп алды

Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) Қазақстан құрамасы 100 пайыздық нәтиже көрсетті.

Ұлттық құраманың барлық төрт мүшесі жүлдегер атанып, бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды.

Алтын медальді Өскемен қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Женісханова Айзере жеңіп алды.

Күміс медаль иегерлері:

• Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Қали Әбілмансұр;

• Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы Полетаев Данил;

• Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Жақсылықов Ансар.

Ұлттық құраманың жетекшілері:

• Бегдаир Санжар Саматұлы — KAIST университетінің (Корея Республикасы) студенті, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;

• Нұртазин Ануар Абайұлы — химия және экономика магистрі, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты. Қатысушылар теориялық және практикалық екі бес сағаттық кезеңде күрделі химиялық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстарды орындады.

Халықаралық химия олимпиадасы мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді. Қазақстан бұл олимпиадаға 1998 жылдан бері қатысып келеді және жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Биылғы жетістік — дарынды оқушыларды қолдау, олимпиадалық қозғалысты жүйелі дамыту және педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесі. Бұл жеңіс қазақстандық оқушылардың халықаралық жетістіктерінің жарқын жалғасы болды. Бұған дейін Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасы ел тарихында тұңғыш рет бес алтын медаль жеңіп алған болатын.

Жеңімпаздарды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын айтулы жетістікпен құттықтаймыз! Жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейміз!