Астана – жүрегімнің төріндесің

Астана – жүрегімнің төріндесің

6 шілде – Астананың туған күні. Бұл күн 2006 жылдан бері мерекеленіп келеді. Қанатын кеңге жайған елорда қазір үлкен орталыққа айналды. Бас қалаға табан тіреп, сонда тұрақтап қалған жерлестеріміз жетерлік. Көбінің айтатыны – арманының жетелеп апарғаны. «Теңізден тамшыдай» дегендей, біз сондағы жерлестеріміздің пікірін беріп отырмыз.

Бибігүл АҚҚОЖИНА,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты:


– Астана – мен үшін еліміздің жүрегі ғана емес, үлкен армандар мен үміттердің қаласы. Бұл қалаға 2003 жылы іссапармен алғаш келгенімде ерекше бір рухты сезіндім. Кең көшелері, заманауи ерекше сәулеті, және болашаққа ұмтылған тынысы бірден баурап алды.
Президентіміз «Астана – жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән беріп отыр. «Таза Қазақстан» жоба аясында тал егіп, айналамызды таза ұтау өмір салтымызға айналып келеді.
Қазір Астана күннен-күнге өсіп, жаңарып жатыр. Екі үш айда жаңа ғимараттар, тұрғын үй кешендері бой көтеріп таң қалдырады. Әрбір ғимаратынан ұлттық болмыс пен заманауи жаңашылдық қатар көрінеді. «Бәйтерек», «Ханшатыр», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Тәуелсіздік сарайы» сияқты нысандар – еліміздің тарихы мен рухын паш ететін орындар.
Елорда бүгінде тек әкімшілік немесе саяси орталық қана емес. Ол – халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралар өтетін үлкен дипломатиялық алаңға айналды. Мысалы, екі жылда мұнда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті, «Орталық Азия – Қытай», «Орталық Азия – Италия» саммиттері, Астана экономикалық форумы секілді ауқымды шаралар елордада ұйымдастырылып келеді. Парламент депутаттары Астанада өткен Түрік ПА, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының жұмысына белсенді қатысып, тәжірибе бөлістік. Қырқүйек айында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жоспарланып отыр. Бұл Астананың бейбіт диалог пен жаһандық келісім орнына айналғанын дәлелдейді.
Астананың халқы да ерекше – еліміздің әр өңірінен келген еңбекқор, іскер, болашаққа бағытталған азаматтар тұрады. Жастар да, аға буын да – әрқайсысы ел дамуына өз үлесін қосып жүр. Адамдар бір-біріне қолдау көрсетіп, ел мүддесі үшін қызмет етуге ұмтылады.
Қорытындылай айтқанда, Астана – бұл тек астана емес, ол – Тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің, болашаққа деген сеніміміздің символы. Барша жерлестерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің амандығын тілеймін.
Астана күні құтты болсын!

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:


– 2003 жылы желтоқсан айының соңына таман жұмыс бабымен көшіп келдік. Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан сарбазы» газетінде істейтін кезім еді. Елорда сол кезде енді ғана қалыптасып келе жатқан жаңа шаһар, крандар мен құрылыс алаңдарына толы кең жазирадай бос кеңістік еді. Соған қарамастан, біз бұл қаладан үміт күттік, жарқын болашақ көрдік. Содан бері, міне, 22 жыл зымырап өте шығыпты. Астана – тек тұратын жеріміз емес, тағдырымызға айналды.
Осы қалада отбасымыз толықты. Қыздарым Аяулым, Ұлжан, Гауһар дүниеге келді. Димаш деген баламның да кіндік қаны тамған мекені. Әрқайсысының жүрегінде бұл қалаға деген бала күннен берік махаббат қалыптасып келеді.
Астана менің шығармашылығыма да әсер етті. Бұрынғы әскери қызметіме байланысты әдеби ортадан жырақ жүретін едім. Ал мұнда келгелі қаламгерлер арасынан жақын достар таптым, рухани сұхбаттас орта қалыптасты.
Былтыр елу жасқа толып, шығармашылық кешімді дәл осы шаһарда атап өттім. Ол мен үшін үлкен белес болды. «Күзгі нота» атты тұңғыш жыр жинағым жарық көрді. Бұл – Астананың маған жасаған рухани сыйы дер едім.
Қазір де жүрек төріндегі сырлар мен сезімім қағаз бетіне төгіліп, өлеңге айналып жатыр. Қысқасы, шабытым шалқып, Астана жаңа өлеңдерді тудыруға, ақын ретінде ашылуыма себеп болды.
Қазақстан халқын алда келе жатқан Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ерлан ҚАЛМАҚОВ,
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры:


– Астананы көбіміз мүмкіндіктер қаласы деп жатамыз. Шынымен де солай. Білім, мәдениет, шығармашылық, кәсіпкерлік – қай саланы алып қарасаңыз да, дамуға, өсуге, ізденуге кең мүмкіндік бар. Елорданың инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандары, заманауи технологиялық шешімдері, мұның бәрі адамның әлеуетін толық ашуына қолайлы жағдай туғызады. Астанаға көшіп келуіміздің басты себептерінің бірі де осы. Қазір отбасымызбен осы қалада өмір сүріп жатқанына екінші жыл. Уақыт өте келе бұл қаланың өзіндік рухын, өмір сүру қарқынын, ерекше атмосферасын сезіне бастадық. Мұнда тек жұмыс емес, демалыс пен дамуға арналған кеңістік молынан қарастырылған. Қалада балаларды жан-жақты жетілдіретін орталықтар мен үйірмелер өте көп. Баланың қызығушылығына қарай бағыттап, еркін дамуына мүмкіндік жасау ата-ананың міндеті.
Демалыс күндері бала-шағамен бірге қаланың мәдени ошақтарына – театрларға, музейлерге, көрмелерге барамыз. Әртүрлі орынды тамашалап, өнер мен тарих әлеміне саяхат жасаймыз. Бұл – баланың таным көкжиегін кеңейтумен қатар, отбасы болып рухани байып, бірлесе өткізетін бағалы уақыт. Әсіресе, достармен бірге Ботаникалық бақта жүгіру біз үшін жақсы дәстүрге айналды. Табиғатпен үндесіп, таза ауада серуендеу – қала ішінде денсаулық пен сергектікті сақтаудың таптырмас тәсілі.
Астананың тағы бір артықшылығы – оның көпқырлы әлеуметтік-мәдени келбеті. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтар тоғысқан. Жаңа достар, жаңа орта, жаңа ойлау жүйесі. Бұл қалада түрлі салада еңбек етіп жүрген майталман мамандармен танысу, пікір алмасу, ортақ жобалар жасауға үлкен мүмкіндік бар. Басқаша айтқанда, өзім де іскерлік байланыс (networking) құруға болатын ортаға бейімделіп қалдым. Бұл, әсіресе, жастар мен дамуға ұмтылған мамандар үшін өте маңызды.
Қай жағынан алып қарасақ та, Астана – тек әкімшілік орталық емес, еліміздің интеллектуалдық, мәдени және азаматтық әлеуетін шоғырландырған қуатты орталық. Мұнда әртүрлі саладағы майталман мамандармен араласа отырып, өзіңді танытуға, бәсекеге қабілеттілігіңді арттыруға және біреуден жақсы дүниелерді үйренуге болады.
Қадірлі Тобыл-Торғай жұрты! Сіздерді Астана күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
журналист:


– Осыдан жеті жыл бұрын бас қаланың өміріне деген қызығушылығым арта түсті. Өзімді мегаполисте сынап көруге бел будым. Ел арасында Астанаға көшіп барған адамдардың көбі «Бір ғана сөмкеммен келгенмін» дегенді жиі айтады. Бұл сөздің жаны бар. Олай дейтін себебім, елордаға бір ғана чемоданын сүйреп барып, кейін үйлі-баранды болған адамның бірі менмін. 22 жасымда жаңа орта, жаңа жұмысқа тез сіңісіп кеттім. Еңселі ғимараттар мен алып компаниялардың арасында ағылған адам нөпірі мен қым-қуыт тіршілік қызық көрінгенгі соншалық, сол қарқынға қалай ілесіп кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Жатсыну да, жатырқау да бастан өтті. Үйреншікті жер, көзкөрген адамдар болмаған соң жалғызсырап та жүрдік. Табыстың аздығы тақымдап алғанда «Жайлы жерді тастап, қайдан ғана келдім?!» деп жабықтық та. Бірақ соның бәріне мойымай, қолдан келгенше алға ұмтылуға тырыстым. Меніңше, Астанада тәуекелге бара алатын, қиындықпен күресе білетін жандар ғана тұрақтап қалатын тәрізді. Кәсіби жетілу бойынша да осыны мысал етуге болады. Осы аралықта тағы бір байқағаным: мұндағы жұрт бір емес, бірнеше жұмыстың басын біріктіруге құмар. Мұны тіршіліктің қамы десе де болады. Иә, Астана әдемі қала. Көрікті жерлері де көп. Қыдырып, демалуға да ыңғайлы мекен. Бірақ осы қалада тұратын қарапайым халық сол мүмкіндіктердің бәрін бірдей пайдалана бермейді. Керісінше, алыстан келген ағайынын қыдыртқанда, туыс-туғанымен жүргенде ғана аталған игіліктің пайдасын сезініп жатады. Бұл да елордалықтардың қызмет пен жұмысқа шынайы берілгенін көрсетсе керек. Екінші жағынан алып қарағанда, тұрмыстың тауқыметін аңғартатын сияқты. Десе де ажары келіскен астанамыздың адам өмірін өзгертіп жіберерлік сиқыры да бар. Мен бұл қаланы еңбек ете білген адамға берекесін шаша салатын шаһар деп санаймын. Арман жетегіне еріп, Астанаға келген соң екінші тынысы ашылған азаматтарды білемін. Жастардың қаласы жас мамандарды шабыттандыра біледі. Жолын ашады, жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Сондықтан да үлкен қаланың өмірін көріп, сонда ғұмыр кешсем деп мақсат еткен әрбір жастың қиялына қанат бітіргім келеді. Егер де өзіңе өзің сенімді болсаң, Астанаға қарай асық! Жастық шақтың жарқын сәттерін Астананың аспаны астында өткізіп көр. Тауың шағылып, қанатың талса қашан да туған жер құшағын ашып қарсы алады. Алайда кез келген адам уақыты келгенде қарашаңырақтан алысқа ұзайды. Сондай шақта шабытты қаланы, шырайлы шаһарды таңдағанға не жетсін?! Сондықтан өзіңді мойындат, қолыңнаң не келетінін көрсет және бас қаланы бағындыр…
Аспанымыз ашық, Астанамыз өркендей берсін!

Әзірлеген – Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ