Федоров ауданында жұмысшыларға арнайы үй салынып жатыр

Федоров ауданында жұмысшыларға арнайы үй салынып жатыр

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы ауданға жасаған сапарында Лесное ауылындағы «Бек+» ЖШС-ның қызметкерлеріне салынып жатқан төрт пәтерлі тұрғын үйдің жобасымен танысты.

Шаруашылық иесі жұмысшыларын жайлы баспанамен қамтуды басты мақсаты етіпті. Одан бөлек балаларға арналған спорттық ойын алаңын салуда.

«Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана – бұл арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» екенін атап өтті. Біз жыл сайын облыс аумағында тұрғын үй салу көлемін жоспарланған көрсеткіштен асыра орындап келеміз. Нәтижесінде, соңғы 3 жылда ауылдық жерлерде 216 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 983 баспана пайдалануға берілді. Сондай-ақ ескірген ғимараттарды қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл бағытта Лесное ауылындағы «Бек+» ЖШС көшбасшылардың қатарында. Шаруашылық өз қаражаты есебінен ауданы 258 шаршы метрлік нысанды жаңартып, 4 пәтерлі үйге айналдыруда. Бизнес елді мекенмен бірге дамыған кезде, ол өз қызметкерлері үшін сенімді тірекке айналып, олардың сапалы өмір сүруіне лайықты жағдай жасайды», – деді Құмар Іргебайұлы.

«Бек+» ЖШС сүтті бағыттағы мал шаруашылымен және жем-шөп өндірісімен айналысады. Екі жүз адамды еңбекпен қамтып отыр. 8,5 мың гектар жерді өңдеп, төрт түлік азығын әзірлейді. Компанияның сүт-тауарлы фермасының жабдықтары толықтай автоматтандырылған.

blank

«Жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2005 жылы құрылды. 2013 жылы 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салдық. Сол уақыттан бері отандық нарыққа «Село Лесное» брендімен табиғи сүт өнімдерін шығарудамыз. Жұмысшылар үшін бес үй салып, қосымша алты баспана сатып алдық. Былтыр «Меркурий» деген атаумен үлкен супермаркет аштық. Бәрі ел игілі үшін жасалуда. Біздің ферма табиғи таза, құнарлы сүтті зауытқа жедел жеткізеді. Зауытқа баратын 30 шақырымдық жол мемлекеттің қолдауымен жөнделді. Соның арқасында сүтті тасымалдау мерзімі қысқарды. Бұл жайлылық халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік сыйлады», – деді «БЕК+» ЖШС атқарушы директоры Степан Тен.

blank

blank blank

Бүгінде «Село Лесное» брендінің тауарлары Қазақстан бойынша таралады.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Федоров ауданы