Қостанай қаласында көп пәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен төбесін жөндеу жүйелі түрде жалғасуда. Әсіресе соңғы бес жылда тұрғын үй қорын жаңартуға және бірыңғай архитектуралық келбет қалыптастыруға ден қойылды.
Алдымен қаланың орталығындағы және ірі магистральдық көшелердің бірінші қатарында орналасқан ғимараттарға басымдық берілді. Аталған аумақтар көпшіліктің назарын аударып, сырттан келген меймандардың көзіне бірден түседі. Мысалға, Әл-Фараби даңғылының бойындағы 29 көп пәтерлі тұрғын үйдің 23-і жөнделіп, бесеуі 2026 жылдың жоспарына кірді. Әл-Фараби 92, 98, 100, 136, 138 үйлердің сырты биыл қапталып, жаңа кейіпке енеді деген сөз. Әл-Фараби 85 мекен жайындағы үйге күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіпті. Бұл жайында аппарат кеңесінде құлағдар болдық.

2019-2025 жылдар ішінде барлығы 181 үй жөнделген. Соның 77-не күрделі жөндеу, 104-не жеңіл-желпі қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Осы шаруаға 7,1 млрд теңге қаражат бөлінді.
«Қазіргі таңда 101 үй кепілдік мерзімде. Қостанай қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі 21 нысанды тексеріп, қорытындысында бірқатар ақаулар анықтады. Кемшіліктерді түзету үшін құжат мердігер ұйымға жолданды. Қалған сексен үйдің жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарының нәтижесін сараптау ісі жүріп жатыр», — деп мәлімдеді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Қуанышбай Аманқұлов.
Биыл 1,2 млрд теңгеге 16 көп пәтерлі тұрғын үйдің қасбеті мен төбесін жаңарту жоспарда бар. Соның ішінде сегіз үй күрделі, тоғыз үй жеңіл-желпі жөндеуден өтпек. Күрделі жөндеу жұмыстары үшін екі жылдық келісім-шарттар жасалыпты. Белгіленген сегіз нысанда: шатырды жаңарту, дренаж жүйесін жөндеу, қасбеттін ауыстыру, балкондарды шынымен қаптау, қабырғаларына сәулеттік жарықтандыруды орнату сияқты жұмыстар атқарылмақ. Күрделі жөндеу жүргізілуге тиісті ғимараттардың екеуінің төбесін жаңалауға мердігер 20 сәуірде кірісті. Қалған нысандардағы жұмыс 1 мамырда басталды. Үйлердің қасбетін жеңіл-желпі жөндеуге де екі жылдық келісім-шарт жасалған. Бұл бағыттағы нысандарға: қасбетін заманауи үлгіге сәйкес сылау, сәнді элементтермен қаптау, көше жақтағы балкондарын шынылау және сәулеттік жарықтандыру орнату жұмыстары жүргізіледі. Қазір мердігерлер үш нысанның сырт келбетін жаңалауға кірісті. «Биыл 16 көп пәтерлі тұрғын үйдің шатыры мен қасбетін жаңарту үшін қосымша қаражат қажет. Біз облысқа бюджеттік өтінім тапсырдық. Егер сұраныс қолдау тапса жөндеу жоспарын биыл толық аяқтаймыз»,-деп толықтырды бөлім басшысы.

Қаланың келбетін көркейтуге кәсіпкерлер де үлес қосуы тиіс. Сондықтан бизнес нысандардың кіре берістерін бекітілген бірыңғай сәулет үлгісіне сәйкестендіру талабы қойылып отыр. Бұл бағыттағы жұмысты қадағалау үшін сәулет және кәсіпкерлік бөлімін бірлесе әрекет етуге шақырды. Шаһар басшысы Марат Жүндібаев жөнделген үйлердің маңайындағы коммерциялық нысандардың сыртын қалыпқа келтіруді тапсырды.
«Кіре берістері, маңдайша белгілері, жарықтандыру – бәрі бірегейлік үлгісін сақтауы тиіс. Маңайындағы үйлердің сырт келбетіне сәйкес сәнді болғаны жөн. Бұл қала үшін де, тұрғындар үшін де маңызды», — деп атап өтті қала әкімі.
Аппарат кеңесінде тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Қуанышбай Аманқұлов «ЖКХ ремонт» ЖШС-ның жұмысына тоқталды. Серіктестік «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес көп пәтерлі үйлерге күрделі жөндеу жүргізуді іске асырады. 2013 жылдан бері дәл осы ЖШС арқылы қаладағы 67 үйге құны 1 315,3 млн теңгеге жөндеу жасалды. 2024-2025 жылдар аралығында 20 жедел саты ауыстырылды. Биыл 8 шағын аудандағы №9 үйде төрт жедел сатыны жаңарту жоспарлануда. Сондай-ақ 3 үйдің шатырын ауыстырып, электр жабдықтарын жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті сараптамалық қорытынды шықты. Жоба құны 345 млн теңгеге бағаланған. Бір үйді жөндеу қайтарылған қаражат есебінен жүзеге аспақ. Қалған екі үйдегі қалпына келтіру жұмыстарына қажетті қаражат бөлу үшін облыстық бюджетке өтінім жолданды.

«Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің едәуір бөлігі 1950-1960 жылдары пайдалануға берілген. Қазір күрделі жөндеуді аса қажет ететінін атап өткім келеді. Тұрғын үй қорын сақтап, шаһарға біртұтас сәулеттік келбет беру үшін жыл сайын жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізу талап етіледі. Жөндеудің арқасында тозған үйлердің екінші тынысы ашылып, тұрғындардың қауіпсіздігі де сақталады», — деді Қуанышбай Аманқұлов.
ҚЫМБАТ ДОСЖАНОВА
