Қостанай облысында биыл көші-қон бағдарламасы аясында бөлінген квоталардың басым бөлігі игеріліп отыр. Жыл басталмай жатып-ақ Тобыл-Торғай өңіріне 199 қандас қоныс аударып үлгерді. Олардың басым бөлігі Өзбекстан мен Ресейден келген.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шешімімен 2026 жылы өңірге 200 қандас пен еңбек күші артық аймақтардан 485 қоныс аударушыны қабылдау жоспарланған.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 адамға артық көрсеткіш.
Жыл басында өткен кеңесте квота облыстың қала-аудандары арасында бөлініп, Рудный қаласына 111 қандасты қабылдау міндеті жүктелсе, қалған 89 орын өзге өңірлерге қарастырылған. Ал ішкі қоныс аудару бағдарламасы бойынша 485 адамды қабылдау көзделген.
Мамандардың айтуынша, бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әрбір отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көшу субсидиясы беріледі. Сонымен қатар бір жылға дейін тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін қаржылай көмек қарастырылған. Бұдан бөлек, жұмыс берушілерге 1 625 АЕК мөлшерінде субсидия төленеді.
Бағдарлама аясында қоныс аударушылар қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, тұрақты жұмысқа орналасуға немесе жеке ісін бастауға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін арнайы сертификаттар ұсынылады. Қалалық жерлерде баспана ипотека арқылы рәсімделсе, ауылдық жерлерде қолданыстағы тәртіп сақталады.
Жалпы, тәуелсіздік жылдарынан бері елімізге 1 миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына оралған. Бұл үрдіс өңірлердің демографиялық және экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп келеді.
Қамысты ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүзеге асуда. Биыл қандастарды қабылдау бойынша бөлінген 9 квотаның 8-і орындалған. Ал ішкі қоныс аудару бағдарламасы бойынша жоспарланған 3 отбасының орнына 4 отбасы, яғни 22 адам көшіп келген.
Биыл Қамысты ауылына қоныс аударып келгендердің бірі – Шырын Жұмаділ.

Ол бұған дейін Алматы қаласы мен Талдықорған қаласы қалаларында тұрған. Бүгінде Қамысты ауданында жаңа өмір бастап, тұрақты жұмысқа орналасты.
– Алматыда жұмыс істеп жүріп, Талдықорғанға келін болып түстім. Сол жерде медбике болып еңбек еттім. Кейін декреттік демалысқа шықтым. Қазір Қамысты аудандық ауруханасына жұмысқа орналастым. Отбасымызбен арнайы бағдарлама арқылы көшіп келдік. Жолдасыма да жұмыс табылды. Қызымды балабақшаға бердік. Жаңа ортаға тез үйренісіп кеттік, – дейді ол.
Шырынның айтуынша, Қамысты ауданын таңдауға достары кеңес берген. Бүгінде олар бұл шешімдеріне риза.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Аружан СЕРІК,
ҚӨУ студенті
