Өңір басшысы цифрландыру және ЖИ бағытын дамыту жөнінде тапсырма берді

Өңір басшысы цифрландыру және ЖИ бағытын дамыту жөнінде тапсырма берді

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірді цифрландыру және жасанды интеллект шешімдерін енгізу жөнінде басқарма басшыларына және аудан-қала әкімдеріне тапсырма беріп, ІТ-қауымдастықты бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Биылдан қалмай, облыс экономикасы, бизнес саласы және өңір тұрғындары цифрландыру іс-шараларының нақты нәтижесін көруге тиіс. Осы жөнінен жетекші өңірлер қатарынан табылуға күш-жігерді жұмылдыру керек. Бұл – облыс әкімі міндеттеп отырған тапсырма.

«Аппарат басшысы 1 ай мерзімі ішінде облыстың салалық басқармаларына цифрлық орынбасарлар (CDO) тағайындау қажет. Қостанай облысы осындай модельді жергілікті атқарушы органдар деңгейінде енгізіп отырған алғашқы өңірлердің бірі болуға тиіс. Цифрландыру мен жасанды интеллект көрсеткіштерін басқарма басшылары мен әкімдердің жеке KPI көрсеткіштеріне енгізу мүмкіндігін қарастырсын», – деді Құмар Ақсақалов.

Ол Ақпараттандыру басқармасына бір апталық мерзімде ІТ-стартаптарды дамытуға, жастар бастамаларын, білім беру және R&D жобаларын қолдауға бағытталған, жалпы аумағы кемінде 5 мың шаршы метр болатын ІТ-парк тұжырымдамасын енгізуді тапсырды. Сондай-ақ екі апталық мерзімде байланыс орталықтарынан, салалық ақпараттық жүйелерден және мемлекеттік деректер базаларынан ақпаратты шоғырландыратын, басқарушылық шешімдерді талдау мен қолдауға арналған ЖИ-ассистенттерді енгізуді көздейтін облыстық өңірлік ситуациялық орталықтың тұжырымдамасын әзірлеп, ұсынуды міндеттеді. Бұған қоса, А. Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетпен бірлесіп, бір айлық мерзімде Францияның Tomorrow School халықаралық жасанды интеллект мектебін ашу жұмыстарын аяқтауға пәрмен берді.blank

«Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ақпараттандыру басқармасымен бірлесіп, бір ай мерзімде деректерді өңдеу орталықтарын салу үшін инвесторларға қолайлы жағдайлар жасау мәселесін пысықталсын. Бұл технологиялық компанияларға Қостанай облысын дата-орталықтарды орналастыратын ең тартымды алаң ретінде қарастыруына мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.

blankӨңір басшысы барлық басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдеріне де бірқатар тапсырма беріп отыр. Соның ең негізгісі – апта ішінде Цифрландыру және жасанды интеллект жылына арналған іс-шаралар жоспарына ұсыныс әзірлеу. Бұл Ақпараттандыру басқармасына жүктеледі.

«Биылғы барлық іс-шара – цифрландыру аясында өткізілуге тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы. – Бір айлық мерзімде осыы жылға экономиканың нақты секторында, оның ішінде ауыл шаруашылығы, ТКШ, өнеркәсіп, көлік және энергетика салаларында ЖИ-дің озық, соның ішінде халықаралық технологияларын енгізу бойынша кемінде бес пилоттық жобаны айқындап, оларды маған бекітуге ұсыныңыздар. Аудан-қала әкімдеріне «ақылды» қалаларды дамыту стратегиясының іске асырылуын, белгіленген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етіп, аталған жұмысты жеке бақылауға алу тапсырылады».

blank  Мұның сыртында ол облыс әкімдігі өңір экономикасының салаларында цифрлық және ЖИ шешімдерін енгізу бойынша бизнес пен ІТ-компаниялардан ашық бастамалар қабылдайтынын жариялады. Оларды өңірдің цифрлық трансформациясының серіктестері болуға шақырды. «Бүгінгі ақылды шешімдер – ертеңгі тұрақты экономика» деп ой түйіндеді әкім. Осы тапсырмаларды іске асыру нәтижесі Цифрлық штабта қаралатын ескертті.

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ