Өңірімізде діни насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында Түркістан облысы дін істері басқармасына қарасты діни мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушы-теолог маманы, исламтанушы Ілияс Нағызхан арнайы іссапармен келді.
Сапар аясында бірқатар кездесулер өткізіп, тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы орайда біз маманмен жүздесіп, қоғамдағы қазіргі діни ахуал, жастардың дінге бет бұруы, түрлі ағымдар төңірегінде пікірін сұраған болатынбыз.
– Ілияс Саттарұлы, Тобыл-Торғай өңіріне қош келдіңіз! Қостанай облысына жасаған сапарыңыздың мақсаты туралы айтып өтсеңіз?
– Бұл бағыттағы жұмыстар тек жекелеген өңірлермен шектелмейді, республика көлемінде тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Қостанай облысына сапарымыздың басты мақсаты – деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытында еңбек етіп жүрген теологтар мен имамдардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу. Семинарлар барысында өзара пікір бөлісіп, кәсіби деңгейімізді жетілдіруге басымдық берудеміз.Негізінде бұл – тек дін мамандарының ғана міндеті емес. Қоғам болып жұмыла атқаратын маңызды жұмыс. Өйткені қазіргі таңда кейбір жастар діни білімнің таяздығынан жат ағымдардың жетегінде кетіп жатады. Мұндай жағдайда ең алдымен отбасының, яғни ата-ананың тәрбиесі шешуші рөл атқарады.Баланың дұрыс қалыптасуы – отбасыдан басталады. Ал ол қоғамға араласқан кезде мектеп, мұғалімдер, психологтар және дін мамандарының ықпалы күшейеді. Сондықтан бұл мәселе кешенді түрде, барлық сала өкілдерінің бірлескен іс-қимылын талап етеді.Біздің мақсат – біліктілікті арттыру арқылы деструктивті ағымдардың ықпалында жүрген азаматтарға дұрыс бағыт-бағдар беру, дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау. Бұл үшін терең білім мен жүйелі түсіндіру жұмыстары аса қажет.
– Бізге қазір не қауіп төндіреді?
– Қазіргі таңда нақты бір қауіп бар деп кесіп айту қиын, жалпы діни ахуал тұрақты. Дегенмен, деструктивті діни ағымдар шоғырланған жекелеген ортада белгілі бір мәселелер туындауы мүмкін. Бұдан 10-15 жыл бұрынғыдай ашық қақтығыстар мен түсініспеушіліктер қазір сирек кездеседі, керісінше олардың қоғамға бейімделу үрдісі байқалады.Алайда негізгі қауіп жастардың діни ақпаратты дұрыс саралай алмауында. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі түрлі діни мазмұндағы ақпараттар арасында ақ пен қараны ажырату оңай емес. Деструктивті ағым өкілдері өз идеологиясын ашық насихаттамай, керісінше «дұрыс жолды көрсетеміз», «діни сауатыңды арттырамыз» деген секілді алдап-арбау тәсілдерін қолданады.Осындай ықпалға көбіне жастар түседі. Себебі олар әлі толық қалыптаспаған, ақпаратты сыни тұрғыдан саралау дағдылары жетілмеген. Сонымен қатар, дінге бет бұрған жас буын ізгілікке, рухани тазалыққа ұмтылады. Ал жат ағымдар осы сенімді өз мақсаттарына пайдаланып кетеді.Негізінде, ислам діні мейірім мен адамгершілікке негізделген. Зорлық-зомбылық пен қатыгездікке шақыратын түсініктердің дінге қатысы жоқ. Сондықтан мұндай теріс көзқарастарға қарсы тұру үшін жүйелі түсіндіру жұмыстары қажет.Бұл ретте дәстүрлі бағыттағы, соның ішінде Ханафи мәзһабы негізіндегі ағартушылық жұмыстарды тұрақты жүргізу маңызды. Әсіресе жастар жаңа ортаға бейімделетін кезеңде олардың дұрыс бағыт алуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.Сондай-ақ деструктивті ағым ықпалына түскен адамды қайта оңалту оңай емес. Кейде теріс идеологияны қабылдаған азаматты дұрыс жолға қайтару үшін біршама жылдар қажет болады. Сондықтан жастар діни ақпаратты мешіт имамдарынан, білікті теолог мамандардан және ресми дереккөздерден алғаны жөн. Бұл олардың дұрыс діни танымының қалыптасуына берік негіз қалайды.
– Жастарды деструктивті діни ағымдардан қайтару ұзақ уақытты қажет етеді дедіңіз. Осындай жағдайлар тәжірибеңізде кездесті ме?
– Иә, мұндай жағдайлар тәжірибеде жиі кездеседі. Жалпы, адамды дұрыс жолға қайтару – ең алдымен Құдайдың қалауында, ал біз өз тарапымыздан барынша түсіндіру, оңалту жұмыстарын жүргіземіз.Мәселен, тәжірибемізде спорт саласында жетістікке жеткен, жасөспірім шағындағы азаматтың жат ағымның ықпалына түсіп, Сирияға кеткен жағдайы болды. Ол ата-анасына жарысқа кеттім деп айтып, шын мәнінде соғыс аймағына барған. Біраз уақыт сонда болып, жағдайды өз көзімен көргеннен кейін ғана бұрынғы сенімінің қате екенін түсінеді. Өйткені оған уәде етілген «әділ қоғам» мен шынайы жағдайдың арасы жер мен көктей еді.Кейін елге оралып, бізбен бірге оңалту жұмыстарынан өтті. Қазір біртіндеп қоғамға бейімделіп, дұрыс бағытқа бет бұрып келеді.Дегенмен, мұндай оқиғалар ойландырады. Себебі жастар көбіне шындықты кеш түсінеді. Кей жағдайда адам тек қиындыққа тап болғанда ғана өз қатесін ұғынады. Бұл – өкінішті жағдай. Өйткені әрбір жастың артында үміт артқан ата-анасы, отбасы бар. Егер олар теріс жолға түспегенде, қоғамға да, отбасына да көп пайдасын тигізер еді.Сондықтан ең бастысы, мұндай жағдайлардың алдын алу, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және олардың санасында сауатты діни түсінік қалыптастыру.
– «Əруаққа сыйынуға, оған дұға қылуға болмайды» деп ислам мен ата-дəстүрдің арасына сына қағушылар да бар. Бұған не айтасыз?
– Жәннәтке жетудің бір ғана жолы бар деп ойлау дұрыс емес. Қостанайда да адамдар әртүрлі жолмен Құдайдың разылығына жетуге ұмтылады. Ата-ананың разылығы, қоғамға пайдалы іс жасау – бұның бәрі Жәннәтке апаратын жолдың бір бөлігі. Мысалы, Пайғамбардың хадистерінде айтылғандай, егер сен қолыңдағы бір дәнді жерге егсең немесе қоғамға пайдалы іс жасасаң, бұл да сауап болып саналады.Кейде жастар кішігірім сенбіліктерге қатыспай, оны қызық көрмей қалады. Ал шын мәнінде, мұндай әрекеттер – өзіміздің қоршаған ортаға, қаламызға, қоғамға пайдалы іс. Шариғат тек мешітте құлшылық жасау емес, тазалықты сақтау, жаңашылдық жасау, қоғамға пайдалы бастамаларды қолдау сияқты әрекеттерді де дұрыс деп бағалайды.Деструктивті ағымдар дінді тар шеңбермен көрсетеді: намаз, ораза – дұрыс, ал жәннәтке жету немесе Құдайдың разылығын алу тек біз ұсынып отырған жолмен болады деп түсіндіреді. Мұндай түсіндіру тек белгілі бір, ыңғайлы деңгейде ғана жасалады. Діни білімі жоқ жас бала, тек сүре білетін немесе ақпаратты толық түсінбейтін жағдайда, «дін деген тек осы» деп ойлап қалуы мүмкін. Біздің міндетіміз – жастарға дәстүрлі исламның кең ауқымды жолдарын көрсету, олардың ойлау шеңберін кеңейту. Мысалы, Қостанайға жетудің тек бір ғана жолы бар деп түсінетіндерге біз бірнеше дәстүрлі жолдар бар екенін көрсетуіміз керек. Әйтпесе, ойлау шеңбері тар болып, кейін одан шығу қиынға соғады. Яғни, ислам мен дәстүрлі қазақи құндылықтар арасындағы үйлесімділікті көрсету арқылы жастарға тек құлшылыққа емес, қоғамға пайдалы әрекеттерге де бағыт беру маңызды. Бұл – олардың діни сауаттылығын арттыру және деструктивті ағымдардың ықпалынан қорғаудың негізгі жолы.
– Жалпы сізге көмек сұрап келетіндер көп па?
– Менен көмек сұрап келетіндер көп деп айту қиын, бірақ әлеуметтік желілер арқылы діни сұрақтармен жүгінетіндер бар. Бұл қазіргі кезде жастар мен қауым арасында діни сауатқа деген сұраныстың бар екенін көрсетеді.
– Жеке әлеуметтік парақшаңыз барма?
– Жеке парақшам жоқ. Дегенмен, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жасап жатырмыз. Түркістан облысының дін істері басқармасының теолог мамандарына тікелей жүгінуге болатын колл-орталығы бар. Сол арқылы жастар өз сұрақтарын қоя алады. Яғни, сұрақтар тікелей маған келмеуі мүмкін, бірақ орталық арқылы біз оларға жауап беріп, бағыт көрсетеміз.
– Жалпы жастардың арасында «ифтар» деген сөздер сәнге айналды. Жалпы біз осыған дейінде өзіміздің салт-дәстүріміз бар. Сол дәстүрімізді дінмен алып жүру керек деген мәселе қозғалып, жүр.Бұл туралы не айтасыз?
– Иә, рас, жастар араб тілінде сөздерді жиі қолданады. Мысалы, «ифтар» дегенді «ауыз ашу» деп айтсақ болады, «сухур» – таңғы ас, «сәресі» – қазақша баламалары бар. Араб тілінен енген сөздер біздің медреселерде, кітаптарымызда, дәптерлерімізде көп, бірақ біз оларды өзімізге бейімдеп алғанбыз. Орта Азия мемлекеттерінің ішінде ең көп араб сөздері өзбек, түрік тілінде болса, қазақ тілінде де жеткілікті.Негізгі мәселе – қазақ тілін қолдану. Біз тек орыс тілінен айырылу емес, араб тілінен де бөлінуіміз керек. Ана тілінде сөйлеу дегеніміз – дін мен ұлттық дәстүрді өз тілінде үйлестіру. Мысалы, жастар «ауыз ашу» деп қазақша айтуы керек, бірақ «ифтар» деп арабша қолданады. Бұл көбіне эмоционалды мақтаныштан туындайды: «Мен араб тілінде сөйлеймін» деген сезімнен туатын сияқты ғой. Шариғатта патриотизм бар. Пайғамбар Меккеден Мәдинәға кетіп бара жатқанда, туған халқы оны қуып шығарды, бірақ ол туған жерін ешқашан өшпенділікпен немесе жек көрумен тастамады. Сол сияқты, біз мұсылман болсақ та, тілімізді арабшаға аударып, өзіміздің ұлттық дәстүрімізден алыстамауымыз керек.Яғни, «ифтар», «сухур» сияқты сөздерді қолдану сауапқа кенелтпейді. Бұл – көбіне жастардың эмоциялық тұрғыда мақтануы. Шариғат тұрғысынан ол сауап іс болып саналмайды. Бізге маңыздысы – жүректегі иман, қоғамға пайдалы іс жасау, ұлттық дәстүр мен діни түсінікті үйлестіру.
– Өзіңіздің тәжірибеңіз бойынша, жастарға қандай ұлттық дәстүрлерді үйреткен дұрыс деп санайсыз?
– Біз бұл тақырыпты әрине талқылаймыз. Қазіргі жастар арасында (уа джазак)деген сөзді қолданады. Тікелей аударғанда «Құдай саған жақсылық берсін» немесе «жақсылығын нәсіп етсін» дегенді білдіреді. Қазақта адамдарға жақсылық тілейтін сөздер көп, оларды өз тілімізде де жеткізуге болады.Дегенмен, діни тұрғыдан қарасақ, кей жастар Құран Кәрімде айтылатын сөздердіқолдануды сәнге айналдырды. Бірақ Құран Кәрім мен намазды араб тілінде оқу міндетті. Құран Кәрім араб сөздерінің баламасын қолдану дұрыс емес деп ешкім айтқан жоқ.Мен «Нұр Мубарак» Египет ислам мәдениеті университетін және 2015–2017 жылдары «Әл-Азһар» университетін бітірдім. Египетте араб тілінде сөйлестік, бірақ Қазақстанға келгенде, балалар кезімізде ата-анамыз үйреткен «ауызашар» дәстүрін әлі сақтаймыз. «Ифтар» деген сөзді мүлдем қолданған жоқпын.Бұл мәселе тек діни мамандардың немесе теологтардың ісі емес. Отбасы, ата-әже мектебі арқылы беріледі. Мысалы, біз ата-әжемізбен бірге отырып, тәтті-тәпсегін, құрт-ірімшігімен ауыз ашатынбыз. Сол тәрбие өмір бойы есте қалады. Сондықтан қазіргі таңда «ифтар» деп айту маған ерсі көрінеді. Ал «ауыз ашар» немесе «сәресі» деген сөздер дәстүрлі әрі жеңілірек қабылданады.Жастарға өз тілімізді үйрету – біздің қолымызда. Солай бағыттасақ, ертең жемісін көреміз. Араб тілін үйренуге болады, бірақ қолданған кезде ұлттық кодымызды, мемлекеттік тілімізді білуіміз керек.Шариғатта өз тілінде сөйлеу құпталады. Бір ұлттың адамдары өз тілінде сөйлесе жеткілікті. Сондықтан біз жастарға осыны түсіндіреміз. Бір ұстазымыз: «Араб болғың келсе, Құдайға заказ бердің бе? Ақылды болсаң, араб болып тумадың ба? Сен қазақ болып тудың, қазақ болып өлесің» деген еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан – Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Аружан СЕРІК,
ҚӨУ студенті
