Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған QostanaiHub өңірдің ІТ-экожүйесін дамытуға, ІТ-кәсіпкерлікті қолдауға және адами капиталды қалыптастыруға қызмет етіп келеді. Сондықтан мұны білім беру алаңы деп қана қабылдау аздық етеді. Бұл – стартаптар пайда болып, жұмыс орындары құрылып, нақты секторлар үшін цифрлық шешімдер енгізілетін экономикалық өсім нүктесі. Құрылғалы атқарылған жұмыс нәтижелерімен хаб жетекшісі Дамир Мінайдаров таныстырды.
«Екі жыл ішінде 155 стартапқа қолдау көрсетіліп, олардың 10-ы AstanaHub резиденті атанды. Стартаптар 325 мың доллар инвестиция тартты. Былтыр 13 ІТ-компания тіркеуде болса, биыл олардың саны 25-ке жетті. Тағы әлеуетті 90 резидентпен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл өңірлік экожүйеге деген бизнес сенімінің өскенін, хаб жұмысының ықпалдылығын көрсетеді», – дейді ол.
Ол елеулі стартаптар туралы да ақпар бере кетті. Мәселен, «Аitomaton» ЖИ-компаниясы 150 мың доллар тартып, 5 млн долларға бағаланған. Агродрондар өндіріп, ауыл шаруашылығын цифрландыруға бағытталған «Top Drone» компаниясы осынша сомада инвестиция түсірген. Ал зертханалық сатыпалымды оңтайланыдумен айналысатын «EpiQ AI» стартапы елордада өткен «AI Science Hackathon 2025» сынында жеңімпаз атаныпты. Осы сияқты халықаралық деңгейге аты шыққан ІТ-компаниялар көбейіп келеді.
«Биыл «Qostanai Hub Battle», «Qostanai Digital Awards» іс-шараларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнда жыл стартапы, жылдың үздік ІТ-экспортшысы, үздік ЖИ-шешім иелері анықталады. Республикалық, халықаралық алаңдарда бәсекеге түсіп, әлеуетімізді сынға салуды да жоспарлап отырмыз. Біз облысты цифрланған озық өңірге айналдыруға үлесімізді қоса бермекпіз», – дейді Дамир Мінайдаров.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ