АҢСАТҚАН АУЫЛ ТЕАТРЫ

АҢСАТҚАН АУЫЛ ТЕАТРЫ

Амангелдіде 1960 жылы ашылған алғашқы театрдың негізін қалаған әрі режиссері болған Мейрамхан Қапышевтың 90 жылдығына арналған «Торғайдың Жұмат Шанины» атты облыстық театр фестивалі өтті. Тарихқа тағзым етіп, ауыл театрына қолдау көрсетуге арналған іс-шараға Жангелдин, Амангелді, Әулиекөл аудандары мен Арқалық қаласынан келген он шақты ұжым қатысты.

 

Қапышев қалдырған із

Өнер байқауына Мейрамхан Қапышевтың ұрпақтары демеуші болғанын айта кету керек. Іс-шара барысында мәдениет қайраткерінің қызы, белгілі журналист Ләззат Қапышева сахнада тебірене сөйлеп, әкесі еңсесін тіктеп кеткен халық театрының отын өшірмей бүгінге дейін жеткізген аудан басшыларына, ел-жұртқа ризашылық білдірді.

«Бүгінгі фестивальді ұйымдастырып жатқан туған жердің өнерпаз ұл-қыздарына алғыс айтқым келеді. Әкеміздің көзін көрген қаншама үлкен кісілерді көріп қуанып жатырмыз. 1960 жылдары осы халық театрының іргесін қалаған, елге, мәдениетке еңбек сіңірген Ділдәбек Қорғанбеков, Алтын Абылова, Кәки Ақанов, Мейрамхан Қапышев, Қазыбек Әбенов, Ғалымжан Ержанов сынды әкелеріміз енді қайтып келмейді. Бұл бүгінгі ауыл жастарына, өскелең ұрпаққа керек фестиваль. Әкеміз аудан орталығындағы шағын театрдың қатардағы режиссері ғана болып қойған жоқ, ол кісі осы өңірде үлкен бір мәдени орта, ауыл театрларының мектебін қалыптастырды. Ол кәсіби білімі жоқ қарапайым ауыл жастарынан үлкен актер, адал азамат тәрбиелеп шығаруға тырысты. Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев, Қостанай облыстық қазақ драма театрының актрисасы Шара Мүсілова, сахна ардагері Жұлдызай Жұмағұлова сынды өнер иелері де осы халық театрынан түлеп ұшты. Әкем талантты тани білетін адам еді. Мысалы, Амангелдіге жұмыс бабымен сонау Алматы облысының Ұйғыр ауданынан келген Қантай Мақажанованың бойындағы өнер ұшқынын байқап, театрға қабылдаған да менің әкем еді. Кейін Қантай Мақажанова апамыз сол театрдың режиссері болып, ұстазының жолын жалғастырды», – деді Ләззат Қапышева.

Жиында саналы ғұмырын өңір мәдениетінің дамуына арнаған Мейрамхан Қапышұлы хақында, халық театрының тарихы жайында тағылымды әңгіме өрбіді. Ғабит Мүсіреповтің «Ақан Сері – Ақтоқты», «Амангелді», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», Қанабек Бәйсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», Сәкен Жүнісовтың «Ажар мен ажал», Қалтай Мұхаммеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Балдыздар мен бажалар», Қапан Сатыбалдиннің «Махаббат машақаты», «Қабаған ит», Мұхаметқали Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар» атты драмалық шығармаларын сахналаған аудандық театрдың айналасындағы азаматтар жайында сағынышқа толы естеліктер айтылды.

blank

«Мәдениеті мен өнері өскен жұрт қана дамыған елдің қатарына қосылады. Бүгінде біздің қоғам аңсары материалдық құндылықтарға қарай ауып бара жатқан сияқты. Бірақ ішкен-жеген ұмытылады, киген-мінген тозады, дүние жоғалады. Ал халықты алға оздыратын ғылым, білім, мәдениет деген игіліктер ешқашан жоғалмайды. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Соғыстан кейін, әсіресе, алпысыншы жылдары тұрмыс жақсара бастағанын білесіздер. Сол жылдары осы өңірге алғаш рет электр желісі, су құбыры келді. Бірнеше кеңшар ашылып, ауданның ауыл шаруашылығы мен мәдениеті өркендеп дами бастады. Сол кезеңде 22 жастағы жас жігіт Мейрамхан Қапышев газет жұмысына шақырылған екен. Мейрамхан аға екі жылдан кейін Амангелді ауданында үлкен театр құрды. Арнайы білім-тәжірибесі жоқ адам 24 жасында осы театрға режиссер болып, жай ұсақ-түйек дүниені емес, қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің аса күрделі шығармасы, төрт перделі, бес актілі «Ақан Сері – Ақтоқты» драмасын сахнаға шығарды. Ол кезде қазір біздің орталықта тұрған Қали Әбенов атындағы мәдениет үйі де болған жоқ. Ауыл халқы кішкентай сахналарда сүйекті спектакльдерді, үлкен қойылымдарды тамашалады. 1961 жылы театр Алматыға барып өнер көрсетіп, халық театры деген атақ алды. Мейрамхан ағаның еңбегі облыс, республика көлемінде жоғары бағаланды. Саналы ғұмырында елге қызмет етіп, ұлт мәдениетін, ауыл театрын қалыптастырған мәдениет қайраткерлерін біз ешқашан ұмыт қалдырмауымыз керек», – деді аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлыбек Әлмағанбетов.

Іс-шараға Астанадан арнайы келген белгілі қаламгер Қауғабай Ораздың айтуынша, Мейрамхан Қапышев өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Амангелді халық театрының режиссері ретінде қазақтың бірқатар көрнекті қаламгерлерімен тығыз шығармашылық байланыста болған.

blank

«Оның бірі – Ғабит Мүсірепов еді. Екіншісі – мықты режиссер Асқар Тоқпанов. Ол кісі осы ауданда қойылған спектакльді көріп, Мейрамхан ағаны Алматыға шақыртты. Мекең театр жұмысымен жүріп белгілі ғалым Әбілфайыз Ыдырысовпен де етене араласты. Әбекең қуғын-сүргін науқанында нақақ түрмеге қамалып, атылып кеткен Мейрамхан ағаның әкесі Қапышқа қатысты құжат-деректерді іздестіруде біраз жұмыс атқарды. Одан кейін Мейрамхан Қапышев кеңшарда жұмыс істеп жүрген қарапайым еңбеккердің бойында бұғып жатқан өнер ұшқынын оятып, от қып лаулата білген шебер режиссер. Бірі зоотехник, бірі малшы, бірі механизатор болып жұмыс істеп жүрген адамдардың бойындағы қабілетті тани білді», – деді Қауғабай Ораз.

 

«Ақтоқтының зарлағанына апам шыдамай кетті»

Кезінде театрдың іргесін қаласқан ауыл өнерпаздарының көбі өмірден озып кетті. Көзі тірі қалғандарының өзі 90 жастың ар жақ, бер жағында. Мерейтойға Астанадан арнайы келген Алтын Абылова әжей «Ақан Сері – Ақтоқты» трагедиясының алғашқы қойылымында Ақтоқты болып ойнаған кейуана бүгінде 86 жаста.

Мектепті бітірген соң Иманов кеңшарында екі жылдай клуб меңгерушісі болып қызмет атқарған Алтын әжей сол жылдары ауыл клубында сахналанған Шахмет Құсайыновтың «Көктем желі» пьесасында Дәмелінің, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда» Баянның рөлінде ойнайды. Кейін Амангелдіге шақырту алады. Бұл қазіргі Жангелдин ауданы мен Амангелді ауданы халық театры атағы үшін жарысқа түсіп жатқан кез еді. Амангелді театры «Ақан Сері – Ақтоқтыны», Торғай театры «Абай» пьесасын алып шығады. Алтын Абылова Ақтоқтының рөлінде ойнайды. Қостанайда өткен байқауда Амангелді театры озып шығып, Алматыға жолдама алады. Аудандық театр Алматыдағы Жасөспірім көрермендер театрының сахнасында «Ақан Сері – Ақтоқтыны» қойып, халық театры атағын жеңіп алады.

«Бізді Серке Қожамқұлов ата қарсы алды. Маған киім, көйлек беріп, осыны киіп ойнағаның дұрыс деп ақыл-кеңесін айтты. Осы қойылымнан кейін бізге халық театры атағы берілді. Ол кезде халықтың театрға деген ықыласы ерекше еді ғой. Клубқа адам сыймай кететін. Жартысы түрегеліп тұратын. «Ақан Сері – Ақтоқтыны» алғаш рет Иманов кеңшарына апарып қойдық. Менің ауылым ғой. Бармаймын, ағайын-туыс, ата-анадан ұят болады деп едім, басшылар болмады. Пьесаны көруге шешем келді. Қойылымның соңында сүйген жары Ақанға қосыла алмай ағашқа байланған Ақтоқтының шашын жайып жіберіп, зарлайтын жері бар. Соған шыдамаған апам «Құдай-ай, мынаны қайдан көрдім, бұл жерге қайдан келдім. Оңбаған Алтын, қара басыңа көрінгір, не күн туды сонша зарлап» деп, туысқан үш қызды алдына салып, клубтан шығып кетті. Бұл да сахнадағы образымыздың шынайы шығып, жұртқа қатты әсер еткенінен болса керек. Ол кезде қазіргідей емес, қиын ғой. Көлік жоқ, күннің ыстық-суғына қарамастан, ашық жүк машинасының артына мініп аламыз да, шаң-тозаңның астында ауыл-ауылды аралап жүріп спектакль қоямыз», – дейді Алтын әжей.

 

blank

Өнердің биігіне құлаш сермеп…

Өнер қайраткерінің мерейтойына арналған байқауда ауыл театрларының аяқ алысы жаман емес екенін көрдік. Әр қойылымның айтары бар. Сахнаның безендірілуі де талғамға сай, жекелеген актерлер образ сомдау шеберлігімен көрермен көңіліне жол тауып, көпшілікті тәнті етті.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесін Әулиекөл ауданынан келген «Шабыт» театрының ұжымы жеңіп алды. Мейрамхан Қапышев атындағы арнайы жүлдені де осы театр олжалады. Бұл ұжым қойған «Тоқал алам» комедиясы көременнің де, қазылар алқасының да көңілінен шықты. Сахналық туындының режиссері әрі сценаришісі – ауыл театрын дамытуға көп үлес қосып жүрген Нұржамал Төкенқызы. Пьесада бір үйдің жалғыз ұлының қырыққа келгенше үйленбей жүріп алуы, алаңғасар ұлына налыған әке-шешенің жай-күйі тәрізді өзекті мәселе көтеріледі. Комедиялық драма көрерменін күлдіре отырып жылатады, көпке ой салады.

blank

Амангелді ауданының М.Қапышев атындағы халық театры І орын мен халық әртісі Әнуар Боранбаев есіміне тағайындалған жүлдені иеленді. Аталған ауданның «Дарын» балалар театры екінші орынға лайық деп танылып, Еренғайып Әбдіхалықов атындағы жүлдені алды. ІІІ орын, оған қосымша Ділдәбек Қорғанбек атындағы жүлде Жангелдин ауданынан келген «Мірдің оғы» әзіл-сықақ отауының еншісіне бұйырды. Арқалықтың «Абадан» әзіл-сықақ театрына Алтын Абылова атындағы арнайы жүлде табыс етілді.

Байқауға қатысқан өнер ұжымдарының ешқайсы құр қол қайтқан жоқ. Демеушілер театр мерекесі өткен аудандық мәдениет үйіне де шынайы алғыс білдіріп, тігін машинасын сыйға тартты.

Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ

Амангелді ауданы