Ұлттық домбыра күніне орай еліміздің дәстүрлі өнер жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған «Ұлттық домбыра күні – ұлт болмысы» атты музыкалық — поэтикалық кеш арқалықтықтарға көтеріңкі көңіл — күй сыйлады.
Кештің демеушісі – белгілі кәсіпкер, мемлекет және қоғам қайраткері Марат Нәби.
Өнер кешінің шымылдығын аталған жобаның жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов сөз сөйлеп ашты.
«Бұл бір көптен көкейде жүрген ой еді. Алаш арыстары Ахмет пен Міржақыптай қасиетті тұлғаларды сыйлаған топырақта «Ұлттық домбыра» күнінің тойлануы көңілге сәуле түсіретініне сенімдімін», – деп атап өтті Дүйсен Қорабайұлы.
Кеш барысында болмысы бөлек өнеріміздің көшбасында тұрған Сүгір, Тәттімбет, Байжігіт, Иманжүсіп, Жиенбай, Нұртуған, Зілқара сынды ұлы күйшілер мен арқалы жыршы — жыраулардың, сал — серілердің туындыларын көрермен қауымға шертпе күйдің шебері, мәдениет саласының үздігі, мемлекеттік Р.Бағланова атындағы қазақ концерт үйінің солисі, күйші Қайрат Айтбаев, сыр сүлейлерінің бүгінгі жалғасы, кәсіби жыршы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрікпенқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаевтар әсерлі кеш сыйлап, салалы саусақтардан күй саулатып, күміс көмейден ән әуелетті.
Кешті талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Ұмтыл Зарыққан құйма құлақтың құрышын қандырып, көсем сөзбен ұлттық болмысымызды көкке өрлетіп, кестелі жырмен өрнектеп жүргізді.
Күйші және өнертанушы Қайрат Айтбаев күй өнерінің әліппесі іспетті «Құлабыз» кітабын Б.Байқадамов атындағы саз мектебінің басшысы Жақсыгүл Бөлтірікова мен қала әкімі Әмірхан Асановқа сыйға тартты.
Өнегелі өнер кешінде қала әкімі Әмірхан Асанов елордамыз Астанадан ат терлетіп келген қонақтарға жылы лебізін білдірді.
Салтанатты шақта өнер майталмандарына қала әкімінің «Алғыс хаты» мен «Ықылас гүлі» табыс етілді. Көрермен қауым тамырын тереңнен тартқан өрелі өнер нәрімен сусындап, асқан ризашылқпен тарқасты.
«Концерт өте тамаша өтті. Арнайы келіп, біздің көңілімізді көтеріп, ықылас жасап жатқан азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз. Ұлттық ән-күйімізді ту еткен ұл-қыздарымыз әрқашан өнердің биігінен көріне берсін деп тілейміз», – дейді қала тұрғыны, еңбек ардагері Кеңшілік Омаров.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы